Ұлы Абайды насихаттауда ақын музейінің еңбегі зор

3524
Adyrna.kz Telegram

Биыл еліміздің әр өңірінде қазақтың кемеңгер, ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толуына орай әртүрлі мәдени іс-шаралар, карантиндік талаптарды сақтай отырып өткізіліп келеді. Осы орайда қазақтың «Алаш қаласы» атанған Семейдегі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің еңбегі қомақты десе болады. Себебі, музейдің Абай өмірі мен шығармашылығын, оның ақындық-өнер айналасын, сол замандағы тарих пен мәдениет құбылыстарын, заттық, құжаттық жәдігерлерді зерттеу, сақтау, насихаттау, қорғау жұмыстары жақсы жолға қойылған. Оның үстіне аталмыш музейдің құрылғанына биыл 80 жыл толып отыр. Ұлы ақынның 175 жылдық мерей тойы мен музейдің 80 жылдық мерекесі тұспа-тұс келген уақытта музейдің баспасөз хатшысы Арай Талғатқызымен музейдің құрылу тарихы, оның бүгінгі тыныс-тіршілігі жайында әңгімелескен едік.

 

Тілші: - Арай Талғатқызы, алдымен музейдің құрылу тарихынан сұхбатымызды бастасақ.

- Іргетасының қаланғанына биыл 80 жыл толған еліміздегі ірі мекемелердің бірі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі қазақтың кемеңгер жазушысы М.О.Әуезовтің ұсынысы бойынша Абайдың 95 жылдық мерейтойы қарсаңында, 1940 жылы Қазақ ССР-нiң Халық комиссарлар кеңесiнің 1 сәуiрдегі қаулысы негізінде құрылып, сол жылы 16 қазанда ашылған. Қазіргі таңда музей қорында жалпы экспонаттардың саны – 21832 болса, кітап қорында 14743 кітап бар. Қазақстан тарихындағы тұңғыш әдеби музей болып табылады. 1990 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойына орай Қазақ ССР Министрлер кеңесінің қаулысы бойынша ақынның әдеби-мемориалдық музейі Абайдың «Жидебай-Бөрiлi» мемлекеттiк тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі болып қайта құрылды. Қазіргі кезде музей әдеби-мемориалдық музейден Республикадағы ірі қорық-музейдің біріне айналды. Қорық-музей құрамында Семей қаласы және Шығыс Қазақстан облысының Абай және Үржар аудандарында орналасқан 8 музей бар.

 

Тілші: - Биыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы елімізде кеңінен аталып өтуде. Сіздердің өз тараптарыңыздан бұл шараға қосқан үлестеріңіз қандай?

- Ақын музейі жыл басынан бері Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын түрлі бағытта мерекелеуді бастап кеткен болатын. Еліміздің бірқатар қалаларына, яғни  Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Отырар, Павлодар, Атбасар сияқты қалаларға жылжымалы көрмелер ұйымдастырылып, хакім Абайдың өмірі мен шығармашылығын, ақынның қолының табы қалған құнды жәдігерлерді насихаттау мақсатында жұмыстар атқарылды. Бүкіл әлемді жалмаған пандемия салдарынан алға қойған жоспарлар орындалмай қалды десек те, карантин уақытында да музей қызметкерлері әлеуметтік желі арқылы онлайн кездесулер, конференциялар, сұхбаттар ұйымдастырып, музей қорындағы құнды жәдігерлерді желі арқылы насихаттады. Сонымен қатар, биыл Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейіне 80 жыл толып отыр. Қазақстан тарихындағы тұңғыш әдеби музейдің Абайдың 175 жылдығымен қатар келген мерейтойы қарсаңында әлеуметтік желілер арқылы «Уақыт шерткен сыр: Музей тарихынан 80 дерек» айдары көрермен қауымға ұсынылды. 1940 жылы 16 қазанда музейдің ашылуы жайында ақпаратпен бастау алған бұл айдармен 1 қыркүйектен бастап күніне екі деректен 15 қазанға дейін жарияланып отырды. Алғашқы жылдары музей орналасқан, Абайдың Семейге келгенде түсіп жүрген үйлердің бірі Әнияр Молдабаев үйі, Жидебайдағы Абай музей-үйінің ашылуы, Бөрілідегі Мұхтар Әуезов музей-үйінің ашылуы, ақын оқыған Ахмет-Риза медресесімен жалғасып, музей қарамағындағы бөлімдердің барлығы қамтылды.

 

Тілші: - Абай музейінің құрылу тарихында ақынның туған-туыс, жақындарының көмегі болды ма?

- Әрине, хәкім Абайдың халқымыздың жүрегінде мәңгілік сақталуына қызмет қылып, оның әдеби мол мұрасын ел арасында кеңінен насихаттау мақсатында ашылған музейдің ұйымдастырылу, қалыптасу ісіне Абайдың өз тәрбиесінде болған немере інісі Әрхам Ысқақов пен Қайым Мұхамедханов, Ахат Шәкәрімұлы мол еңбек сіңірді. Осындай тұлғалар және музей саласында көп жылдар еңбек етіп, музей қорына өлшеусіз із қалдырған жандар да қалыс қалмады. Сондай-ақ, музей қорындағы Абай туыстары тапсырған жәдігерлер, заттар, кітап қоры, қолжазбалар, хаттар, архив деректері, бейнелеу өнер туындылары, ыдыс-аяқ және фотосуреттер де желі оқырмандарына жол тартты.

 

Тілші: - Ұлы Абайдың 175 жылдығы мен ақын музейінің 80 жылдық мерейтойында айтарлықтай қандай жұмыстар жасалды деп айта аласыз?

- Музейдің 80 жылдық тарихында еліміздің бірқатар қалаларына, сонымен қатар шетел аумағына ұйымдастырылған көрмелер, ғылыми іс-сапарлар мен конференциялардың өзіндік орны бар. Музей тарихынан ерекше орын алған сәттердің бірі, ақын мерейтойлары, Елбасы Н.Назарбаевтың және бірқатар қоғам  қайраткерлері,  әлем елшілерінің музейге келуі жайында ақпараттар фотосуреттермен бірге ұсынылды. Тарихи деректер Абай музейінің Мәдениет және спорт министрлігінің басты назарында екендігіне тоқталып, биылғы жылғы айтулы оқиға Абайдың 175 жылдығы қарсаңында Президент Қ.Тоқаевтың қаулысымен жаңартылған музейдің жаңа экспозициясының ашылуымен тәмамдалды. Заман талабына сай, инновациялық технологияларды пайдалана отырып жүргізілген музейлендіру жұмыстарының нәтижесіне Мемлекет басшысы арнайы келіп, оң бағасын беріп, ашқандығы сексенінші дерек болып жарияланды.

Көпшілік назарына ұсыныла бермейтін, музей қорында сақталған құнды жәдігерлер, тарихтан сыр шерткен фотосуреттер мен қолжазбалар ерекше назарға алынды. «Музей тарихынан 80 дерек» айдарының бір жарым ай аралығындағы көрермен саны 150 мыңнан асты. Әлеуметтік желі оқырмандары пікір білдіріп, еліміздің шалғайда орналасқан елді-мекендер тарапынан музейге саяхат жасағандай әсер үшін  музей ұжымына алғыстарын жеткізіп жатты.

Сондай-ақ, мерейтой қарсаңында әзірленген жаңа ғылыми концепция негізінде «Абайтану мәселелері» 100 томдық сериялық ғылыми-зерттеу жинағы қолға алынса, соның 5 томы жарық көрді. Жаңа музейге қызығушылық арттыру мақсатында бірнеше буклеттер де басылып шықты. «Абай музейі. 80 жыл» энциклопедиясы, «Жидебай» атласы т.б. көлемді еңбектер дайындалуда.

Семей қаласына жұмыс сапарымен келген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев музей аумағындағы «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» ескерткішін ашқаны белгілі. Осы орайда Абай Құнанбайұлының екі фотосуреті ғана сақталғандығын айта кетсек, соның бірі 1896 жылы Семей қаласында фотограф Н.Г.Кузнецов салонында ұлдары Ақылбай және Турағұлмен түскен суреті. Сол фотосуреті негізінде бой көтерген ескеркіштің авторы – ұлдарының ұлы әкесіне деген ерекше махаббаты мен шексіз мақтаныш сезімін бейнелеуді мақсат еткен, мүсінші Нұрбол Қалиев. Қоладан тұрғызылған ескерткіштің биіктігі – 5 метр.

