Қазақтың бес облысын сақтап қалған тұлғаны білесіз бе?

9676
Adyrna.kz Telegram

Қазақ топырағында небір ұлы тұлғалар дүниеге келді. Солардың бірі де бірегейі – Жұмабек Тәшенов. Қайреткер Кеңестік кезеңде қазақ жерінің аумақтық тұтастығының сақталуына орасан зор үлес қосты.  Десе де, ұлтшыл азаматтың ерлігі көпшілікке беймәлім. Осы турасында «Адырна» тілшісі ұлтын шексіз сүйген тұлғаның өмір жолын назарларыңызға ұсынады.

Жұмабек Тәшенов кім?

Жұмабек Ахметұлы – мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымының кандидаты. Ол Қазақстанның Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Көкшетау, Ақмола секілді бес облысын Ресейге берілуден сақтап қалған.

1960 жылдары Н.С. Хрущев қазақ жерін бөлшектеу идеясын жүзеге асырғысы келеді. КОКП ОК бірінші хатшысы солтүстіктегі бес облысты - Ресейге, мақта егетін аудандарды - Өзбекстанға, Маңғыстау түбегін - Түркіменстанға беруді жоспарлап, Ақмолада кеңес өткізеді. Бұл жиында тың өлкесіне біріктірілген облыстарды Ресей жеріне ерікті түрде қосу мәселесі қозғалған болатын. Алайда Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы Тәшенов Хрущевтің жоспарына қарсы тұрады.

«Елімнің жерін таққа айырбастамаймын!»

«Менің ата-анам мен олардың әке-шешелері және біздің барлық ата-бабаларымыз осы жерде жерленген. Енді сіз сол жерді Ресейге бермекпісіз? Жолдастар, ойланыңыздар, қай қазақ бұнымен келіспек?! Мысалға мен бұл мәселенің қарастырылуына ғана емес, тіпті күн тәртібіне қойылуына мүлде қарсымын!»-дейді ол.

Бұған шамданып қалған Хрущев: «Қай жерді қай республиканың меншігіне беру - КСРО Жоғарғы Кеңесінің еркі. Саяси Бюроның келісіміне қарсы шығатын сен кімсің?»-деп жауап қайтара бергенде, Жұмабек атамыз: «Олай болса бұл КСРО  Конституциясына қарсы шыққандарыңыз. Ал онда әрбір республиканың аумағы оның бұлжымас меншігі делінген. Оны өзгертуге ешкімнің, ешбір органның құқығы жоқ. Егер Конституцияның бұл талабы бұзылатын болса, біздің халықаралық ұйымдардың араласуын сұрауға хақымыз бар», - деп басшыны  тойтарып тастайды. Осылайша Хрущев өз райынан қайтуға мәжбүр болады.

«Жүрегіңіз адамдікі емес, арыстандікі шығар..»

Тәшеновтың бұл сөздерін естіп, қатарлас отырған Д. Қонаев оның батылдығына таңғалғанын жасыра алмай, қонақ үйге келе жатып: «Сіздің жүрегіңіз, Жұмеке, адамдікі емес, арыстандікі шығар» деген екен. Бүгінде біз атамыздың осы ерлігінің арқасында ұлан-байтақ даланың мұрагері болып отырмыз.

Тотилатарлық жүйеге қарсы тұрған адамды Кеңес үкіметінің ұнатпайтыны айдан анық. Осы оқиғадан соң Жұмабек Ахметұлы төраға қызметінен босатылып, Шымкент облыстық атқару комитеті төрағасының қатардағы орынбасары қызметіне төмендетіледі. Ал 1975 жылы дербес зейнеткерлікке шығады. Алайда ол заң бойынша берілетін 500 сом зейнетақының тек 180 сомын ғана алады.

Республика басшылығында болған 6 жылда Тәшенов не істеді?

Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген экономист Ғарай Сағымбаев Ж.Тәшенев республика басшылығында болған 6 жылда Қазақстанның экономикасы мен мәдениеті қарыштап алға басқанын айтады. Профессордың айтуынша, сол жылдар аралығында елде электр энергиясы қуатын өндіру – 2 есе, мұнай қазу - 1,6 есе, көмір өндіру - 2 есе, цемент шығару – 15 есе, мақтадан мата тоқу – 5 есе, тоқыма сырт киім шығару – 3 есе, минералды тыңайтқыш өндіру – 2 есе, аяқ киім тігу – 4 есе, ет өндіру – 2 есе, қант өндіру – 1,5 есе, мал майын шығару – 1,4 есе, өсімдік майын шығару – 2 есе өскен. Егіс көлемі – 6 миллионнан 22 миллион гектарға, ірі қара мал саны – 5,5 миллион, қой мен ешкі – 28,5 миллион басқа дейін өсті. Халық шаруашылығында 125 мың жоғары білімді, 215 мың орта білімді мамандар қызмет етті. Бес жылда 690 мың пәтер салынып, 2,4 мың кәсіпорындар мен мекемелер іске қосылады. 6140 кітапхана, 5140 клуб, 4777 киноқондырғылар, 25 музей, 19 облыстық театрлар жұмыс істеп тұрды. Осылайша, халықтың тұрмыс-тіршілігі едәуір жақсарған.Айта кетейік, Жұмабек атамыздың ұсынысы бойынша «Абай жолы» романы Бүкілодақтық Лениндік сыйлығына ұсынылды.

«Ашқан да сен емес, жабатын да сен емес..»

Сондай-ақ, көрнекті тұлға 1958 жылы елімізге белгілі «Қазақ әдебиеті» газетінің жабылмауына себепкер болады. Ол Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті  бюросының отырысында қазақ газеттерін жауып, аударма басылымдарға айналдыру керек деген барлық жанға қарсы шығады. Сол кезде тіпті «Социалистік Қазақстанның» бас редакторы Қасым Шәріпов те басылымды «Казправданың» аудармасына айналдыруға қарсылық танытпайды. Оның бұл әрекетіне наразы болған Тәшенов журналистке: «Социалистік Қазақстанды» ашқан да сен емес, жабатын да сен емессің, не деп тұрсың өзің!»– деп дүрсе қояды. Үш сағатқа созылған бұл жиналыста Жұмабек Ахметұлы бірнеше рет сөз сөйлеп, қазақ газеттерін жабудың негізсіз екенін дәлелдеп шығады.

Кеңестік кезеңде Тәшенов сынды  елін сүйген батырлар болмаған жағдайда жеріміз ұстағанның қолында, тістегеннің тісінде кете барар еді. Қазақ елі қасық қаны тамғанша халқына адал қызмет еткен дара тұлғаны мәңгілік ардақтап өтеді деп сенеміз...

Диана АСАН,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер