Қазаққа қауіпті мультфильмдер

4191
Adyrna.kz Telegram

Балаларға толық тәрбиені ата-ана береді деп айта алмаймыз. Бала санасының қалыптасуында және дамуында оның көрген мультфильмдері ерекше орын алатындығы бәрімізге мәлім. Орта есеппен алғанда балалардың кемінде 1-2 сағаты теледидар және ұялы телефоннан мультфильм көрумен өтеді екен. Барлық дерлік мультфильмдерді жақсы деуге келмегенімен, пайдасынан зияны көп болғанына қарамастан қазіргі таңда балалардың сүйікті мультфильміне айналып отыр. Ересек адамдар көрсе түсінбейтін, балалар бар  уақытын арнайтын мультфильмдерге үңіліп, зер салып көрейік.

Спанч боб:

100 мыңнан бастап 25 млн-ға дейін көрермені бар бұл мультфильм сырт көзге күлкілі болып көрінгенімен, астарына үңілсек миға қонымсыз дүниелерге тап боламыз.

Балалардың сүйікті кейіпкеріне айналған Губка Бобтың досы Патриктің ойлау қабілеті шектеулі. Ол сонысымен балаларға шаттық сыйлайды. Шаттық сыйлап қана қоймай, сонымен қатар, балаларды ақылсыз болуға шақырып тұрғандай.

Спанч Боб мультфильмі арқылы балалар нені үйренеді?

Ақшаға құнығу. Мультфильмнің тағы бір персонажы Мистер Крабстың ақшаға құныққандығын және ақша үшін бәріне дайын екенін көрсетеді.

Ұрлық жасау. Мультфильмде балаларға ұрлық жасауды дәріптейтін, оның неше түрлі айлаларын көрсететін персонаж – Планктон.

Достарыңды жақтыртпау, ұйқы құмарлық. Сквидвардтың өз достарына деген салқын қарым-қатынасы, оларды менсінбейтіндігі, жалғыздықты ұнататындығы балаларға жақсы тәлім емес екендігі белгілі. Өмірі ұйқысы қанбай жүретін Сквидвардт бала психикасына орасан зор залал келтіреді.

Маша мен аю:

Әр бөлімі миллионнан кем көрілім жинамайтын бұл мультфильмнің де балалар үшін керегі шамалы. Неге дейсіз ғой? Алғашында Маша мен аюдың күнделікті өмірі сізге де күлкілі әрі қызық болуы мүмкін. Кейін келе басты персонаж Маша сіздің де ашуыңызға тие бастағанын байқайсыз. Кішкентай ғана қыздың аюға өз білгенін істетуі балаларға не үйрете алады екен?

Эгоизм мен тәртіпсіздік. Түрлі қылық танытып, аюдың басына әңгір таяқ орнатып, өз дегеніне жететін Маша эгоизмдіктің символына айналды. Оны көрген әр бала бұзық болуға болады деп түсініп ата-анасын өзінің артынан жүгіртіп қойғанды құп көреді. Бұзықтықтың шегіне жеткен Маша тек аюдың ғана емес, сонымен қатар, балардың да психикасының бұзылуына әкеп соқтыруы мүмкін.

Үлкенді құрметтемеу және оғаш қылықтар. Мультфильмдегі аюдың үлкен екені бәрімізге мәлім. Осы орайда Машаның аюдың жас ерекшелігіне байланысты құрмет көрсетпеуі біз үшін тәртіпсіздіктің шегі емес пе? “Үлкенге құрмет, Кішіге ізет”– дегенді естіп өскен баланың үлкенге лайықты құрмет көрсететіндігі анық. Машаны көрген баладан үлкенге деген қандай құрмет күтуге болатындығын ойлаудың өзі қорқынышты.

Әсте, тісі ауырып жүрген баланың қайта-қайта барып тісін жуып жүргенін байқадым. Анасынан неге балаңыз қайта-қайта тісін жуа береді деген кезде, анасы бір бөлімде Маша тісі ауырған кезде тісін жуса, жазылып кететіндігін айтып, баласының содан көргенін істеп жүргенін айтты. Бір өкініштісі, балаға тісті қайта-қайта жуу әсер етпеді. Ауруы одан басылмады.

Жоғарыда айтылған оқиға мульфильмнің бала санасына қалай әсер ететіндігінің көрінісі. “Ел болам десең, бесігіңді түзе” деген М. Әуезовтың терең мәнді нақыл сөзін қайта-қайта оқып, өзіміздің төл мультфильмдерімізді шығару балалардың баянды болашағы үшін істеген ең қайырымды ісіміз болары анық.

Біз тек қана екі ғана мульфильмнің астарына үңіліп көрдік. Тәрбиелік мәні шектеулі екендігіне ғана көз жеткізбей, оның бала психикасына, тәрбиесі мен санасына деген пайдасынан зияны көп әрекеттерді байқадық. Балалардың көзайымына айналып отырған осы екі ғана мультфильмнен осындай қорытынды шықса, қалған мультфильмдерді ойлаудың өзі қорқынышты.

  Зиян, мағынасыз мультфильмдерді көргені үшін баланың еш кінәсі жоқ. Бақытты балалық шағында, батырлардың ерлігін дәріптейтін, саналы ой сала білетін, салт-дәстүріміз айшықталатын мағыналы мультфильм ұсына алмаған кінә өзімізден екенін, бала тек бар нәрсені көретіндігін түсінуіміз керек. Қазіргі балалар агрессивті, ашуланшақ деп бар кінәні балаға жаппай тұрып, ең алдымен кінәнің өзімізде екенін мойындағанымыз дұрыс. Алдағы уақытта, бірер жылдың ішінде тәрбиелік мәні терең төл мультфильдеріміз шығып, балаларымызды дұрыс тәрбиелей алатын жағдайға жетеміз деп сенеміз!

 

Лаура ТҰРСЫНЖАН,

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер