"Jas Otan" жастар ұйымының төрағасы: Жанам деген жүрекке от береміз!

3060
Adyrna.kz Telegram

Жас Отан жастарының еңбекқорлығын көрер көз, естір құлақ мойындап жүр. Дегенмен кей азаматтар Жас Отанның жүйелі жұмысынан хабардар болып отырғанды құп көреді. Сондықтан портал тілшісі Jas Otan жастар ұйымының төрағасы Елнұр Бейсенбаевтан ұйымның ішкі ахуалы, алдағы жоспарлары туралы пікірлескен едік. Ендеше сүбелі әңгімемізден сусындай отырыңыз, оқырман!

 -"Jas Otan" жастардың мәселесін қаншалықты қаузап жатыр?

- Әрине, «Болам деген баланың бетінен қақпа, белін бу» деп бекер айтпаған ғой. Жанам деген жүрекке от беруге қашанда дайынбыз. Мәселен, «Z ұрпақтарының» азаматтық ұстанымдары, сапалы білім алуы, жұмыссыздық, баспана, бос уақыттарын тиімді пайдалану деген секілді түіткілді мәселелер бәздә алаңдатпай қоймайды. Осы аталған бағыттар бойынша біз ауқымды бағдарлама әзірлеу үстіндеміз. Ал осы күнге дейін түрлі шаралар, конкурстар, ойындар ұйымдастыру арқылы аталған мәселелерінің шешімін табуға ынта-шынтамызбен кіріскен едік. Дегенмен ауқымдырақ болсын деген ниетпен, жастар арасында сауалнама жүргізу арқылы әлеуметтік хал-ақуалын көтеруге ықпал етуге тиіс екенімізді ұқтық.

- Пандемия кезінде Жасотандықтардың да қарапайым халыққа тигізген үлесі зор болған шығар?

- 15 шілде күні жасотандықтардың бастамасымен «Дәрігерлерге мың алғыс» республикалық акциясы бастадық. Жалпы аталған акцияға ел бойынша 445 волонтер жұмылдырылды. Волонтерлардың барлығы бірнеше бағытта жұмыс атқарды: Біраз уақыт бойы өз отбасыларынан оқшаулауға мәжбүр болған 3 452 орта буын медицина қызметкерлеріне «Алғыс пакеттерін» табыстады. Аталған жиынтықтар дәрігерлердің ұсыныстары мен тілектері бойынша жиналған болатын. Атап айтқанда, пакеттерге имунитетті көтеру үшін бал, лимон, жент, үзіліс кезінде шәймен ішетін тәттілер, сонымен қатар қолғаптарды киюден пайда болған қолайсыздықтардың алдын алу үшін қол кремі, майлықтар және т.б. салынды.⠀COVID-19 науқастарымен тікелей байланыстағы дәрігерлердің иммунитетін көтеру үшін медициналық мекемелерге 465 литр қымыз және 150 литр шұбат жеткізілді. Бұдан басқа, 11,5 тонна ауыз суы және 3 «Бобров» аппараты ұсынылды. Түркістан облысында «SHIPA» және «O2MIR» жобалары іске қосылды. «O2MIR» жобасы аясында елімізде тапшы болып отырған оттегі аппараттары шетелдерден өңірдегі емханаларға жеткізілді. Ал «SHIPA» жобасы арқылы орта деңгейдегі дәрі-дәрмектер қорапшалары дайындалып, 300 аз қамтылған отбасыға үлестірілді. Сондай-ақ, барлық өңірлерде қоғамдық орындарда азаматтық жауапкершілікті арттыру мақсатында тұрғындарға маска таратылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Жоғарыда көрсетілген бағыттар бойынша жұмыс әлі де жүргізілетін болады.

- Тамаша! Бүгінгі жастардың бойында рухани жігер, күш-қайрат деген жетіп артылады. Дегенмен оларды да қозғаушы күш керек. Жастарды қалай мотивациялайсыздар?

- Әрине, жас тұрмақ үлкен кісілерге өмір сүруге стимул, мотивация керек-ақ. Сондықтан оларға Абай айтқан үш арсыздан сақтану керектігін барынша түсіндіріп бағамыз. Семинар-сабақатысуға мүмкіндік жасаймыз. Сонымен қатар, Жас Отанда болып, волонтер ретінде ерікті еңбекке араласып, қолдан келгенше көмек көрсетіп, ақылы мен жанын, жүрегін жұмысқа арнаған жастарға мотивация ретінде сый-сияпаттар да береміз. Жастардың ортасы қашанда қызық думанға толы ғой. Олар да өздерінің ортасын жоғалтып алғысы келмейді. 20 жылдық қалыптасу кезеңінен өткен жастар ұйымының берері мол екенін өздері жақсы түсінеді. ⠀

 

- Елімізде жұмыста да, оқу да жоқ NEET жастары баршылық. Оларға қандай көмек көрсетудесіздер?

- NEET жастарына арналған мемлекет тарапынан ұсынылған жобалардың басым бөлігіне қатысудамыз. Дискустық алаңдар, спорттық шаралар, жиі өткізілетін жиындар бәрі-бәрі NEET жастарына арналған. Жұмыссыздықты түбегейлі жоюға бір ғана Жас Отанның ғана емес, өзге де мемлекеттік органдар үлес қосуы керек. Шын мәнінде жұмыс жоқ емес, бар. Тек іздену керек, еңбек ету керек, жүректе қажыр-қайрат болу керек. «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық–аздырар адам баласын» деп дәл айтылған. Тіпті жастардың жұмыссыздық мәселесін шешу үшін «Кеңес» орталықтары да ашылған. Кеңес орталықтары жастардың жанына қажеттің бәріне кеңес беріп, жаңа бағдарламаларға қатысуға нұсқау береді. Бүгінгі жастардың басты мәселесі баспана мен жұмысқа келіп тірелетіні ақиқат. Баспана мәселесін «Жас отбасы» бағдарламасы арқылы шешуге барымызды салудамыз. Яғни жеңілдетілген несие арқылы баспанаға бағыт бермекпіз. Одан бөлек 17 жатақханаға мониторинг жүргізіп, партиялық сайлаудың күн тәртібіне енгіздік. Сол жерде жатақхана мәселесі барынша қаралады.

- Жас Отан десе ойымызға сөзсіз Нұр Отан оралады. Сондықтан болар халық "Жас Отанның" атқарып жатқан жұмыстарынан хабарсыз. "Жас Отанның" болашаққа қандай жоспарлары бар? Қандай шаралар ұйымдастырмақ ойларыңыз бар?

- 20 жылдық тарихы бар Жас Отан бүгінгі таңда орныққан жастар ұйымының ең негізігісі болып табылады. Себебі мұндағы жастар–елім деген, ертеңін ойлайтын, халқы үшін қызмет ететін ұлтшіл жастар. Бүгінгі таңда 2025 жылға дейінгі «Жастар-Отанға!» бағдарламасы әзірлену үстінде. Ол бағдарламаның ерекшелігі сол – жастарды жан-жақты қолдайтын болады. Сондай-ақ, «Jas Otan» Жастар қанатының «Ардагерлерді ардақтайық», «Еріктілер мектебі», «Кеңес орталығы» сынды және т.б.  жобалары жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Ол, ол ма? Еңбек нарығының қажеттіліктеріне сәйкес жастарды кәсіптік даярлау, жастардың елдің саяси өміріне араласуы, жастар кәсіпкерлігін дамыту, тұлғалық даму мектептерінің де жұмысын жандардыру күн тәртібіне қойылған алғашқы мәселелердің бірі.

-Сіздіңше, нағыз Жасотандық деген кім?!

  • Нағыз Жасотандық–табандылығымен ерекшеленетін жан.
  • Нағыз Жасотандық–жалынды сөз бен жасампаз істің иегері.
  • Нағыз Жасотандық– тың бастамалардың көшбасшысы.
  • Нағыз Жасотандық–шынайы отансүйгіштік пен жанқиярлық еңбектің үлгісі. Және Отанын шексіз сүйетін патриот азамат.

 

 

 

 

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер