«Nur Otan», сені қайтейін?!.

3293
Adyrna.kz Telegram

Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің бюросын 2020 жылғы 24 қарашада шақыру туралы қаулыға қол қойды. Ал ақиқаты, билік үшін және еліміздегі жетекші партия үшін сайлауға дайындық шарасы праймериз кезеңінен-ақ басталып кеткен. Ал басқа партиялар үшін ше? Олар енді тыпырлап жатыр.

Парламенттік сайлаудың жақындап келе жатқанын білгенімен, олар бәрібір «Nur Otan» партиясының алдына түсе алмайды. Үйреншікті және қалыпты нәрсе. «Nur Otan» партиясының съезінен кейін ғана барып олар өз құрылтайына дайындық шарасына кіріседі. Биыл да солай болайын деп тұр.

Әзірге бес  партия парламенттік сайлауға қатысатынын мәлім етті. Тек ЖСДП ғана үнсіз. Парламенттік сайлауға байланысты Тоқаевтың жарлығынан кейін 2 апта уақыт өтті. Жармахан Тұяқбай кеткеннен кейін, Ермұрат Бапиды төрағалықтан ысырғаннан кейін ЖСДП не істерін білмей жатқан болар. Бірден бір елдегі оппозициялық партия саналатын ұйымның бұлай үнсіз жатқаны ойлантады. Бірақ сайлауға қатысатын халықтың алдында күрделі сауал тұр: Қай партияға дауыс береміз? Жаңадан саяси  партия тіркелген жоқ. Билік  ХАҚ, Жасылдар партиясы мен Демпартияны тіркеуді қажет деп таппады. Егер осылардан бірі тіркеуден өткенде, халық  «тек  «Nur Otan» партиясына емес» деген ұғыммен жоғарыдағылардың біріне дауыс беріп кететін еді. Енді амалдың жоғынан  сайлауға дауыс беруге ескі, бүйрегі билікке бұратын партиялармен барамыз.  Барсақ та, қай партияға дауыс береміз? Күрделі сұрақ.  «Ауыл», «Бірлік» «Ақжол», Коммунистер, ЖСДП және  «Nur Otan» партиясы. Алты  партияның ішіндегі ең соңғысы міндетті түрде жеңеді. Бірақ ең өкініштісі, Ақорда халықтың басын әдейі қатырып қойды. Не істемек керек? Базбіреулер «сайлауға байкот жариялаймыз» деп байбалам салып жатыр. Ал байкот жарияладық, одан шығар пайда бар ма? Бармай қалсаң,  дауысыңды билік өз мүддесіне пайдаланады. Ұтылмау үшін не істеу керек? Мұндай жағдайда тығырықтан шығарар сайлаудың саяси формуласы бар ма?

Ал сайлау жақын, дүбірі де естіле бастады.  Ал халықтың басы қатты. Байкот па, жоқ әлде бақылаушылардың белсенділігін арттыруымыз керек пе? Ал бүкіл халық тіркеліп, сайлауға бақылаушы бола алмайды ғой. Жанболат Мамай «10 қаңтар күні сайлауға емес – алаңға» деп отыр. Ақиқаты, тележурналист Мақсат Толықбай айпақшы, «сайлау бар, таңдау жоқ». Алдын ала жеңісті еріксіз мойындап қойғанымыз емес, көр де тұр, бәрібір билік партиясы басым дауыс алады. Билік жетекші партияны сөзсіз жеңіске  жеткізеді.

... «Nur Otan» сені қайтейін?!

 

Еркін Қалдан,

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер