«Жас маман» жобасы сұранысқа сай мамандарды даярлауға үлкен мүмкіндіктер береді

2714
Adyrna.kz Telegram

Ақтөбе облысында 5 колледж биыл "Жас маман" жобасы аясында материалдық-техникалық базасын жаңартуда.  Жобаның мақсаты республика бойынша 180 колледжді және 20 жоғары оқу орнын 100 аса талап етілетін мамандықтар бойынша жаңғырту және білікті мамандарды даярлаудың халықаралық тәжірибесін енгізу болып табылады. Өткен жылы республикадағы 80 колледж осы жобаға таңдалынып алынды. Ал Ақтөбе облысынан түрлі қойылған талаптарға сай келетін  9 колледжге таңдау түсті.

Жоба аясында  5 колледж 2020 жылы, 4 колледж  2021 жылы жабдықталатын болады.  Республикалық бюджеттен биылғы жылы 1,4 млрд. теңге қарас­тырылды. Бұл оқу зертханалары мен шеберханаларын заманауи құрылғылармен жабдықтау, кабинет­терді құрал-жабдықтармен қамта­масыз етуге, лобараторияларды жаңартуға жұмсалады. Осы сала­да білім алатын студенттердің прак­тикалық жұмысқа ден қоюына басымдық беріледі.

«Жас маман»  жобасы - оқу орындары үшін материалдық базаны кеңейтуге және жақсартуға тамаша мүмкіндік. Болашақта бұл инвестиция облыс экономикасы үшін қажетті білікті кадрлардың даярланып шығуына мүмкіндік береді. «Жас маман» жобасының артық¬шылығы – ең қажетті маман¬дықтарға басымдық берілуі. Яғни қазіргі сұраныстағы мамандықтарды сапалы етіп шығаруға күш жұмсалатын болады деп күтілуде. Сонымен қатар, бәсекеге қабілетті маман даярлау бойынша оқыту жоспары жандандырып, өзгерту мен толықтырулар енгізіледі.

Бүгінгі күні жоба шеңберінде өңірде сұранысқа ие                           24 мамандық бойынша оқыту үшін жабдықтар сатып алынады, олар: техникалық мамандықтар және қызмет көрсету саласы бойынша.

Колледждерді жабдықтауға арналған құрылғылардың тізімі колледждердің ұсыныстарына, жұмыс берушілердің талаптары мен WorldSkills стандарттарына сәйкес жасалды.

Мысалы,  Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технология колледжі жобаға 4 мамандық 4 біліктілік бойынша қатысуда.

Аталған колледж мехатроника, робототехника, логистикалық контроллерлерді бағдарламалау, электротехника бойынша заман талабына сай оқу кабинеті, жаңа үлгідегі моноблоктар, мобильді ультрақысқа фокустық проекторлар,  вагон шаруашылығы мамандығы бойынша 12 орындық интерактивті сынып,  байланыс жүйесінің жаңа үлгідегі құрылғылары, қозғалтқыштың макеттік көрінісі, электрленген жаңа үлгідегі стендтер, тәжірибе жұмыстарына арналған станоктармен жабдықталды. Сондай-ақ  темір жолдағы ақауларды анықтайтын құрылғылар, темір жолдағы автоматтандырылған жұмыс түрінің жаңа құрылғысы алынды. Заман талабына сай, өндірісте қолданылып жүрген бұл құрал-жабдықтармен жұмыс жасай алуы үшін колледж оқытушыларының біліктілігі де жетілдірілетін болады.

«Жас маман» жобасын іске асыру жаңаша оқытудың  жеке моделін қалыптастырып, өнеркәсіпте сұранысқа ие халықаралық деңгейдегі білікті мамандарды даярлауға жол ашты.

Қазіргі таңда  оқу орындарында жабдықтарды орнатуға дайындау бойынша барлық қажетті жұмыстар жүргізілуде. Осылайша, Хромтау тау-кен, Ақтөбе жоғары политехникалық, құрылыс және бизнес  колледждерінде  жоспарланған жұмыстардың бір бөлігі аяқталу сатысында. Жабдықтарды  жеткізуді Ақтөбе автожол, көлік-коммуникация және жаңа технологиялар колледждері күтуде.

Колледждерде кадрларды даярлаудың халықаралық стандарттарын енгізу үшін шетелдік серіктестер тартылатын болады. Шетелдік серіктеспен бірлесіп кадрларды даярлау бағдарламаларын жаңарту, оқытушылардың біліктілігін арттыру және оқу орны мен менеджмент процестерін жетілдіру бойынша жұмыс ұйымдастырылған.

«Жас маман» жобасы колледждің оқу-өндірістік базасын жаңартып қана қоймай, құзыреттілік орталығын құруға да мүмкіндік бермек.

Пікірлер