Композиция данышпан Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай ашылды. Абай ұлдары Ақылбаймен және Турағұлмен бірге бейнеленген ескерткіш те қазіргі таңда ақын музейімен үндесіп, ерекше әсер қалдырары сөзсіз.

 

 

Тілші: - Қазіргі таңда Абай музейіне қандай жаңарту жұмыстары жүргізілді?

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 30 мамырдағы қаулысы бойынша Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы қарсаңында биылғы жылы Абай музейі толықтай жаңартылды. Сондай-ақ, «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында көрсетілгендей музей құрамындағы көпес үйі ғимаратында ғылыми-танымдық орталық ұйымдастырылды. Музей аумағындағы Абай оқыған Ахмет Риза медресесі де жаңғыртылды.

Күмбезді ғимараттағы музейдің жаңа экспозициясы 11 залда орналасқан. Атап айтар болсақ: «Абай. Жыл мезгілдері», «Дала әуендері», «Ақынның балалық шағы», «Ақынның қалыптасуы», «Абай шығармашылығы», «Абайдың ақындық мектебі», «Абайдың отбасы», «Қара сөздер», «Абай мұрасы», «Мультимедиялық зал» және «Балалар бөлмесі».

Мемлекеттің негізі, береке-бірліктің бейнесі болып саналатын шаңырақ астындағы экспозицияда Абайдың 1885 жылы Семейдегі өлкетану музейіне тапсырған заттары ерекше орын алады.

«Құлақтан кіріп бойды алар, Әсем ән мен тәтті күй» деп ақынның өзі айтқандай «Дала әуені» залында қазақтың музыкалық аспаптарын тамашалау кезінде арнайы қондырғыдан бағытталған дыбыс жүйесімен аспаптың үнін естуге болады.

«Ақынның балалық шағы» залын ақынның ата-тегі, шежіресімен жалғасады. Сондай-ақ, әжесі Зере мен бала Абайдың Байкөкше ақынды тыңдау кезіндегі инсталяциясы көрсетіледі. Тач-экранды  қосу арқылы Зере әженің ертегілерін тыңдап, қазақ үйдің төрінен көлеңкелі театр қойылымын тамашалауға болады.

«Ақынның қалыптасуы» залында Абайдың тұлғалық қалыптасуына ең бірінші әсер еткен тұлға – қазақтың беделді ел билеушісі, би, аға сұлтан, қажы, ақынның әкесі Құнанбай Өскенбайұлы. 1855-1859 жылдар аралығында Абай оқыған Ахмет Риза медресесі. Абайдың алғаш орыс әдебиетімен терең танысуға себеп болған Омбы кадет корпусында оқыған інісі Халиолла бейнесіне экспозицияда орын берілген.

Сондай-ақ, Семей қаласына жер аударылып келген ақынның орыс достары Е.Михаэлис, Н.Долгополов, С.Гросс, П.Лобоновский, Н.Коншин жайлы деректермен танысып, тач-экрандардан М.Әуезов айтқандай Абай шығармашылығына нәр берген үш қайнар бұлағымен танысуға мүмкіндік жасалған.

Экспозициядан лед-экран арқылы Турағұлдың «Әкем Абай туралы» естелігін тамашалауға болады. Және де Абай Семейге келгенде түсіп жүрген үйлердің бірі – Әнияр Молдабаев үйінің интерьері көрсетілген.

«Абай шығармашылығы» залында ақынның әр жылдары жазылған шығармалары және аудармалары жайлы мәлімет берілген. Абайдың Жидебайдағы өзі салдырған қыстау үйінің макеті қойылған.

Ақынның өмірі мен шығармашылығына куә болған Шыңғыстау жерлерінің көріністері, Абайдың қалаға қатынаған тарантасының көшірмесі орналасқан.

