Путинның ұсынысы: Экс-президент "өмір бойы" сенатор

3529
Adyrna.kz Telegram

Ресей президенті Владимир Путин 31 қазанда парламенттің төменгі палатасы – мемлекеттік думаға экс-президенттің өмір бойы сенатор болуына рұқсат беретін заң жобасын ұсынды. Азаттық радиосының хабарлауынша, президенттің мұндай ұсыныс жасауына бірнеше ай бұрын референдумда қабылданған конституциялық өзгерістер мүмкіндік береді.

Заң жобасына сәйкес, өкілеті аяқталған немесе отставкаға кеткен Ресей президенті өмір бойы парламенттің жоғарғы палатасы – федерация кеңесінің депутаты қызметін атқара алады. Бұл үшін ол федерация кеңесіне тиісті құжаттарын тіркей отырып, өтініш беруі керек. Экс-президент өкілеті аяқталған соң үш ай мерзім ішінде осындай өтінішті бір мәрте бере алады.

Бұған қоса, заң жобасында президентке "ғұмыр бойына" сенаторлар тағайындау құзыреті берілген. Президент ең көп дегенде жеті адамды "ғұмырлық" сенатор етіп тағайындай алады. Бұл заң қабылданса, Путин жалпы 30 адамды федерация кеңесіне өз атынан жіберуге құқылы, бірақ олардың басым бөлігі 6 жыл мерзімге тағайындалады.

"Сенаторларды тағайындау – президенттің міндеті емес, құқығы, президент мұны өз қалауы бойынша кез келген уақытта жүзеге асыра алады" деді мемлекеттік думаның мемлекеттік құрылыс және заңнама комитетінің төрағасы Павел Крашенинников.

Заң жобасына сәйкес, президент белгілі бір талаптарға сай келетін адамдарды "өмір бойына" президент етіп тағайындай алады.

Ол үшін үміткер 30 жасқа толған, Ресей аумағында тұрақты тұратын және бақа ешбір елдің азаматтығын не ол ел аумағында тұруға рұқсат беретін ықтиярхатын алмаған, "кіршіксіз абырой-беделі бар" адам болуы керек.

Конституция талаптарына сәйкес, "мемлекеттік және қоғамдық істерде елге ерен қызмет еткен азаматтар" "өмір бойына" сенатор болып тағайындала алады.

Биылғы 25 мамыр – 1 маусым аралығында Ресейде президент Владимир Путиннің ұсынысымен Конституцияға өзгеріс енгізу бойынша референдум өткен. Референдумда елдің негізгі заңына 22 өзгеріс ұсынылған. Өзгерістер президенттің үкіметке және соттарға ықпалын күшейтеді әрі 20 жылға жуық билікте отырған Путиннің осыған дейінгі президенттік мерзімдерін "нөлден бастайды".

Ресми қорытынды бойынша, Конституцияға ұсынылған өзгерістерді дауыс беруге қатысқандардың шамамен 78 пайызы қолдаған.

Халықаралық қоғамдастық бұл өзгерістерді де, референдумның ұйымдастырылуын да сынға алған.

 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер