Саясат – қоғам, мемлекет жəне əрбір азаматтың тіршілігінің негізі. Ол біздің өмірімізбен тығыз байланысты. Тәуелсіздік жылдарындағы көрнекті саяси қайраткерлер қандай жұмыстарды атқарды? Қоғам саяси өзгерістерге дайын ба? «Адырна» ұлттық порталы осы және өзге де сұрақтарға жауап алу мақсатында
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ректорының кеңесшісі, «Саясаттану»кафедрасының меңгерушісі, Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі Индира Рыстинамен әңгімелесті.
–Ресми түрде аталып, құрылып жатпаса да,тәуелсіз қазақ елінің саяси мектебі қалыптасты дей аламыз ба?
–Кез келген ғылымның қалыптасуы кезең-кезеңмен жүреді. Бірінші кезеңде саясат ғылымымен ең алғаш болып философтар мен тарихшылар айналысты. Екінші кезеңде саяси ғылыми ұжымдар мен мектептер қалыптасқан еді. Республикада ғылыми ұжымдар, орталықтар, белгілі бір пәндік салада мамандандырылған институттар құрылды. Тәуелсіз Қазақстанда саяси мектеп қалыптасты ма деген сұрақ туындаса, бұл процессті әлі толыққанды аяқталды деп атай алмаймыз.
Біріншіден, саясаттану мектебін тәуелсіз бағыт ретінде бөліп көрсету оның бірқатар ерекшеліктеріне мүмкіндік береді. Қазақстанда оны атап өту қиын. Себебі қазіргі күні кешенді саяси білім меңгерген саясаттанушылар енді ғана саяси ғылымға өз үлестерін қосып келеді. Бұл саланың фундаменталды ғылымға айналуы үшін әлі де біршама уақыт керектігін көрсетіп отыр.
Екіншіден, кез келген саяси мектепте өзінің әдіснамасы болуы қажет, ал саясаттануды саяси әдіснамасы әлі бастапқы деңгейде, әсіресе пәннің теориялық негізін қалайтын қазақ тілді оқулықтардың аз болуы, отандық авторлардың аздығы да бұл мәселені күшейтіп отыр.
Үшіншіден, қазақстандық саясаттанушылар өзіндік зерттеу саласын құра отырып, шәкірттерді дайындау қажет.
–90-жылдары қазақстандық саясаткерлердің алдында қандай мақсат тұрды?
Мемлекеттердің әр кезеңдегі стратегиялық мақсаттары, міндеттері мен қызмет салалары әр түрлі болып келеді. Алайда олардың арасында әрқашан басты болып қалатындар бар, оладың бірден бірі – еркіндік пен тәуелсіздік. 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданғаннан бастап, біздің ел әлемдік қауымдастық алдында егеменді жас мемлекет ретінде пайда болып, өз халқының болашағы үшін жауапкершіліктің ауыр жүгін арқалады. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен оның басшылығындағы командаға Қазақ КСР-інің жан-жақты дағдарысы және Кеңес Одағының күйреуі жағдайында мемлекеттілік құрылысын бастау туралы тарихи миссия жүктелді. 1991 жылы Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алуына байланысты КСРО-ның құрамынан шығу мемлекеттің түбегейлі қайта құрылуына алып келді. Қоғамның демократиялық стандарттарға сай трансформациялануы үшін мелекеттің алдында бірнеше маңызды мақсаттар тұрды:
1)Саяси жүйені модернизациялау үшін қоғамның барлық саласын трансформациялау. Яғни, мемлекеттің заңын, экономикасын, қоғамдық-әлеуметтік салаларын басқару мен реттеу үшін билік жүйесін демократиялық саяси режимге сәйкес құру;
2) Билік құрылымдарын, сот билігін тежемелік, тепе-теңдік принципіне сәйкес құру, оның қызметі механизмдерін жасау;
3)Халықтың санасы мен саяси мәдениетін қалыптастыру мақсатында плюрализм мен еркін БАҚ қызметіне жол ашу;
4)Қоғамның саяси құрылысы мен даму бағытын ондағы мәселелер мен перспективаларын зерттейтін, негізін салатын саяси ғылымды қалыптастыру мен дамыту;
5)Өкілді билік институттарын қалыптастыратын сайлау институтын демократиялық талаптарға сай қалыптастыру, халықтың билікті қалыптастырушы, биліктің иесі екенін түсіндіретін сайлау жүйесін жетілдіру, ҚР Сайлау туралы Заң қабылдау;
6)Халықаралық қатынаста тәуелсіз мелекет ретінде өзінің орнын анықтау;
7)Мемлекеттік даму перспективасын экономикалық басымдыққа қою арқылы елдің әлеуметтік жағдайын реттеу, көтеру арқылы экономикалық өсім;
8)Жеке меншік, экономикалық нарықтағы бәсекелестікті дамыту арқылы шағын кәсіпті дамыту, орта тапты қалыптастыру т.б.