«Абайдың ақындық мектебі». М.Әуезов: «Абайдың толық мағынада төрт шәкірті бар. Оның екеуі өз баласы – Ақылбай мен Турағұл, және екеуі Шәкәрім мен Көкбай» деген. Бұл залда ұстаз-ақынның тікелей тәлім-тәрбиесінде болып, Абай дәстүрін жалғастырған ақын-шәкірттерінің өмір жолдары және әдеби мұраларымен витрина сөрелеріне қойылған экспонаттар және медиа зонада орналасқан тач-экрандар арқылы таныстырылады.

Абайдың отбасы мен ұрпақтары туралы ақпарат «Абайдың отбасы» залында берілген және Абайдың 1896 жылғы фотосуретінің инсталяциясы қойылған.  Сол заманнан көрініс беретін фотокамера, граммофон сияқты заттар да көрсетіліп, ақын отбасына қатысты заттар Әйгерімнің ертоқымы, Еркежанның көйлегі мен камзолы мен зергерлік әшекей бұйымдар қойылды.

«Абайдың қара сөздері». Бұл зал ақынның «Қара сөздеріне» арнап жасалған. Залда 360 градустық проектр орнатылған, сол арқылы көрерменді ойға салатын хакімнің даналық сөздерін  үш тілде ақуға мүмкіндік жасалған.. «Батаменен ел көгерер» деген қазақ халқының даналығына сүйенер болсақ дәл осы жерде арнайы қондырғы көмегімен келушілер ақынның батасынан алып, рухани қуаттанады.

«Абай мұрасы» залында Абай Құнанбайұлының мұрасының насихатталу кезеңдері көрсетілген. Сонымен қатар, әлем елдеріндегі Абай ескерткіштері мен ақын есімі берілген қалалар туралы мәлімет қабырғадағы картада проектор арқылы көрсетіледі. Абай шығармаларының әлемнің қанша тілге аударылғаны туралы да осы залдан білуге болады.

Музейдің екінші қабатында Абайдың музыкалық шығармалары, әр жылдары ақын туралы түсірілген фильмдер мен телебағдарламалар, спектакль, опера, концерттерді заманауи қондырғылар арқылы көріп, тыңдауға мүмкіндік жасалған мультимедиялық зал бар. Онда тек Абай әндерінің 200-ге жуық жазбасы енгізілген.

Балалар бөлмесінде музейдің кішкентай көрермендері үшін ойын алаңы мен Абайдың сүйікті ойыны – тоғызқұмалақты үйренуге мүмкіндік жасалған.

Көпес үйі ғимаратындағы ғылыми-танымдық орталықта «Абайтану», «Тәуелсіздік және абайтану», «Абай бейнелеу өнерінде», «Көрме залы» болып жасалса, медреседе «Медресе тарихы», «Абай және Шығыс», «Балалар шығармашылығы» залдары көрермен назарына ұсынылады.

Бөрілідегі Мұхтар Әуезов музей-үйінде, Жидебайдағы Абай музей-үйінде заман талабына сай, инновациялық технологияларды пайдалана отырып музейлендіру жұмыстары жүргізілді. Атап айтатын болсақ, музейдің мазмұнын, тақырыбы кең көлемде көрсететін тачэкрандар, аудиогид, тағы басқа цифрлық жаңарулар музейдің халықаралық талаптарға сай өзгерістерінің көрінісі.

 

Тілші: - Музейдің осы жаңғырту жұмыстары қай мердігер компания тарапынан жасалынды?

- Музейдің жаңғырту жұмыстарын жасауға келісім жасалған мердігер «BF CREАGROUP» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен Абай музейінің ғылыми құрамының бірлесіп атқарған жұмысының нәтижесінде ақын музейі жаңаша кейіпке еніп, көрермендерін қабылдауда.

          Тілші: - Сұхбатыңызға рахмет Арай Талғатқызы! Көненің көзін, бабалар аманатын сақтап отырған музей алдағы уақытта да келушілер мен желі оқырмандарын тың жаңалықтар және жетістіктерімен қуанта берсін деп тілейміз.

 

Думан Арғынгелді,

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер