Туды қорлағанды өлім жазасына кескен ел бар

7680
Adyrna.kz Telegram

Кешелі бері қазақстандық әлеуметтік желіні сайқымазақ әртіс Саша Барон Коэн жарып тұр. Қазақ қоғамы үшін Борат деген атпен танымал бұл кейіпкер бұған дейін «Борат» фильмі арқылы атын шығарса, ал қазір екінші фильмінен бөлек, Қазақстанның мемлекеттік туын қорлау әрекетімен жұрттың назарын өзіне бұрды.

Боратқа қатысты кешегі күні әлеуметтік желіні дүр сілкінткен видеоға тоқталудан гөрі, сол видеоға қатысты әлеуметтік желідегі бірқатар пікірлерді назарларыңызға ұсынуды жөн санадық.

Қазақстанның Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісі Абзал САПАРБЕКҰЛЫ: «Мағжан атамыз Алыстағы бауырыма деген жырды осы түрік ағайынға босқа арнамаса керек. Әрине түрік жұрты басқа елдің ұлттық символдарына құрметпен қарайтын халық. Алайда туысқан, бауыр, дос халықтың намысын өз намысындай көретін мәрт халық», деп жазып, ел назарына қысқаша ғана бейнероликті ұсынды.

Ал шымкенттік  Нияз ДӘУЛЕТ: «Мемлекеттігімізді айқындап, танытып тұратын нышанымыз.

- Өліп бара жатсаңда туың жығылмасын деген халықпыз.

Ұлыбритания - корольдік мемлекет. Туы бар, қадірі жоқ немесе олар үшін бәрібір комплекс жоқ. Туынан түрси (труси) тіккен ел.

Саша Коэн (шошқалар ренжіп қалмасын) - дені сау емес клоун

Қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.

Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп найзасына жылқының қылын таққан елміз.

Дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз.

Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзын ақтай білген елміз.

Бірақ асқақтаған хан болса – хан ордасын таптай білген елміз.

Атадан ұл туса – құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса – күң боламын деп тумайды, ұл мен қызын жатқа құл мен күң етіп отыра алмайтын елміз.

Сен темір болсаң, біз көмірміз – еріткелі келгенбіз, қазақ-қалмақ баласын теліткелі келгенбіз.

Танымайтын жат елге — танысқалы келгенбіз, танысуға көнбесең – шабысқалы келгенбіз.

Сен қабылан болсаң, мен арыстан – алысқалы келгенбіз, тұтқыр сары желіммен жабысқалы келгенбіз.

Бітім берсең – жөніңді айт, бермесең – тұрысатын жеріңді айт!”

Бұл сөздерді айтқанда Қазыбек би бабамыз 14 жаста екен. Цеван Рабданды (жауыз жоңғар қонтайшысы) далбасалатып қойған екен сонда.

Рәмізімізді қорлап, Мемлекеттігімізді таптаған, Ұлтымыздың абыройын төккен фильм түсіріліпті. Алдында шықты. Әлгі клоун ойнайды.

Қазыбек би бабамыздай бір оғланның болмағаны ма? Өкінішті.

Біз әлде ішімізден бір бірімізді талап жүре береміз бе?

Қазір байырғы шақ емес, атқа қонып, қайқы қылыш асынып жолға шығатын. Иә, бақсақ мүмкін біздің эмоцияға беріліп, бір ойран ұйымдастыруымыз кейбір жымысқы әлемдік саяси ойыншы лоббистер үшін қажет болып отырған да шығар», -деп бұл  мәселені халықаралық деңгейде шешуді сұрап Ерлан ҚАРИН, Батырхан ҚҰРМАНСЕЙІТ ағаларына сұрау салды.

Танымал журналист Асхат САДЫРБАЙ: «Біз мемлекеттік рәміздерімізді құрметтейміз. Өзге бір елдің тентегінің фильмін жарнамалауға атсалысқым келмейді. Тентекті тентек деген сайын бөркі қазандай болады. Оларға көңіл аударып, бассыздыққа бас қатырудың қажеті жоқ. Туды мазақ еткені үшін заң алдында жауап берсін. Заң ғана орнына қояды деп ойлаймын».

Қызылордалық Дмитирий ПОПОВ-тың: «Можно шутить над кем угодно и над чем угодно, но не национальными символами страны. Ни одно государство в мире, каким бы он продвинутым не был, не потерпит надругательство над своим Национальным флагом. Шутки, шутками, но то что они делают, это уже перебор, прямое оскорбление целой страны и нации», -деген жазбасына Малик Аденов: «Я тоже на первый фильм Бората злился, нас позорит. Но прошло время, наш власть опозорила, унизило нашу страну так что Борату и не снилось. Так что это ерунда что он творит», -деп жауап жазды.

Дастан МЫРЗА: «Боратқа несіне ренжисіздер, достар?Алтын сандықтың үстінде жалаңбұт отырған елміз. Ол рас. Суреткердің қиялына шек бар ма, біреудің жобасы болса да астыртын түрде соны жеткізіпті. Әлде шындықтың ащы боларын білмеп пе едіңіздер?»

Қуаныш ЕДІЛХАНТЕГІ: «Өкінішке орай Бораттікі дұрыс сияқты, бірақ оның мазағы бір адамға, сол орнатқан системаға ғана бағытталған-ау деп ойлаймын. Біз, қазақ халқы, ұялатындай еш орнымыз жоқ, ұялса бүкіл әлемге өз елін мазақ еткізіп қойған топастар ұялсын.

Әйтпесе біздің не күнәміз бар - ешкімнің ала жібін аттағанымыз жоқ, ешкімге зиянымыз тиген жоқ, қайта басқаларды бауырымызға тартқаннан басқа. Ал ел басқарып отырғандардың, расында да Борат мазақтайтындай тұстары көп. Аустралиядағы теңіз жағалауындағы алып ескерткішті қараңыз, бәрі соған табынып жатыр. Солай екені өтірік емес қой - бүкіл көше, әуежай, мектеп, ЖОО, тіпті қалаға шейін қаптап кетті емес пе?»

Фейсбук әлеуметтік желісіндегі Боратқа қатысты пікірлер саналуан. Бірі назарға алмауды айтса, енді бірі намысты таптатпауға шақыруда. Қалай десек те, Қазақтың көк туының табанға тапталып, мазаққа айналуы ешкімді де бей-жай қалдырмағаны сөзсіз. Әлеуметтік желі улап-шулап, уақыт өте басылады, іс осымен бітеді ме? Әрі қалай бұл мәселенің шешімі қалай табылады? Әзірге белгісіз. Белгісіз болатыны, мақала жарияланған осы минуттарға дейін Қазақ билігі тарапынан ресми мәлімдеме жасалмады.

Интернет иірімдерінен түрлі мемлекеттерде рәміздерді қорлауға қатысты болған оқиғалар тізбегін тауып алдық. Мысалы, Израильде мемлекеттік туды қорлаған адам үш жылға қамауға алынып, 60 мың шекел айыппұл төлейді екен. Израильдің екі туына қызыл бояу жаққаны үшін Рамле Адель Амасисті Тель Авив соты «мемлекеттің туын қорлау-сол мемлекеттің халқын қорлау» деп айыптап, жазаға тартыпты.

Испанияда әзілкеш Даниэль Матео әзіл бағдарлама барысындағы қойылымда  испан мемлекеттік туымен мұрнын сүрткені үшін қылмыстық жауапқа тартылған екен. Молдованың екі көше сыпырушысы қоқыс тасу үшін мемлекеттік туды қолданғаны үшін бір жылға бас бостандығынан айырылған. Ұлыбританияда Pink Floyd тобының гитаристі Дэвид Гилмор Біріккен Корольдіктің туына сүйенгені үшін жауапқа тартылса, АҚШ-тың Жаңа Орлеан штатында Уильям Мамфорд деген адам туды отқа жаққаны үшін өлім жазасына кесіліпті. Әйтсе де, бұл өткен ғасырда болған оқиға деседі. Бірақ американдықтар жазаның осы түрін қайта қолдану керегін жиі көтеріп жүрген көрінеді. Әнші Паулина Рубио суретке түсу кезінде Мексиканың туын жамылғы ретінде қолданғаны үшін жауапқа тартылған.

Басқа елдермен салыстырғанда, Түркия өзінің туына аса құрметпен қарайтын және өзгелерден де соны талап ететін бірден бір ел. Түрік делегаттары өздері барған кез келген елде Түркияның мемлекеттік туының қай жерде, қалай ілініп тұрғанына дейін терең мән береді екен. Егер түріктің туы тиісті орнында тұрмаса, түрік делегаттары келген жерінен теріс бұрылып шығып кете береді дейді білетіндер.

Жоғарыда сөз еткен оқиғалар әрбір елдің мемлекеттік рәмізінің қаншалықты маңызға ие екенін айғақтап берсе керек ті.

2019 esquire.kz сайтына берген сұхбатында Борат:«Қазақстан өмірімде естімеген, мен білмейтін ел болғандықтан,  сол елді фильміме таңдап алдым. Посткеңестік бір елдегі кейбір жағдайларды өз шығармамда неге көрсетпеске? Мен Қазақстанды мазақ еткен жоқпын. Менің ойдан құрап, ойлап тапқан елім расымен де жер бетінде бар деп ойлайтын адамдарға күлкім келеді және менің мазақ ететінім де сол адамдар», -дейді.

Бәлкім, Борат расымен де миы жеткен дүниені жасап, елге фильм дегізіп ұсынған болар. Алайда Қазақтың мемлекеттік туын желбіретіп қойып, жүйкеге салмақ салатын бейнеролик түсіруіне, фильм түсіруіне адами ақылы жол бермеуге тиіс еді. Әрине, егер Боратта адами ақыл бар болса...

Рауана ДИМАШҚЫЗЫ,

«Адырна» ұлттық порталы.

Фото ашық дереккөзден алынды.

   

Пікірлер