Шикі дүние ұсынуды қою керек

5509
Adyrna.kz Telegram

Ғабит Мүсірепов театрында жақында ғана көрермен назарына ұсынылған "Құлагер" және "Шағала" спектакльдерін көріп, бұл қойылымдар режиссерлерінің соншалықты қауқарсыздығына көз жеткіздім.

Алдымен, "Құлагер" спектаклінің сәтсіздікке ұшырау себептерін сараласақ. Режиссердің "саундрама" бағытына қызығушылығы, бұл бағытты түсінуге деген талпынысы қуантқанымен, оны практикалық тұрғыда жүзеге асыруда сыртқы формасына ғана әсіре әуестеніп, қойылымды тудыруда драматургия қағидаларын назардан тыс қалдырғаны, актерлермен жұмыс жасауда нақты міндеттерді түсіндіре алмағаны көрініп тұр. Драматургия болмаған жерде, сол драматургияны режиссер дұрыс аша алмаған жерде актерлік жұмыстардың ақсайтындығы рас. Негізінде бұл театрдың актерлері республикадағы үздіктер деп танылатындығы жасырын емес.

Бұл театрдағы актерлердің шеберлік мүмкіндіктері, әлеуеттері өте жоғары. Алайда, осы театрда талай жылдар бойы өнімді еңбек етіп, өнерімен көрермендер көзайымына айналып үлгерген Лидия Кәденова осынау "Құлагер" спектаклінде ойдағыдай ашыла алмаған. Керісінше, тамаққа салып, құр айқайлап, қарапайым сахна тілі қағидаларын ұмыт қалдырған. Лидия Кәденова осы театрда қойылған "Келіндер көтерілісі" спектаклінде кейіпкермәнділік дәрежесіне көтерілген еді. Осындай актерлік жетістікке жеткеннен кейін, "Құлагер" спектаклінде Лидия Кәденованың сәтсіздікке ұшырауы қоюшы режиссердің шығарманың мақсатын және шығарманың мақсатына жетер жолдағы кейіпкердің әрекет арқауын актрисаға дұрыс әрі анық түсіндіре алмауынан шығар деп ойлаймын. Сонымен қатар, қойылым өне бойындағы Құлагердің тағдыры мүлде түсініксіз, ешқандай жанашырлық тудырмайды.

Трагедия жанрының мұраты орындалмаған. "Қанатты" деген кейіпкердің арлы-берлі бос сенделген мақсатсыз жүрісі күлкі шақырады. "Қанатты" рөлін ойнап жүрген актрисаның мәтінді көрерменге жеткізудегі дикциясы анық емес, бейнелік қисыны бұлыңғыр. Жалпы, спектакльде қисынсыз шешімдер өте мол. Саналы да сюжеті түсінікті поэманы сандыраққа айналдыру дұрыс па? Режиссер талантты актерлердің сәтсіздікке тап болуларына өзін жауапты сезіне ме екен? Әлде: "Менікі тек режиссер ретінде ойыма не келсе, соны жасау болды" дер ме екен? Әйтпесе, әлеуеті зор актерлік құрамның шығармашылық қабілеттерін дұрыс бағыттай алмау, ең алдымен, сол актерлердің кәсіби тағдырларын ойламаушылық емес пе?

Ендігі кезекте, "Шағала" спектаклі туралы сөз қозғасақ. Бұл спектакльді сахналауда режиссер Елік Нұрсұлтан жанрлық шешімде бірден сүрінген. Себебі бұл пьеса жанрын автор Антон Чехов "комедия" деп анықтаған. Ал спектакль режиссері Елік Нұрсұлтан "трагедия" деп қойыпты. Режиссер өзі солай белгілегенімен, мен трагедияны байқамадым. Драматургтың ұстанымын ескермегендіктен, режиссер кәсіби тұрғыда көп ұтылған. Сонда, Елік Нұрсұлтан режиссер ретінде қарапайым театр этикасы ұғымын, автор мұрасын құрметтеу тағылымын, автор шешімін өзгертпеу өнегесін білмей ме екен? Елік Нұрсұлтан театр өнерінің қарапайым теориялық ережелерін ескермесе, актерлерге қалай бағыт бермек екен? Аталмыш театрдағы актерлердің шетінен шығармашылық ізденіске құштар екендігі, образ жасау жауапкершілігін сезінудегі зейінділіктері баршаға үлгі.

Бірақ Елік Нұрсұлтан да бұл театрдағы актерлердің биік нәтижелерге қол жеткізулеріне мүмкіндік жасай алмаған деп ойлаймын. Себебі, жанрдан ауытқушылық актерлік құрамның ойындарын ойдағыдай ұйымдастыруға кедергі келтірген. Актерлер не істерлерін білмей жүр, әрқайсысы әртүрлі жанрда жұмыс жасаған. Пьесадағы кейіпкерлердің "линиялары" режиссер тарапынан актерлерге дұрыс, терең, дәл түсіндірілмегендіктен, өкінішке орай, қойылым темпоритмі сақталмаған. Қойылымға пьесада жоқ кейіпкерлерді қосуда да ешқандай мән-мағына жоқ. Спектакльде көркемдік біртұтастық жоқ. Камера арқалап алып, арлы-берлі жүретін кейіпкер де көрермендерді сахнада өтіп жатқан негізгі әрекеттерден алаңдатады. Оның үстіне сахнада өтіп жатқан көріністерді экран арқылы көрсетуді бұрын-соңды театр режиссері Болат Атабаев "Қыз Жібек" спектаклінде қолданған, Елік Нұрсұлтанға сол таптаурын тәсілді қайталау не үшін қажет болғанын түсінбедім. "Төртінші қабырға" ұстанымы да ескерілмеген.

Себебі актерлердің кейбірі көрерменге тура қараудан қашпайды. Маша рөлін ойнап жүрген Динара Нұрболат сөздері мүлде естілмейді, тіпті сахнаға бейнені зерттемей шыға салған ба дерсің. "Тілі жоқ актер, міні көп актер" екенін естен шығармау керек. Қойылым суретшісінің де сценографиялық шешімдері театр өнерінің спецификасына мүлдем сай емес. Грузиядан қоюшы суретші шақырып, бұлай шығындалудан да шығармашылық ұжым жеңіліс тапқан. Меніңше, бұлай шығындалғанша, өзіміздің отандық театр суретшілері ішінде де қаншама мамандар баршылық, солар шақырылу керек еді...

Қорыта айтқанда, Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры соңғы кезде сәтсіздікке ұшыраған спектакльдерден көз ашпай отыр. Неге? Бұл спектакльдер театрдың академиялық талаптарын қанағаттандырмайды деп санаймын. Осы туралы ойланатын кез келді... "Құлагер" және "Шағала" секілді шикі спектакльдерді көрермендерге асығыс ұсыну отандық театр өнеріне сын емес пе? Бұл Асхат Маемировтың еккен "егіндерінің", пісіп үлгермей, жеміс беріп үлгермей, шіріп жатқандығының бір белгісі емес пе екен?

Балтабек НҰРҒАЛИЕВ.

Пікірлер