Президент ішкі қоныс аударушыларға баса назар аударды – Мұқибек

2317
Adyrna.kz Telegram

Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші жиналысы өз мәресіне жетті. Бұл жолы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы ішкі қоныс аударушыларға баса назар аударды. Аталған отырыс қарсаңында көші-қон саясатына байланысты он ұсыныс ұсынған болатынмын. Бұл туралы Ауыт Мұқибек facebook-тегі парақшасында жазды.

Халқы тығыз қоныстанған Оңтүстік өңір тұрғындарын Үкімет айқындаған аймақтарға қоныстандыру жұмысын жақсарту үшін Президент бірыңғай қолжетімді электронды ақпараттық база жасауды және Үкімет айқындаған облыстарға қоныс аударып барғандарға берілетін қаражатты екі есе көбейтуді тапсырды, - деді ол.

Сондай-ақ, ол Мемлекет басшысы қандастарымыздың баспана кезегіне тұруда кедергі болып отырған «Тұрғын үй қатынастары туралы» заң мен «Халықтың көші-қоны туралы» заң арасындағы сәйкессіздік тоқталып, Үкімет айқындаған өңірлерге қоныстанған қандастарымыздың «Қандас» мәртебесімен тұрған баспана кезегін Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейін де сақтау туралы тапсырма бергенін айтты.

Бұл – қандастарымыздың Үкімет айқындаған жеті облысқа көптеп қоныстануына өте тиімді шешім және сүйінші сұрайтын жаңалық деп білемін.Ал сырттан келетін қандастарымыз туралы өзге ұсыныстарымыз туралы сөз болған жоқ. Мен мұны қазіргі пандемия жағдайымен байланысты жасалған шешім деп топшыладым. Себебі қазір шекара жабық. Қашан ашылары белгісіз. Шеттен көшіп келіп жатқан да ешкім жоқ.Алла қаласа, ол ұсыныстарымыз келесі отырыста сөзсіз қаралады деп сенемін, - деді ол.

Пікірлер