Сапасыз жол талайдың ажалына айналған

2658
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында депутат Бауыржан Қаниев Премьер-министр Асқар Маминнің атына сауал жолдап, Ақтөбе облысында сапасыз жол жыл сайын неше адамның өліміне себеп болғанын баяндады.
Депутат айтып отырған участок «Нұрлы жол» бағдарламасының екінші кезеңіндегі отыз жобаның ішіне кірген.  Бауыржан Қаниев «Орталық-Батыс» атты жоба ішінде «Қандыағаш-Шалқар-Ырғыз» жолына тезірек қаржы бөлінуі керек   деп  санайды.
«Нұрлы жол» бағдарламасының 2020-2025 жылдарға арналған екінші кезеңінде 30 жобаны іске асыру көзделген. Осындай ірі жобалардың бірі - «Орталық-Батыс» тас жолы.  Жалпы «Орталық-Батыс» автомобиль дәлізі
Нұр-Сұлтанды Ақмола, Қостанай, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарымен байланыстырады, осылайша төрт қалалық агломерацияның екеуін және Қазақстан Үкіметінің Өңірлерді дамыту бағдарламасында көрсетілген екінші деңгейдегі екі қаланы біріктіреді», - деп ақпарат берді депутат.

Жалпы,     «Нұр-Сұлтан-Арқалық-Торғай-Ырғыз-Шалқар-Қандыағаш» автомобиль жолындағы осы "Орталық-Батыс" автомобиль дәлізінің ұзындығы 1292  шақырым, оның ішінде Ақтөбе облысының аумағында 518 шақырымы жатыр.

«Қазіргі таңда,«Орталық-Батыс» жоба аясында проблемалық сұрақтар туындап отыр.  Ең алдымен, қолданыстағы Республикалық маңызы бар «Қандыағаш-Шалқар-Ырғыз» автомобильдік жолы қанағаттанарлықсыз жағдайда тұр. Соңғы жылдары Ақтөбе облысының автомобиль жолдарының нашарлығына байланысты  жол-көлік оқиғалары  бойынша облыс статистикасы көңіл көншітпейді. Мәселен, 2018 жылы 643 жол апаты орын алып, 95 адам қаза болып, 796 адам жарақат алды. Ал  2019 жылы 870 жағдайға дейін өсті, онда 110 адам қаза тауып, 1173 адам жарақат алды», - дейді депутат.

Бұл жолдың мәселесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы 22  мамырда Ақтөбе облысының жұртшылығымен кездесу кезінде де айтылған. Президент аталған учаскенің стратегиялық маңыздылығын назарға алып, 2020-2025 жылдарға әзірленіп жатқан «Нұрлы жол» мемлекеттік инфрақұрылымдық даму бағдарламасы шеңберінде «Қандыағаш - Шалқар - Ырғыз» жолдарын реконструкциялауды қаржыландыруды қарастыру туралы Үкіметке тапсырма берген болатын.
«Аталған учаске бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайын.Жобаны іске асыру Ақтөбе облысы мен Қазақстан Республикасының көлік әлеуетін едәуір кеңейтуге, сондай-ақ автокөліктің неғұрлым қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Баяндалғанға байланысты, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Үкімет жоғарыда аталған жобаның қаржыландыру көздерін айқындау және оны уақтылы аяқтау жөнінде шаралар қабылдауды сұраймыз», - дейді депутат.

 

«Адырна» ұлттық порталы

 

 

 

Пікірлер