Бізде намыс жоқ па, әлде етіміз өліп кеткен бе?

3312
Adyrna.kz Telegram

Үй сатып алғың келсе «Крыша», көлік алғың келсе «Колесо», өзге ұсақ- түйек керек болса «OLX.kz» орыс тілді сайтын іздейміз. Қазақшасы қайда деп сұрамайтын да болдық. Неге? Өйткені қазақша танымал сайт жоқ. Неге жоқ? Өйткені өзіміз хабарландыруды орысша сайтқа береміз. Орысша сайттан іздейміз. Тіптен OLX-тің қазақша мобильдік қосымшасына емес, орысшасына көбірек сенім артамыз.

Әр қазақ өмірінде талай нәрсені хабарландыру арқылы сатып алғаны анық. Болмаса аталған сайттарға хабарландыру беріп талай нәрсе сатқан болар. Түзетуге талпындық па? Талпыныстар болған да шығар. Әр кезде, әр жерде қазақша жарнама беретін сайттар, газеттер шығып жатады. Бірақ жалпы жұрт пайдалатын аталған сайттар тәрізді танымалы жоқ. Яғни 30 жылдан бері бұл мәселеде біз бір қадам алға басқамыз жоқ. Ал жарнама тіліне келсек, ол одан да сорақы. Жарнамада қолданылатын терминдер қазақшаланбағандықтан негізінен орыс немесе шетел тілінде қолданыла береді. Сөйтіп жарнаманы ұсынушы мен оны пайдаланушының ұғымында өзге тілдегі терминдер жүздеп сіңісіп барады. Тіпті оның қазақшасын айтсаң күле қарайтын жағдайға жеттік. Бұл келеңсіздікті қолға алмасақ, біршама уақыттан соң «халық жаппай қолданып, санасына сіңіп кеткен сөздерді неге өзгертіп, балама іздеп жатсыңдар» деп өзімізге ренжуі әбден мүмкін.

Тіл комитеті осы орайда семинар өткізіп жарнама тілі және ондағы қолданылатын терминдерді қалыптастыру мәселелерін ғалымдар мен құзырлы органдар талқылауына салды.

Кез келген жарнама хабарламалық, болмаса назар аудартушылық сипатымен ерекшеленеді, яғни, жарнама – қоғам жұртшылығының басты назарында. Мақсатына, орналасу түрлеріне қарай жарнаманың түрі де көп, мысалы, сауда және көлік жүйесіндегі жарнама, көше жарнамасы (плакат, афиша), ауызша жарнама, баспалық жарнама және т.б.

Мұның барлығын санамалап отырған себебіміз – бүгінгі таңда жарнаманың қоғам өміріндегі орны айрықша. Қазіргі мерзімді баспасөзде де жарнама ұлттық мәдениеттің белгілерін, өзге халықтардың мәдениетіне ықпалын тигізіп, жеке адамның ақпарат алу көздерін қалыптастыратын құрал. Дегенмен қазіргі бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарнаманың жариялануында, жалпы БАҚ жарнамасының дұрыс қалыптасуында әлі де басы ашылмаған мәселелер көптеп кездеседі. Соның бірі – жарнама тіліндегі термин мәселесі.

Әрине, әр адамның санасында: «Сонда бізде жарнаманы реттейтін заң болмағаны ма?» деген заңды сұрақ туындайды.

Өздеріңіз жақсы білесіздер, «Жарнама туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 2003 жылғы 19 желтоқсанда қабылданған. Бұл Заң Қазақстан Республикасының аумағында жарнама жасау, тарату, орналастыру және пайдалану процесінде туындайтын қатынастарды реттейді.

Сонымен қатар, осы заңда «Жарнамаға қойылатын жалпы және арнайы талаптар» деген заңдық күші бар норма қарастырылған. Бұл нормаға сәйкес Қазақстан Республикасының аумағындағы жарнама қазақ және орыс тілдерінде, сондай-ақ жарнама берушінің қалауы бойынша басқа да тілдерде таратылады, жарнама мазмұнының аудармасы оның негiзгi мағынасын бұрмаламауға тиiс.

Міне, осы нормалар жергілікті жерлерде қаншалықты орындалып жатыр? Әсіресе жарнаманың мемлекеттік тілдегі нұсқасына қаншалықты мән берілуде? Осы сұрақтар жұртты алаңдататыны анық.

Көшедегі маңдайшалардағы ақпараттық құралдарда, бизнес, маркетингке қатысты жарнамаларда шеттілдік терминдерден көз сүрінеді. Әрине, қазіргі ашық ақпараттық кеңістікте өмір сүріп отырғандықтан, біз шеттілдік терминдерден қашып құтыла алмайтынымыз рас. Бірақ оған тосқауыл қойып, шынайы тіл жанашыры ретінде қазақша аудармасын беруге, баламасын ұсынуға не кедергі?

Ең басты кедергі ол біздің ұлттың негізімізден, тамырымыздан ажырап бара жатқанымызда. Бүгінде ашылып жатқан компаниялар мен шағын және орта бизнес атауларының көбі шет тілде. Қазақша қойса бизнесі жүрмей қалатын сияқты. Ол түгілі бүгінгінің бала-шағасының есімдерінің бәрі өзге тілде. Өз тілімізден, өз ұлттық болмысымыздан неге сонша безіндік?

Жарнама тілі дегеннің өзі бір тіл үйреткіш көрнекі құрал сияқты. Жұрттың бәрі көреді, қалай жазылса солай қабылдайды. Осылай дұрыс деп ойлайды.

Онлайн режіміндегі семинарда осы сұрақтар төңірегінде ой қозғалып қана қоймай, өзекті мәселелер талқыланды.

Мәселенің түйінін шешудің тиімді жолдары көрсетіліп, тың ойлар ортаға салынды.

Жиналғандардың ұсыныс пікірлері негізінде хаттама қабылданды.

Алдағы уақытта «Крыша», «Колесо», «OLX.kz», тағы басқа осылар тәрізді жарнамалар берілетін құралдардың тілі қазақшалануы тиіс.

Тіл комитеті аталған сайттарға арнайы мониторинг жасап, хат та жолдаған. Н.В.Бабешкин деген басшысы «Болашақта сайттың қазақ тілді нұсқасын қолданысқа енгізуді жоспарлап отырмыз» деп жауап беріпті. Болашақ деген ауқымы кең ұғым. Келер ғасыр немесе бірнеше ғасыр да болашақ. Комитет нақты уақытын белгілеуді сұрап тағы хат жолдайды. Олай болмағанда қазақ тілді азаматтардың құқы, заң талаптары бұзылады. Ол қандай заң еді десе, оны да еске сала кетейін.

Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабында Қазақстан Республикасы баспа басылымдары мен бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттiк тiлдiң, басқа да тiлдердiң қолданылуын қамтамасыз ету айқындалған.

Тіл туралы заң талаптарын орындауда Конституцияның 14-бабына сәйкес «тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды» және Тіл туралы заңның 7-бабына сәйкес «Қазақстан Республикасында тiлдiк белгiсi бойынша азаматтардың құқықтарын кемсiтуге жол берiлмейдi.

Қазақстанда мемлекеттiк тiлдiң және басқа да тiлдердiң қолданылуына және оларды үйренуге кедергi келтiретiн лауазымды адамдардың iс-әрекеттерi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соқтырады».

«Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 14-тармағына сәйкес «интернет-ресурстағы ақпарат қазақ және орыс тілдерінде берілуге тиіс. Ақпарат иеленушінің интернет-ресурсының басқа тілдердегі нұсқалары да болуы мүмкін».

Білмедік демесін. Ендігі жерде естерінде болсын.

Қажеттілік туғызатын Сіз бен Біз. Сұраныс ұсыныс туғызады. Олай болса, осы аталған сайттарға қазақша хабарландыру беріп «тек қазақ тілінде шығуын қалаймын» деп талап етіп көрдіңіз бе? Не кедергі? Егер халық сұраса хан түйесін соятынын ұмытпауымыз керек. Өзіміз де талпыныс жасап, жауаптылар да бетін бері бұруы уақыт талабы. Сондықтан еліміздің құзырлы министрліктері мен «Атамекен» бастаған бизнес саласы бірлесе отырып жарнамалардың қазақша болуына жол ашса, қазақша жарнаманың бағы ашылар күн алыс емес. Бәрі халық үшін емес пе? Қазақ тілді тұтынушылардың сұранысы қанағаттырылуға тиіс. Тағы да айтам, хабарламаны, жарнаманы қазақша беру және қазақша іздеу өзіміздің ұлттық намысымызға байланысты. Өзіңізден бастаңыз.

Әділбек Қаба,

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі

Тіл саясаты комитетінің төрағасы.

Фото ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер