Шымкент: ықтималды екінші толқын кезіндегә үйлестіру тобының жұмысы пысықталды

2478
Adyrna.kz Telegram

Бүгін ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушысы Б.Позилов және Денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің қатысуымен қаладағы эпидемиологиялық ахуал төңірегінде брифинг өтті.

Баспасөз мәжілісінде Бақытжан Жолдасбекұлы, ең алдымен, эпидемиологиялық жағдай кезіндегі үйлестіру топтарының жұмысына тоқталды.

– Үйлестіру топтары ықтималды екінші толқын кезінде ситуациялық штатта отырып, әрқайсысы өз саласы бойынша жұмыстарын атқарады. Мәселен, олар жедел жәрдем қызметтері, күндізгі стационарлар мен провизорлы орындар және құрылғылар барысын, жалпы, эпидемиологиялық жағдайды бақылайды әрі оған жауап береді. Бұл жұмысымыздың сапасын арттырады, оған қоса қалыптасқан ахуалды едәуір жеңілдетеді. Осы ретте үйлестіру тобына құрылғылардың жұмыс сапасын арттыру мақсатында бас рентгенолог және компьютерлік томография мен рентген аппараттарына жауап беретін техника мамандарын қостық, – деді Б.Позилов.

Бақытжан Жолдасбекұлының айтуынша, ықтималды екінші толқын кезінде провизорлы және инфекциялық стационарлардың жұмысын әзірлеу мақсатында арнайы 3 сценарий түзілген. Олар – тұрақты, қолайсыз және жағдай өршіген кез. Бұл жоспарлар («А», «Б» «С») барысында бір-біріне ауысу сәтін үш сағаттың ішінде жүзеге асыру жолға қойылған.

Брифингте белгілі болғандай, қалада коронавирус жұқтырған науқастарды қабылдайтын 13 диагностикалық орталық ұйымдастырылған. Онда 17 КТ және 30 рентген аппараты бар. Сонымен бірге 6 ПТР зертханасы бар, оның 2-еуі жаңадан ашылған, тәулігіне 2 500 тест қабылдайды. Сондай-ақ, материалдық-техникалық жабдықтау бойынша қосымша 282 ИВЛ аппараты алынып, жалпы саны 612 бірлікке жеткен. Одан бөлек, жаңа 3 оттегі станциясы мен 9 сұйық оттегі резервуары қондырылған. Ал жедел жәрдем бойынша жаңа call-center іске қосылған және шақыруды қабылдау линиясы 9-дан 28-ге өсіп, операторлар саны үш есеге артқан. Сонымен қатар, медицина ұйымдарының өзара әрекет алгоритмі пысықталып, науқастарды категорияларға бөлуді үйлестіру үшін 3 рет оқу-жаттығу өткізілген.

Айта кетейік, бүгінде қалада эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Қала бойынша КВИ жұқтырудың жалпы 5 209 жағдайы тіркеліп, оның ішінде 5 129 науқас дертінен сауыққан. Ал ЖРВИ бойынша қазіргі уақытқа дейін 126 635 адамға вакцина салынған. Бұл көрсеткішті 128 мыңнан асыру көзделіп, 15 қарашаға дейін жүз пайыз орындау жоспарға қойылған.

Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы

Фото – Береке Сейітжаппар

Пікірлер