ШЫНҚУАТ БАЙЖАНОВ: Қытай коммунистеріне тықыр таяды ма?

3820
Adyrna.kz Telegram

Америка Құрама Штаттарының жаңа президенті болып Демократтар партиясының мүшесі Джо Байден сайланды. Ол көзбояушылықпен «сайлау өткізіліп» тағайындалған жоқ, оны Американың 200 миллионнан астам әр түрлі этностардан ғана емес, әр түрлі нәсілдерден құралған, әр түрлі діндерге сиынатын халқы қызу тартыста сайлады. Бұл жеңіс Джо Байденнің немесе демократтардың ғана жеңісі емес, бұл бостандық сүйгіш Америка халқының ұлы жеңісі!

Менің досым Серікжан Бияш Дональд Трампқа жанкүйер болды, себебі ол Қытай халық Республикасының Шығыс Түркістандағы геноцидтік саясатына қарсы президент болды, осы бағытта көп жұмыстар атқарды, тіпті заң қабылдатып үлгерді. Әрине мен де, көптеген қазақтар, ұйғырлар, қырғыздар тек осы мақсатта Д. Трамптың жеңісін тіледік, бірақ сайлайтын біз емес, Америкалықтар, ал олар өз таңдауын жасады.

Не себеппен Д. Трамп жеңіліске ұшырады? Оған қытай коммунистерінің қандай ықпалы болды?

Ешқандай! Себебі Д. Трамптың іс-әрекеті Америка халықтарының ой-ниетімен сабақтасып жатыр, ол американдықтар басқаша ойласа ҚХР коммунистік билігіне ашық қарсы шықпас еді.

Жеңіске жеткен Джо Байден де Д. Трамптың Қытай коммунистерінің қанқұйлы саясатына қарсы бастап кеткен жұмысын жалғастыра береді, себебі ол Америка халқының талабы, демократиялық жолмен сайланған президент өз халқының ойымен сабақтас қимыл жасайды.

Сондықтан қазақтардың, оның ішінде менің досым Серікжанның Д. Байден қытай билігіне қарсы келмейді, оның Шығыс Түркістандағы геноцидтік саясатына көз жұмып қарайды деген қорқынышы бекер. Тіпті демократиялық партияның мүшесі ретінде Джо Байден қытай коммунистерінің адамзатқа қарсы жасап жатқан геноцидтік саясатын бұрынғыдан да қатты сынға алады.

Сонымен әділ сайлауда Д. Трамп не үшін жеңілді? Оның бірден-бір себебін Америка халқының мінезінен іздеу керек. Америка халқы тек ақ нәсілділерден ғана тұрмайды, қара, сары түстілер ел халқының жартысын құрайды. АҚШ-та әсіресе мексикалықтар, оңтүстік Америка құрлығынан келген сары түстілер көп.

Д. Трамп мінезінің тікелігінен халықтың осы бөлігінің наразылығын туғызды, мысалы ашықтан ашық сарыларды елге кіргізбеймін деп, Мексикамен шекараға қорған сала бастады. Оның билігі кезінде нәсілшілдік саясаттың өтеуі ретінде ақ нәсілділер қара нәсілділерге артықтау берген құқықтар шектеле бастады, бұл заңды әрекет қара нәсілділердің ашу-ызасын туғызды.

Америка халқы 1775/1783 жылдардағы Тәуелсіздік үшін күрестің нәтижесінде пайда болған бостандық сүйгіш жауынгер халық. Кейін бұл халыққа кілең еркін ойлы, тентек мінезді, ақылды, бостандық сүйгіш азаматтар барлық елден ағылып, Америка Құрама Штаттары халқы қалыптасқан. Тіпті 19 ғасырдың жартысына дейін кәрі құрлықтан да еркін ойлы азаматтар бұл елге келуін тоқтатпаған. 1920 жылдары бұған заңмен шектеу қойылса да, бұл елге бостандық сүйгіш озық ойлы адамдар қоныстануын тоқтатпады. Міне, Америка халқы дегеніміз кімдер?!

Ал Д. Трамп өзінің тіке мінезімен, яғни авторитарлық басқару тәсілімен осы бостандық сүйгіш халықтың көңіліне күмән салды.

Америка халқы ешқашан, ешқандай жағдайда өздеріне диктатор түгілі, ұрдажық адамның авторитарлық басқаруына жол бермейді! Міне Д.Трамптың жіберген қателігі, ол Америка халқымен өзінің бизнес мекемесі қызметкерлерін шатастырып алды. Батыр аңқау, ер күдік деген осы!

Айналайын қазағым! Біз де тарихы сан ғасырларға кеткен, бостандық сүйгіш көк бөрінің ұрпақтарымыз! Қазақ ұлты Өзбек хандығынан осы бостандық сүйгіш мінезіне бола бөлініп, жеке отау құрған, кейін бостандық сүйгіш арда қазақпыз деген көшпелі түріктер жан-жақтан қосылып Ұлы Қазақ Хандығын құрған! Әрине 200 жылдан астам уақыт Ресейдің боданы болу қазаққа көп қасірет алып келді, құлдық саналы қазақтар да пайда болды. Бірақ елу жылда ел жаңа, егемендік алғанымызға да 30 жыл толды. Енді бізге де ел тізгінін өз қолымызға алып қазақстандықтармен санасатын, халықты өз меншігім деп емес, өзімнің қожайыным деп қарайтын президент, депутаттар, әкімдер сайлап алатын күн туды!

Осы Америка халқының сайлауы біздерге жұғысты болсын!

«Азамат жүнжіме, жүрме бос.

Қол ұстас бірігіп тізе қос.»

Пікірлер