Ұлттық намыс, ұят деген ұғымдар әлі отаршылдықтың қатпарында ұйықтапжатыр сенат депутаты Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы әлеуметтік желідегі белсенді депутаттардың бірі. Жоғары палатада мандат алып отырған Мұрат Бақтиярұлы ресми парақшасы арқылы тағы да өзекті мәселе көтеріп отыр, деп хабарлайды “Адырна”
Депутат бұл жолы бүкіл заңымыздың алдымен ресми тілде жазылып, кейін қазақ тіліне аударылатынын үлкен сынға теңеп отыр. Сөз соңында депутат бүкіл заңымызды қазақ тілінде жазатындай заң қабылдамайынша, тіл туралы айтып келе жатқан үгіт-насихаттың бәрі бекер дейді.
«Парламент - Конституция бойынша биліктің үлкен тармағы, яғни заңдар қабылдайтын мемлекеттік орган. Өкінішке қарай, осы кезге дейін елімізде тек екі заң ғана мемлекеттік тілде, қалғандардың барлығы ресми тілде жазылған.
Әлемді былай қойып, бұрынғы Кеңестер Одағы мемлекеттерінің ішінде көлемі жапырақтай Балтықмаңы, Кавказ, көрші Орта Азия елдері соңғы отыз жылдан бері заңдарын өз тілдерінде жазып, қажет болса орыс тіліне аударады. Біз ресми тілде жазамыз, сосын қазақ тіліне аударамыз. Айтарға сөз жоқ. Ұлттық намыс, ұят деген ұғымдар тәуелсіз ел болғанымызға отыз жылдай болса да отаршылдық сананың қатпарында әлі ұйықтап жатыр», - деп жазады сенатор.
Депутат заңдарды алдымен қазақ тілінде жазу керек деген ұсынысты парламенттің бұған дейінгі депутаттары да, қазіргі депутаттары да « шырылдап» айтады, бірақ, мәселе «баяғы жартас бір жартас қалпында» дейді ол.
«Ұлттың — ҰЛТ екенін айқындайтын ең негізгі белгісі - оның тілі. Ойланып көрейікші, мемлекеттің тілі - сол қоғамның барлық саласында толыққанды қолданылмаса оны қандай ұлтқа жатқызамыз? Бір нәрсе ақиқат, біздің барлық билік тармақтары мен заңдарымыз мемлекеттің атын иемденген ұлт тілінде сөйлейтіндей ЗАҢ қабылдамайынша, ширек ғасырдан бері тіл туралы айтылып келе жатқан үгіт- насихат жұмысының нәтижесі мардымсыз болып қала береді. Саяси шешім қабылдайтын уақыт әлдеқашан келді», - дейді сенатор.
«Адырна» ұлттық порталы