Шымкент: Көлік кептелісін болдырмау мақсатында бірнеше жоба әзірленген

1444
Adyrna.kz Telegram

Бүгін ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исаховтың қатысуымен қаладағы жол мәселесі бойынша брифинг өтті.

Баспасөз мәжілісінде Мақсұт Пернебайұлы қаладағы магистралды көшелердің мәселесіне тоқталды.

– Қаладағы магистралды Бәйдібек би, Республика, Тәуке хан даңғылдары, Темірлан тас жолы мен Т.Рысқұлов және Жібек жолы көшелерінің көлік ағыны жобалық өткізу қабілетінен 2 есеге асуда. Сол себепті көлік кептелістері жиі болуда. Осыған орай көлік ағынын оңтайландыру мақсатында бірнеше жоба дайындалды. Ал бүгінде құрылысы жүріп жатқан магистралды көшелердің 85 пайызы аяқталып отыр. Одан бөлек, жаяу жүргіншілер жолын екі-үш адам қатар жүре алатындай етіп істеп жатырмыз, – деді қала әкімінің орынбасары.

Мақсұт Пернебайұлының сөзіне сүйенсек, Бәйдібек би даңғылындағы көлік ағынын оңтайландыру барысында Т.Өтегенов көшесін «Шымкент Сити» қалашығына дейін жалғастыру жобасы әзірленген. Көшенің ұзындығы – 2,3 шақырым, іске асыру мерзімі – 2021-2022 ж.ж. Көлік ағынын реттеу кезінде С.Бәйтереков көшесін Тұран шағынауданындағы магистралды көшелеріне (Қайтпас-1 ш/а, Алтынсарин көшесін кеңейту) қоспақ. Көшенің ұзындығы – 2,1 шақырым. Сондай-ақ, Асар шағынауданындағы атауы жоқ көшені «Шымкент Сити» қалашығының орталық көшесіне қосу жоспары бар. Көшенің ұзындығы 1,3 шақырымды құрайды. Ал Жібек жолы және Ж.Адырбеков көшелеріндегі көлік ағынын оңтайландыру үшін С.Жандосов көшесін Ә.Сасбұқаев көшесінен Ж.Адырбеков көшесіне дейін жалғастырмақ. Көшенің ұзындығы 350 метрді құрап отыр.

Сонымен қатар, Республика даңғылындағы көлік ағынын оңтайландыру кезінде Д.Қонаев даңғылы жалғасының жобасын А-2 автомобиль жолына дейін қосылады. Көшенің ұзындығы – 1,6 шақырым. Одан бөлек, Абай даңғылын Н.Исмаилов көшесінен А-2 автомобиль жолына дейін жалғасады. Көшенің ұзындығы 1,7 шақырымды құрайды. Бұл жолдың жобасы магистралды теміржол және «Бадам» өзенін қиып өтеді. Ал Темірлан тас жолының көлік ағынын оңтайландыру үшін Әл-Фараби көшесін А-2 автомобиль жолынан М-32 автомобиль жолындағы «Бадам» жол айырығына дейін жалғастырылады. Көшенің ұзындығы 7,3 шақырымды құрап, бүгінде аталған жол құрылысының 80%-ы атқарылған.

Айта кетейік, брифингте М.Исахов қаладағы жүргізіліп жатқан көпір құрылыстарына да тоқталып, жұмыс барысын БАҚ өкілдеріне жан-жақты жеткізді.

Шымкент ақпараттық-коммуникациялық орталығы

Фото – С.Қосай

Пікірлер