«Мұхамеджан Тазабек президент болуға лайық тұлға»?

8031
Adyrna.kz Telegram

Мұхамеджан Тазабекті президент ретінде көргісі келетіндер пайда болыпты.  Hanafi Kazakh деген атпен әлеуметтік желі қолданушы Фейсбуктағы жүз мыңдаған оқырманы бар топтарға «М.Тазабеков болашақ президент» деген сипаттағы пікірін тоқтаусыз таратуда.

«Мұхамеджан Тазабек  президент болуға лайық тұлға қолдайық ағайын! Мұхамеджан Тазабек елдің тыныштығы мен берекесін ойлады. Шынымен намазды адам өзі үшін оқиды. Ислам деген басшыға қарсы шықпайтын, Жапон сияқты құдайсыз елдер сияқты тоңкеріс жасауға тиым салатын дін. Дүние үшін басқа үшін патшаға қарсы шыққандарға тоқтау салатын дін ислам. Сондықтан Мұхаң салыстырмалы түрде мысал келтірсе оған өре түрегелу әбестік. Мүмкін намаздағы мұсылманды миллиондаған адамның толқынында тапталып қалмасын деп полицей тепсе тепкен шығар, бәрі де адамдардың тыныштығы үшін еңбек етіп жүр. Сондай-ақ, Мұхамеджан Тазабектің шенділер алдында шешіле сөйлегенін «Солдаттар мен полицияға духы жеткен адам ғана уағыз айта алады», - деп жазды  Hanafi Kazakh.

Бұл жазбаға қатысты астында шұбырған пікірлер де назарымыздан тыс қалмады. Өкінішке қарай, үш жүзден асатын пікірдің басым бөлігі М.Тазабековті «халықтың жауы» санайтынын ашық жазған. Бірді, екілісі ғана Қазақстанның Ислам мемлекетіне айналып, елді иманды тұлға басқаруын қалайтынын білдіріпті.

Жалпы, әлеуметтік желі Қазақ қоғамында да белгілі бір күшке иеленіп келеді. Естеріңізде болса, Фейсбук әлеуметтік желісі арқылы көптеген проблемалар шешілген еді. Сонымен қатар, әлеуметтік желі кейбір танымал тұлғалардың жұлдызын жарқыратса, енді кейбірінің бағын басынан ұшырған кездер де аз болмады. Негізінен әлеуметтік желіде фейктердің де үлесі аз емес. Біз сөз еткелі отырған  Hanafi Kazakh дегеннің нақты кім екені белгісіз. Алайда фейк аккаунтпен өзінің ішкі ниетін жүзеге асыруға жанталасатын шынайы адамдарды да жоққа шығаруға болмас. Сонымен бұл Ханафи Қазақ деген кім?

Парақшасын ерінбей, сүзіп қарап шықтық. Тек қана діни уағыздар мен діни ақпараттар жариялайтын адам екен. Сонымен қатар оның Тазабековтің фанаты екенін жазбаларынан анық аңғару қиын емес. Соған қарағанда, Тазабековпен үндес адам болуы, Тазабековті пір тұтатын адам сияқты. Онысы үшін және діни пайымы үшін оны айыптау ақылға сыймас. Алайда Қазақстанның зайырлы ел екенін заң жүзінде ескерсек, Ханафи Қазақ секілділердің әлеуметтік желіде дінге шақырып, уағыз жүргізуі, өз дінін өзгелерге тықпалауы қаншалықты заңды деген сұрақ туындайды.

Елдің қытығына тиетін мынадай ұсынысын жүз мыңдаған адамның ортасында жазу нені білдіреді? Не бұл адам Тазабектің таза дұшпаны, не болмаса, Тазабектің айналасындағы бір адам болуы мүмкін. Дұшпаны деп нені меңзедік? Мұхамеджан Тазабекке «көпшік қоя» отырып, жұрттың алдында әрмен қарай беделін түсіру ниеті жатуы мүмкін бұл адамның. Сонымен қатар, президенттікке дәмелі кейбір кісілерді Тазабекке айдап салу әрекеті де болуы әбден мүмкін. Ал егер, Тазабектің өз адамдарынан болса, онда бұл жазбаның авторын омақаса құлады деуге болады. Өйткені, фейктің жазбасын жалаулатып, қолдау көрсеткендер өте аз және керісінше Тазабектің адресіне ауыр сөздер айтылыпты.  Егер бұл жазбадан М.Тазабектің өзі хабарсыз болса, өте обал болған сияқты. Бекерге жұрттың жаман сөзінің астында аты аталып, жағымсыз образы сомдалуда.

Меруерт ХУСАИНОВА,

«Адырна» ұлттық порталы.

Фото ашық дереккөзден алынды.

 

 

Пікірлер