Жапондар ешкімге еліктемейді

3066
Adyrna.kz Telegram

126 миллионнан астам халқы бар елде қазан айында тәулігіне шамамен жүз елуден 400-ге дейін инфекция жұқтырған жағдай тіркелді. Батыс Еуропада бұл кезде олардың саны мың, тіпті он мыңға жетіп жатыр. Жапонияда коронавирустан қайтыс болған адам саны тәулігіне оннан аз болады. Аппаратураға, оның ішінде өкпені жасанды желдетуге қосылған қарқынды терапия палаталарындағы пациенттер саны 29 қазандағы жағдай бойынша бүкіл ел бойынша 166 адамды құрады. Жалпы Жапонияда эпидемия кезінде инфекцияның зардабынан 1800-ден аз адам қайтыс болды. Әрине, бұл да айтарлықтай адам шығыны, бірақ медицинаның деңгейі жоғары әлемнің жетекші елдеріндегі жағдаймен салыстырғанда бұл аз көрсеткіш.

 Тыйым салу мен айыппұл жоқ

Мысалы, 83 миллионнан астам халқы бар Германияда COVID-19 10 мыңнан астам адамның өмірін қиды. 66 миллион халқы бар Францияда 35 мың адам қайтыс болды. Тіпті жапондармен салыстырғанда кішкентай ғана Израильде (9 миллион адам) коронавирусты 2,4 мыңнан астам адам жұқтырды. Халқы Жапонияға қарағанда 2,6 есе көп, бірақ ковидтен 225 мыңнан астам адам қайтыс болған Америка Құрама Штаттары туралы айтпаймыз.

Токио билігі елде инфекция жұқтыру саны маусым айының соңынан бастап азая бастағанын мәлімдеген, бірақ қазір бұл жағдай өзгеріп келеді. Ковидтен болатын мұндай кішігірім шығындардың құпиясын ешкім түсіндіре алмайды, ал Жапония үкіметі тұрғындарды сақтыққа шақырады – жағдайдың Еуропадағыдай ушығып кетпесіне кепілдік жоқ дейді.

Сонымен бірге, жапон билігі қоғамдық және экономикалық өмірге қазірдің өзінде болмашы ғана шектеулер енгізді: енді олар 22.00-ден кейін мейрамхана мен барда отыра алмайды, ал кинотеатрлар мен стадиондарда көрермендер қашықтықты сақтап отырады. Көктемдегі төтенше жағдай кезінде толығымен бос қалған көшелер бұрынғыдай қайтадан толады. Маска тақпағандарға айыппұл салу, коменданттық сағат, орта жастағы адамдар үшін үйден шығуға тыйым салу және т.б. мәжбүрлеу шаралары Жапонияда бұрын болмаған.

Жергілікті билік әу бастан-ақ адам құқығын бұзбау үшін қытайлық жолмен қатаң репрессиялық карантин немесе батыстық типтегі қалаға локдаун енгізу сияқты ештеңе жасамайтынын мәлімдеді.

Маска тағу әдетке айналған

Жапондықтарға мәжбүрлеу шаралары аса қажет емес – Токиода барлығы дерлік қорғаныш маскаларын киеді.

Тек анда-санда ғана бетін тұмшалауды ұмытып кеткен қарттарды немесе масканы иегінің астына таққан жастармен соқтығысуыңыз мүмкін.

Токио көшелерінде адамдардың басым көпшілігі вирустан қорғану үшін жүзін мұқият тұмшалап жүреді және бұған ешқандай наразылық та білдірмейді.

Негізі, коронавируске дейін де жапондарда ондаған жылдар бойы адамдар көп жиналатын жерлерде бетперде кию әдеті болған. Ең алдымен, бұған басқаларға деген құрметтің ежелгі дәстүрлері әсер етті. Олар үшін суық тигенде түшкіру және жөтелу әрдайым әдепсіздіктің шыңы болып саналды.

Маска кию жапондардың ерекше тазалығының белгісі, олар таза емес нәрсені, шаңды, вирустарды немесе бактерияларды жұтуды ойлаудың өзінен де қорқады. Айтпақшы, бұл жергілікті тұрғындар арасында ежелден қалыптасқан қолды жақсылап жуу әдетіне де қатысты. Токиодағы кеңсе ғимараттарының фойелері мен дәретханаларында спирті бар антисептиктер SARS пен құс тұмауы аңызға айналған уақыттан бері көп жылдар бойы тұрды.

Эксперименттер

Жапондар масканы коронавирустан қорғаудың негізгі факторы деп санайды. Олардың тиімділігін Токио университетінің медицина институтының вирусологтар тобы жүргізген ерекше эксперимент растады.

Олар манекендердің бастарын датчиктермен бір-бірінен 50 сантиметр қашықтықта қауіпсіз оқшауланған шыны жәшікке орналастырды.  Кәдімгі адамның қарқынымен бастың бірі қоршаған ауаны жұтты,  ал екіншісі жөтеліп,  оған сілекеймен бірге нақты коронавирусты лақтырды.

Түйіні

  • Коронавирусты сіңіру басына шүберек маска кигенде 17% төмендеген.
  • Матадан жасалған хирургиялық масканы қолданған кезде коронавирустардың сіңуі 47% төмендеген.
  • * № 95 типті арнайы респиратор коронавирустар санын шамамен 79% - ға азайтқан.
  • Егер коронавирусты шығаратын манекен басына шүберек немесе хирургиялық маска кигізілсе, оның демімен вирустың таралуы 70% -дан асқан.
  • Екі манекенге де хирургиялық масканы қолдану денеге енетін вирустардың санын 80%-ға азайтты, бірақ инфекция қаупін толығымен жоймады.

Қол алысудың орнына иілу

Қысқасы, жапондардың пікірінше, маскалар панацея (кез келген аурудан қорғайтын әмбебап, мифологиялық  дәрі – ред.) емес, бірақ инфекция қаупін айтарлықтай төмендетеді. Мұнда барлығы дерлік бұл елдегі індеттің салыстырмалы түрде әлсіз ағымының құпиясын қолды үнемі дезинфекциялаумен бірге бетті жабу әдеті деп санайды. Шамасы, басқа да факторлар бар: мысалы, жапондар инстинктивті түрде тікелей физикалық байланыстардан аулақ болады, кездесу кезінде сүйісу немесе құшақтау әдеті оларға жат. Олар мұның орнынан тек иіліп сәлем беруді құп көреді.

Novayagazeta.ru

Фото ашық дереккөзден алынды

Мақаланы орыс тілінен аударып, дайындаған Айжан ПЕРДЕБЕКҚЫЗЫ,

«Адырна» ұлттық порталы.

Пікірлер