–Егемен Қазақстан небір тарихи оқиғаларды басынан өткерді. Осы уақыт аралығында біз қай тұстан ұттық, қай жерден ұтылдық?
–Біздің ең басты жетістігіміз — ата-бабамыздың ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздігін алуымыз. Халықаралық деңгейде мемлекеттік шекара бекітілді, билік жүйесін, қоғамдық қатынастарды демократиялық стандарттарға сай реттейтін Конституция қабылданды. Қарулы күштері, құқық қорғау жүйесі бар ел ретінде халықаралық ұйымдарға мүше бола отырып, бейбітсүйгіш бағытта әлемдік орнын анықтады. Осы мақсатта Қазақстан ядролық қарудан бас тартып, ядроға қарсы қозғалыстың көшбасшыларының бірі бола білді.
1997 жылы 20 қазанда Қазақстанның жаңа астанасы Ақмола қаласы болғаны ресми түрде жарияланып, еліміздің астанасы ауысты. Бұл Елбасының мықты ішкі геосаяси стратегиясы болды.
Экономикалық салада Қазақстанның әлем экономикасындағы бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына енуге талпынысын атап өтуге болады.
Қазақсатан этносаралық және конфессияаралық қатынастарды реттеу мақсатында бейбітшілік пен келісімнің айрықша моделін жасады.
Қазақстан Республикасы өкілді билікті қалыптастыру мен реттеу мақсатында сайлау жүйесін қалыптастырды. 1995 жылы ҚР Сайлау туралы Заңы қабылданды. Сайлау жүйесі бірнеше реформалар арқылы жетілдірілуде. Атап айтсақ, Праламенттің Мәжіліс палатасының пропорционалдық сайлау жүйесі бойынша сайлануы. Ол өз кезегінде еліміздегі партиялық жүйенің дамуына мүмкіндік береді. Яғни плюрализм, халық таңдауының еркіндігіне жол ашады.
Сонымен, еліміздің экономикалық дамуы саяси тұрақтылықтың негізінде екені егемен Қазақстан басынан өткерген тарихи оқиғалардан анықталды. Елдің дамуы үшін, халықтың саяси процестегі оқиғаларды, жағдайларды түсініп, мәдениетті түрде шешім қабылдап, саясатқа қатыса алатындай дәрежеге жеткені – еліміздің ең басты ұтқан тұсы. Қазіргі ақпараттың тым жылдам дамуы мен қолжетімділігі уақытында халықтың өз ойларын әртүрлі форматта еркін жеткізулері, құлақ асатын мемлекетке бет бұруымыз елдің еркін дамуына үлкен мүмкіндіктер беретіні сөзсіз.
Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері қай жерден ұтылды деген сұраққа келетін болсақ, мүлде кемшіліксіз даму болады деген қате пікір. Халқымызда «Тек әрекет еткен адам ғана қателеседі деген даналық бар. Осы уақытқа дейін ең басты ұтылған жеріміз, мемлекеттің кемшілігі — қазақ тілінің мемлекеттік тіл деңгейіне көтеріле алмай отырғаны. Бұған ең басты тежеу болып отырған қарапайым халық емес, билік құрылымдырының өздері болып отырғаны өкінішті.
Мемлекеттік билік тарапынан жүргізіліп жатқан жемқорлыққа қарсы күреске қарамастан әлі де жемқорлықтың орын алуда. Бұл мемлекеттің дамуын тежейтін ең басты, күрделі зиян құбылыс.
–Тәуелсіздік тұсындағы саясаткерлердің қандай әрекеттері бүгінгі жарқын күнге жол сілтеді?
—Тәуелсіздік жылдары Елбасының саясаты мен қоғамдық және саяси қайраткерлердің қолдауының арқасында Қазақстан экономикасы дамушы және демократиялық негіздері бар мемлекетке айналды. Қазақстан ядролық қауіпсіздік рейтингіндегі ең қауіпсіз елдердің қатарына кіреді. Бұған Тұңғыш Президенттің 1991 жылы 29 тамызда Семей ядролық полигонын жабу туралы жарлығы ықпал етті. 1949 жылдың 29 тамызында полигонда алғашқы сынақ өткізілді. 40 жылдан астам уақыт өткен соң дәл осы күні полигонды жабу туралы жарлық шықты. Осы уақыт ішінде 500 жарылыс жасалып, мыңдаған адамдардың денсаулығы мен өміріне зиян келтірілді. Қазақстанның бастамасымен БҰҰ 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялады. 1995 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Оның мақсаты - елдегі қоғамдық және саяси келісімді қамтамасыз ету. Ұйымдастыру идеясы алғаш рет 1992 жылы өткен Қазақстан халықтарының форумында жарияланды. Алдымен Ассамблея Президент жанындағы консультативтік-кеңесші орган болды, кейін ол қоғамдық-саяси мәртебесі бар конституциялық органға айналды. Ұйымның беделі халықаралық деңгейде мойындалады. Біздің елге келген БҰҰ Бас хатшысы Кофи Аннан Қазақстанды «басқа мемлекеттер үшін ұлтаралық келісімнің, тұрақты, тұрақты дамудың үлгісі» деп атады. Оның айтуынша, «Қазақстан халықтары Ассамблеясының қызметі арқасында үлкен ұлтты құрайтын әр түрлі, этникалық, мәдени, діни топтар олардың өміріне әсер ететін маңызды шешімдер қабылдау процесіне қатыса алады».
Қазақстанның басты жетістіктерінің бірі - Нұр-Сұлтан қаласының құрылысы. Аз уақыттың ішінде елдің ерекше белгісіне айналған заманауи қала пайда болды. 1999 жылы-ақ Қазақстанның астанасы бүкіл әлемге танылды. Қала ЮНЕСКО-ның Бейбітшілік қаласы сыйлығымен марапатталды. Бұл марапат ғаламшардағы қысқа уақыт ішінде әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени дамуда үлкен нәтижелерге қол жеткізген жаңа қалаларға беріледі. Тәуелсіздік кезеңінде Қазақстан 300 миллиард доллардан астам шетелдік инвестиция тартты. Ірі инвесторлар - Нидерланды, АҚШ, Швейцария, Франция, Ұлыбритания, Ресей, Италия, Жапония, Бельгия және Канада елдері.
–Дәл қазіргі саясатқа, саясаттанушыларға не жетіспейді?
–Еліміздегі саясаттанулық білім беру 90-шы жылдардың басында ғана жүйелі түрде жүргізіле бастады, сондықтан да фундаменталды саясаттанулық ғылыми мектептің қалыптасуы әлі де жүріп келеді. Кез келген жас ғылым сияқты, қалыптасудың қиын кезеңін басынан кешіріп отырған саясаттанудың алдында тұрған қиындықтар бар, бірақ қазақстандық саяси ғылымдар қоғамдастығы тәуелсіздік жылдарында батыс елдерін көшірмей, бүкіл әлемде қазақстандық жол деп аталатын, ел дамуының дербес жолын зерттей бастағанын атап өткен жөн. Сонымен қатар саясаттанушыларды дайындау кезінде келесі мәселелер сақталып отыр, олар:
1.елімізде саясаттанушыларды дайындайтын дербес факультеттің болмауы, ел бойынша саясаттанушыларды дайындау басқа мамандықтармен қоса жүргізіліп жатыр;
2.саясаттанушы мамандығының мектеп оқушылары мен олардың ата-анасының арасында аз танымалдылығы, оқуға түскен кезде осы білім беру бағдарламаларына деген сұранысты азайтады;
3. саясаттанушылардың көп профилді болып дайындалып, салалар бойынша маманданған саясаттанушылардың аз болуы.
–Ал біздің қоғам саяси өзгерістерге дайын ба?
–Жыл сайын жастармен жұмыс жасау барысында байқағаным біздің қоғам әлі өзгере қойған жоқ. Біріншіден, құлдық санадан әлі айырылып, керек десеңіз өмір сүру салтымызды да өзгерте алған жоқпыз, сол баяғы мақтаншақтық, өзгелер үшін өмір сүру, өзіңді төмен ұстау, жалтақтау сынды қасиеттерден арыла алмадық. Саяси, экономикалық жаңғыру да сананы өзгертуден басталады. Жалпы рухани жаңғыру дегенміз — қарапайым сөзбен айтқанда, прагматизмге көшіп, күнделікті өмір сүру салтын өзгерту. Ол дегеніміз – азаматтық белсенділік, жауапкершілік. Азаматтарымызда осындай дүниелер болмай, саяси өзгерістер жасау мүмкін емес. Қоғам өзгеріс жасау үшін саяси мәдениет пен саяси әлеуметтену деңгейі орташа болу керек.
«Адырна» ұлттық порталы