22 қазан күні Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры сазгер Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдық мерейтойына орай "Өмір – Өзен" атты музыкалық театрландырылған қойылымын қойды. Соған орай «Адырна» ақпараттық агенттігінің тілшісі қойылымның режиссері Еркебұлан Қабдылдан сұхбат алған еді. Сүбелі сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
Жаңа маусымды неліктен Шәмшінің шағын қойылымынан бастадыңыздар?
Биыл – Шәмшінің 90 жылдығы. Соған орай кішігірім премьера жасадық. Бұның алдында онлайн премьера жасалған болатын. Карантин бәсеңдетілген соң көрермендерімізге Шәмшінің қойылымының офлайн премьерасын көрермендерге ұсынып отырмыз.
Спектакль жайында қысқаша өз ойыңызды айтып өтсеңіз?
Режиссер ретінде Шәмші Қалдаяқовты қояр алдында ұзақ ойландым. Қазіргі көрермендердің талабы мен талғамы бәрімізге белгілі. Әнді орындауда ешқандай фонограмма қолданбай, актерлар жанды дауыста орындап шықты. Актердің энергетикасы арқылы әнді көрерменге жеткізуге тырыстық. Ең басты мақсатымыз – Шәмші әндерін өскелең ұрпаққа насихаттап, ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Төл өнеріне баулып өскен бала келешекте өз елі мен жеріне деген махаббаты мол болады.
Қойылым басына каска киген құрылысшылармен басталады. Оның идеялық мәні қандай?
Шәмшінің әндері әр қазақтың жүрек түкпірінде орын алады. Сол себепті қойылым ең алдымен көрермендерге Шәмші әнін орындату арқылы басталады. Мұндағы басты мақсат - біз қарапайым құрылысшы болсақ та, биші болсақ та, біз махаббатқа мастансақ та, біз тойда жүрсек те, қайда босақ та қазақ бар жерде Шәмшінің әні бар екенін көрсеткіміз келді.
Қуыршақ театрының алдағы жоспарлары қандай?
Алға қойған мақсаттың бірі – театрда қазақи қойылымдар қою. Тек қана қазақ емес, ежелден келе жатқан түркілерге ортақ ертегілерді де сахналап, жас көрермендеріміздің назарына ұсынсақ дейміз.
Ақгүл АЙДАРБЕКОВА,
«Адырна» ұлттық порталы