Шымкентте «Төлем» жүйесі іске қосылды

2861
Adyrna.kz Telegram

Қазіргі таңда бүкіл әлем күн санап цифрландыру әлеміне еніп барады. Диджитилизация да қоғамдық қатынасты өзгертіп жатқаны хақ. Жақында Шымкентте  жаңа сандық технологияның сәтті дамып келе жатқаны туралы Шымкент қаласының әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан өзінің фейсбук парақшасында мәлімдеді. Нақты айтқанда, қаланың қоғамдық көліктерінде жаңадан «Төлем» атты төлем жүйесі іске қосылыпты.

Шымкент қаласының әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқанның айтуынша, бұл жаңа жүйе арқылы жолаушылар ағынының статистикалық есебін  жүргізуге және нақты деректер арқылы әлеуметтік мәні бар маршрутарды субсидиялауға мүмкіндік туады.

Қоғамдық көлікте жол жүру төлемақысын төлеу үшін  көлік карталарының 4 түрі қарастырылған. Олар: стандарттық (жалпы пайдалануға), мектеп оқушыларының, студенттік және  жеңілдетілген карталар. Жолаушылар көлік картасымен, SMS, QR-код, смартфонды (NFC) қолдана отырып жол жүру ақысын төлей алады. 1 қарашадан бастап көлік карталары арқылы қолма-қол төлеу кезінде қазіргі қолданатын тарифпен 70 теңге төлейді, ал қолма-қол ақшамен төлеу кезінде тариф 100 теңге болады. Көлік картасының бағасы 500 теңге, бір рет тегін жол жүру ақысы беріледі. 14 мың көлік картасы Ұлы Отан Соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне, тыл еңбеккерлеріне (Ерен еңбегі үшін медалімен марапатталғандар) Батыр ана, Алтын алқа, Күміс алқа төс белгі иелеріне  және  І-топтағы көру қабілеті нашар зағип жандарға тегін таратылады.

Жеңілдікпен жүретін азаматтарға карталарды тегін тарату мақсатында Шымкент қаласының әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту басқармасы мен қаладағы барлық халыққа қызмет көрсету орталықтарынан арнайы орындар ұйымдастырылған. Аталған орындарда жеңілдік картаны алу үшін азаматтардан қажетті мәліметтер қабылданып, базаға енгізіледі. Бүгінгі таңда инвестор тарапынан көлік компанияларымен шарт жасалып, автобустарға валидаторлар орнатылды.

Сонымен қатар, смартфон пайдаланушыларына арналған «Open Shymkent» мобильдік қосымша әзірленген, айтылған қосымша арқылы қолданушы өзінің картасының теңгерімін тексере алады. Сондай-ақ, теңгерімін толтырумен қатар жол жүру тарихын да көруіне болады.

Одан өзге қала тұрғындары «Open Shymkent» қосымшасы арқылы басқа да қалалық әкімдікпен көрсетілетін қызмет түрлерін ала алады. Тұрғындарға анықтамалық ретінде 8 775 811 2222 бірыңғай байланыс CALL-орталығы іске қосылған. Айта кету керек, «ТӨЛЕМ» карталарын қаладағы сауда үйлерінен алуға болады.

Дайындаған: Д. Арғынгелді

Дереккөз: мәліметтер Шыңғыс Мұқанның фейсбук парақшасынан алынды.

Пікірлер