29 оқу орнының 80% білім бағдарламасы өзекті емес

2498
Adyrna.kz Telegram

Қазір жоғары оқу орнын тәмамдаған жастар үшін мамандық бойынша жұмысқа тұру қиын. Себебі университет оларға 4 жылдан кейін қажетіне асатын дағдыларды үйретпей, теориямен шектеледі.  Жоғары білім саласының негізгі клиенті — жұмыс беруші болғандықтан олардың талабы да ескерілмей келеді. Қазіргі таңда, жұмыс берушілерді де білім бағдарламаларының өзектілігі мен сапасы алаңдатып отыр. Атамекен ҰҚП-ның соңғы мәліметіне сүйенсек, жалпы алғанда жұмыс берушілердің 68 пайызы қазіргі оқу бағдарламасына көңілдері толмайды. Қазақстанда 60-тан астам ЖОО-да оқыған түлектердің жартысы жұмыссыздар қатарында.

Осы орайда, « Жұмыс берушілердің университет түлектеріне көңілі тола ма?»  деген тақырып ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты ADAL BILIM жобалық офисінің алаңындағы талқыланды.  Тікелей эфир барысында М.С. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университеті Басқарма Төрағасының орынбасары Ерболат Мұхамеджан  халықты толғандырып жүрген  өзекті сұрақтар қойды.

«Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары  Олжас Ордабаевқа  «Түлектері  жұмыссыз жүрген ЖОО-дарын жабу қажет пе? Пандемияны ескере келе, 2021 жылы Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі қалай өзгерді? Жастардың жұмысқа орналасу мәселесін шешу жолдары қандай?» деген сауалдар қойылды. Олжас мырзаның тікелей эфирде айтқан статистикалық ақпараты ойландырып тастады.  Мамандықтардың 90%-ының рейтингін анықталғанын айтып, университет түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші төмендеп кеткенін жеткізді. Алайда бұл пандемияға байланысты болуы да мүмкін дейді.

«Білім бағдарламаларының 32 %-ы ғана жұмыс берушілердің көңілінен шығады, 15,6% - ы іске жарамсыз, қалған 52%-ы күрделі өзгертуді қажет етеді. 29 университеттің білім бағдарламасының 80 %-ы өзекті емес. Бір қызығы, дәл осы ЖОО түлектерінің жұмысқа орналасу деңгейі де төмен. "Мобильді жұмыспен қамту орталықтары" жобасы аясында Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында 220 мыңға жуық азаматқа қызмет көрсеттік.  Олардың арасында жоғары және орта білімі бар 25-46 жастағы еңбекке қабілетті адамдар бар.  Бірақ дипломдары жұмыс табуға көмектеспей отыр. Өйткені 45% -ында қоғаммен қарым-қатынас орнату, командамен жұмыс істеу, өз ойын ашық жеткізу, сыни ойлау қабілеті сияқты еңбек дағдылары жоқ. Жұмыс берушілердің айтуынша, оларға оқу барысында ақпаратпен жұмыс істеуді үйретпеген, ресми хат жазып, құжатты дұрыс толтыра да алмайды»,- дейді Олжас Ордабаев.

"Адырна" ұлттық порталы. 

Фото ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер