Мен де ауылдан шықтым - облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов

4024
Adyrna.kz Telegram

Әбілқайыр Сқақов Павлодар облысының әкімі болып тағайындалғалы сегіз ай болды. Осы аралықта оның өңірде атқарған шаруалары туралы аз жазылып жатқан жоқ. Бұл жолы облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің тілшісі аймақтың тізгінін ұстаған басшымен рухани және ұлттық құндылықтар туралы сөйлесуді жөн көрді. Сондықтан, оны кабинетте емес, С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада әңгімелесуге шақырды.

- Әбілқайыр Бақтыбайұлы, елдегі ірі индустриалдық орталықтардың бірі - Павлодар облысының тізгінін қолға алғаныңызға жылға жуық уақыт өтіпті. Араға біраз уақыт салып кіндік қаныңыз тамған жерге оралдыңыз. Ел-жұртыңыз жатырқап қалған жоқ па екен? Сізді қалай қарсы алды?

- Әрине, Павлодар облысы – менің туған жерім, туған елім. Бұрын осы жерде 15 жыл қызметте болдым. Жұмыс бабымен Елордада істеп, елге қайта оралдым. Міне, содан бері сегіз ай өтті. Туған жерде қызмет ету оңай емес. Мен өңірді, мұнда өмір сүретін азаматтардың жағдайын жақсы білемін және олардың алдындағы жауапкершілікті өте жоғары сезінемін. Бірінші кезекте мен қазақы дөңгелек үстел ұйымдастыруды жөн санадым. Оның басына ел ағалары, ақсақалдарды, зиялы қауым өкілдері мен БАҚ құралдары өкілдерін жинадым. Олармен еркін отырып, тілдесіп, өңірдегі мәселелерді талқыладық. Ақсақалдар маған шын ниетімен батасын берді. Ол үшін мен өте ризамын. Жақсы қабылдады деп айтуға болады. Әкімдік қызметім басталған кез аудандар мен қалалар әкімдерінің есептік кездесулерімен қатарлас келді ғой. Сол жұмыс сапарларымды да алдыңғы толқын өкілдерімен кездесіп, зиялы қауымның ақыл-кеңестеріне құлақ асудан бастадым. Мен осы кездесулерде айтылған жайттарға үнемі назар аударамын. Баянауылға барғанда арнайы ат басын бұрып, Мәшһүр Жүсіп бабамыздың кесенесіне зиярат еттім. Кейін пандемия басталып, халықпен кездесулер тоқтатылды. Бірақ, жағдай қалпына келгеннен кейін, мен мұндай кездесулерді қайта өткізіп жатырмын. Мен үшін кез келген уақытта тұрғындармен тікелей диалог орнату маңызды.

- Сіздің осы өңірге басшылыққа келуіңіз әлемдегі күрделі кезең – пандемиямен тұспа-тұс келді. Аллаға шүкір, қазір жаман індеттің беті қайтқан сияқты. Облыстағы ахуал қалай болып жатыр?

- Жалпы, індетке қатысты облыс аймағындағы жағдай тұрақтанды. Қазір провизорлық бөлімшеде 14 адам (30.09.20 күнгі ақпарат бойынша - ред.) ем қабылдап жатыр. Өзіңіз жақсы білесіз, ауру ушыққан тұста ауруханалардағы жүктеме 98 пайызға жеткен болатын. Әрине, індеттің беті қайтты екен деп арқаны кеңге салуға болмайтынын жақсы түсінеміз, сондықтан біз коронавируспен күресуге бағытталған шараларды тоқтатқан жоқпыз.

Қазіргі уақытта аймақтағы оттегімен қамтамасыз ету нүктелерін алты есе көбейтпекпіз. Бұрын 228 нүкте болса, қазір олардың саны 1300, кейін 1400-ге жеткізуді көздеп отырмыз. Облысымыздың медицина мекемелерінде жасанды желдету аппараттарының саны екі есеге артты. Жыл соңына дейін үш есе көбейтеміз деген жоспарымыз бар. Қажетті қаражат бөлінді. Стационарлар мен дәріханаларда дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Бұл ретте әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы тұрақтандыру қорына қажетті қаражат бөлініп, 2,5 млн дәрі-дәрмек әкелінді. Бұған қоса, өңірімізде 200 төсекке арналған модульдік инфекциялық аурухана мен осыған қосымша Ғ.Сұлтанов атындағы аурухана жанынан 60 төсек-орындық инфекциялық клиника корпусының құрылысы жүріп жатыр.

Бұдан бөлек коронавирустың екінші толқынына дайындық ретінде облысымызда вакцина егу шараларын қыркүйектің алғашқы күндерінен бастап кеттік. Диспансерлік есепте тұрған адамдарға екпе егіліп жатыр. Осы орайда ірі кәсіпорындар мен мекемелер қызметкерлеріне өз қаражаты есебінен вакцина сала бастады.

Шынында, бұл індет бізге ғана емес, бүкіл әлемге оңай болған жоқ. Дәрігерлер қауымына ауыр болды. Осындай күрделі кезеңде жанкештілік танытты, дерті бар жанға шипа іздеп, аянбай еңбек етті. Өз басым пандемиямен күресте бірауыздылық танытқан барша жерлестеріме ризашылығымды білдіремін. Біз қиын кезден өттік. Бұрын-соңды кездеспеген індетпен күресу кезінде мол тәжірибе жинадық.

Қауіп сейілгенімен, біз кез келген жағдайға дайын болуымыз керек. Пандемия бізге осыны анық ұғындырды. Бұдан бөлек, өңірдегі медицинаның осал тұстарын да анықтап берді. Мәселен, осыдан үш жыл бұрын оңтайландыру шараларының сәтсіз жүргізілуі салдарынан инфекциялық қызмет жүйесі басқа ауруханаларға бөлініп тасталған екен. Соған байланысты науқастар облыстық балалар ауруханасы мен Ғ.Сұлтанов атындағы ауруханада емделіп келген еді. Салдарынан инфекциялық қызмет сапасы төмендеп кеткені белгілі болды. Біз осы мәселені кешенді түрде шешуге кірісіп кеттік.

- Әбілқайыр Бақтыбайұлы, өңірдің даму динамикасы жайлы тұрғындармен есептік кездесулерден, облыстық мәслихат депутаттары алдындағы есептеріңізден, мерзімді баспасөз беттерінен жақсы білеміз. Бүгінгі әңгімемізде рухани құндылықтарды тілге тиек етуге басымдылық берсек деген ниетіміз бар.

- Осы тақырыпты көтергеніңізге рахмет. Мен үшін басшы ретінде ғана емес, азамат, әке ретінде де өте маңызды мәселе. Рухани құндылықтар індет немесе басқа да көлемді проблемалар аясында жоғалып кетпеуі тиіс деп есептеймін. Рухани байлық адамның жеке басынан, тәрбиесінен, мәдениетінен басталады. Менің түсінігімде адам өзі өмір сүріп отырған қоғамға сай азаматты тәрбиелеуге тиіс. Ата-бабамыздан бізге жеткен ұлттық құндылықты сақтай білу – әрқайсымыздың парызымыз. Ұрпағымызға осы бір асыл қасиеттерді дарыту – тәуелсіз еліміздің бақытты келешегі үшін жасалатын жұмыс.

- Ауыл - біздің алтын бесігіміз. Ауыл десе, бәріміздің көз алдымызға шыбықты ат қып мінген балалық шақ келеді. Сіз үшін бұл ұғым нені елестетеді?

- Мен ауыл туралы айтқанда тоқтай алмаймын. Ауыл – менің туған жерім, балалық шағым, менің мектебім... Бәріміз де сол ауылдан шықтық қой. Мен үшін ауылмен тығыз байланысты бір ұғым бар. Ол - еңбек.

Жаз болса, малды өріске қосу, қыста жем-шөбін беру, құдықтан су тасу, бақша егіп, шөбін жұлу, қысқыға отын-су, жем-азық дайындау дегендей тірліктер ғой. Еңбектің не екенін мен жеті-сегіз жасымнан бастап білдім. Алдымен мектепке бармас бұрын, қорадағы тірлікті реттеп, мал жайғайтынбыз. Сабақ біткен соң да осы шаруа, одан бөлек «фляганы» жазда арбаға, қыста шанаға салып алып, су таситынбыз. Білесіз ғой, ауылда шаруа бітпейді. Үй тапсырмасын үлгермей, сабақ арасындағы үзіліс кезінде орындайтынмын. Балаға ұқсап ойнауға да мүмкіндік табатынмын. Одан соң, кешкі мал жайғау жұмыстары қайта басталады емес пе?! Ауылда болмаған адам мұны түсінбейді. Менің достарым балалық шағым туралы осындай естеліктерімді естігенде қатты таңғалады. Бірақ, Сіз мені жақсы түсінесіз деп ойлаймын. Ата-аналарымыз осылай еңбекпен тәрбиеледі. Содан жаман болған ешкімді көрмеппіз. Міне, балалық шақтың естелігі осындай.

Тағы бір айта кетерлігі, ауыл десе ең алдымен көз алдыма әжем келеді. Мен атамды көре алмадым. Бірақ, атамның орнын жоқтатпай қара шаңыраққа ие болған, қазақы тәрбиемен сусындатқан әжемнің орны мен үшін ерекше. Ортасында беделді, дана әйел, асыл әже бола білді. Бүгінгідей есімде, әжем үнемі: «Адам болам десеңдер, екі қасиетті жоғалтпаңдар. Адамгершілік және еңбекқорлық. Осы екеуі абыройларыңды асқақтатып, жұрт қатарлы өмір сүруге жетелейді. Қатарластарыңа сыйлы боласыңдар», - деп отыратын. Енді, міне, өзіміз ер жетіп, ата-ана атанған шақта балаларымызға сол әжемнің тәлім-тәрбиесін айтып отырамыз. Шамамыз келгенше, үлкендерден алған тәрбиені ұрпағымызға дарытуға талпынамыз.

Сондықтан, менің өмірімде ауылдың алатын орны бөлек. «Ауыл – ел бесігі» атты кезінде мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Осы және басқа да жобалар аясында қаншама ауылдардағы жолдарды күрделі жөндеуден өткізіп жатырмыз. Оған 2,5 млрд. теңгеге жуық қаражат қарастырылған. Мәселен, тек 2020 жылы 114 км-ден астам жол жөнделіп бітуі тиіс. Бұл - өткен жылмен салыстырғанда үш есе көп. Жалпы, ауылдарды дамытуға тек осы жылы 22,5 млрд. теңге бөлінді. Ауылды дамыту үшін қолымыздан келген барлық жағдайды жасаймыз. Одан бөлек, менің өз тарапымнан ауылға деген ерекше жылы көзқарасым бар. Өйткені, мен де ауылдан шықтым.
- Айтпақшы, осы тақырыпта сөз қозғалса, құлын-тайдың жалына жабысқан балалық шақ ойға оралады. Шыныңызды айтыңызшы, соңғы рет атқа қашан міндіңіз?

- Рас айтасыз. Бала күнімізде ойын балалары жиналып алып, тай мінетінбіз. Құлын кезінен жүген-ноқта салуға дайындап, тай үйреткеніміз есімде. Өкінішке орай, қазір күнде атқа мінетіндей мүмкіндік жоқ. Өз басым атқа соңғы рет былтыр қыста отырдым. Ол кезде Нұр-Сұлтан қаласында тұратынмын. Бір демалыста күннің аязына қарамастан, досыммен барып, серуендедік. Бала күнім есіме түсіп кетті ме, жиырма градустық суыққа қарамай, екі сағат уақытымды табиғат аясында өткізіппін. Атқа міну – мен үшін қарапайым спорт қана емес, шаршағанды басатын, рухты көтеріп, жан дүниені тазартатын терапия. Шынымен, ауырып жүрген арқам жазылып кетті.

Жалпы, төрт түлік ішінде жылқы өте сезімтал келеді ғой. Ол қорыққанды сезеді. Жақсы көрген адамға бас бермейтін асаудың өзі бағынады. Менің ойымша, әрбір азамат осы жылқыны баптау, міну мәдениетін барынша насихаттауы керек. Бір мезгіл уақыт тауып, бала-шағамызды жылқыға жақын
қылып тәрбиелесек, ұтылмасымыз анық.

- Расында да бүгін ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық құндылықтарымыздың дені сағымға айналды. Оған, әрине, өркениеттің әсері тиіп жатқаны түсінікті. Десек те, «ауызды қу шөппен сүрте беруге» болмас. Қоғамымыз рухани жаңғыру үрдісін кеңінен насихаттай бастады. Біздің аймақта ұлттық құндылықтарымыздың сақталу деңгейі қаншалықты деп ойлайсыз?

- Ұлттық құндылықты сақтау, рухани жаңғыру мәселесі күн тәртібінен түспеуі тиіс. Ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүр ешқашан ұмытылмағаны абзал. Бұл – біздің азаматтық борышымыз, басты міндетіміз. Уақыт өтер, заман өзгерер. Ал, біздің басты байлығымыз - ұлттық құндылығымызға деген көзқарас мәңгілік болуы шарт. Бір ғана мысал. Биылғы жылы облысымызда Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай, айтулы шаралар жоспарланған еді. Бірақ, пандемияға байланысты олар онлайн түрде жүзеге асып жатыр. Бұдан мерейтойдың маңыздылығы төмендемейді ғой. Карантин де тыйылар, қалыпты өмірге оралармыз. Бұйыртса, данышпан бабамыздың мерейтойы өз деңгейінде аталып өтер.

Той демекші, рухани құндылықтардың жоғалмағаны осы отбасылық тойлардан да белгілі ғой. Қазір той көп, соңғы кездері аптаның басынан бастап күнде әйтеуір бір отбасылық мерекелік шара болып жатады. Шілдехана, бесік той, сүндет той, тілашар, мерейтой, үйлену мен қыз ұзату – осының бәрі атадан балаға беріліп келе жатқан рухани құндылықтар ғой. Тек туған-туыс, дос-жаран болған соң, бәрі осындай атаулы күнді дәстүр мен салттың мағынасына терең үңілмей-ақ жеңіл-желпі қарап, тойлап кеткені дұрыс емес. Бірақ, пандемия басталғалы қазір той-думанға тыйым салынды. Ел-жұрт осы дәстүрді әбден сағынып жүр. Осы тұста карантиннің бір пайдасы болды деп есептеймін. Яғни, осы үзіліс кезінде халық дәстүр мен салттың маңыздылығы мен қадіріне ерекше назар аудара бастады. Оған бейжай қарауға болмайтынын, ата-бабадан қалған рухани мұраны барынша сақтап, жаңғырту керектігін адамдар қазір әбден түсінген сияқты. Бұл - жақсы нышан.

Одан бөлек, карантин басталмай тұрып, Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрынан Кенжебай Ахметов пен Жанат Хаджиевтің «Ерте ояндым, ойландым» қойылымын тамашаладым. Керемет рухани азық болды өз басыма! Абайдың жастық шағын суреттейтін бір эпизодтың осы күнгі маңыздылығын айта кеткім келіп отыр. Романды оқыған адамдар біледі. Қалада оқуда болған он үш жасар бала Абай елдегі «әңгімелерге» бола жазаланған адамдарды көреді. Әділетсіздікпен күресіп жүрген оның дүниетанымында үлкен сілкініс болғаны белгілі. Қысқасы, спектакль түсінген адамға ой салды. Заманның өзгергеніне қарамастан, бұл - бүгінгі қоғамның да проблемасы. Дәлелсіз, негізсіз айтылатын сөз көбейіп кетті. Әр сөздің айтылар жөні, орны бар екенін ұмытпаған жөн. Сөзге сақ болуымыз керек. Сөз қылыштан да өткір. Жаһандануға жұтылып кетпеу үшін осындай рухани құндылықтарды дәріптейтін шараларды ешқашан тоқтатпау керек.

- Әлемге танымал бір саясаткер: «Егер тіл мен мәдениетің жоғалса, шекараны аша сал. Бәрібір неңді қорғайсың? Бұл енді сенің елің емес...», - депті... Кәдімгідей ой салатын қанатты сөз екен.

- Сұрағыңыздың түпкі ойын түсіндім. Тіл туралы айтар болсақ, қазір тіліміздің дамуына қатысты аз айтылып жатқан жоқ. Дұрыс-ақ. Мен облысқа келгеннен кейінгі ең алғашқы әкімдік отырысында қаралған мәселе де тілге қатысты болды. Мемлекеттік тілді дамыту бағдарламасының жүзеге асырылуын талқыладық. Осы отырыста облыс деңгейінде тілдерді дамытудың концепциясы қабылданды. Соған сай жұмыс қолға алынды. Жалпы, тілдің дамуы билік немесе тіл мамандары ғана айналысатын мәселе емес, оған бүкіл қоғам болып атсалысу керек. Болашақ үшін бәріміз жауаптымыз. Сол себепті мен, билік өкілі ретінде, бұл мәселені зиялы қауым, жастар, БАҚ құралдары, яғни көпшілік болып бірге қолға алсақ, мәселені шешудің жолын бірге қарастырсақ деген ниеттемін. Жұмыла көтерсек, жүк жеңіл деп ойлаймын.

- Әбілқайыр Бақтыбайұлы, аз-кем әңгіме барысында Сіздің жеке тұлғалық қасиеттеріңізді де байқап отырмын. Жұмысбасты азамат болған соң, уақыттың тапшылығы өз әсерін тигізбей қоймайтыны түсінікті. Десе де, отбасы-ошақ қасында ұлттық құндылықтар туралы айтыла ма?

- Әрине, мен, азамат ретінде, ең алдымен әкелік міндетті алдыңғы орынға қоямын. Әкім болу ол – қызмет. Бала тәрбиесіне ата-ана жауапты. Оқыған-тоқығанымыз бар. Ол аз болса, әке-шеше мен ата-әжеден алған тәрбиеміз бар дегендей, өз балаларыма үнемі «адам бол, адал бол» дегенді санасына құйып отырамын. Ұл-қыз деп жіктемей, бәріне бірдей қарағым-ақ келеді. Бірақ, бізде «қыз – қонақ» деген қанатты сөз бар, сондықтан Ділдәма деген көзқарасым айрықша жылы.

- Ділдә? Халқымыз есім беруге ерекше мән берген ғой. Қызыңыздың атын кім қойды?

- Иә, ат беру кезінде кім болсын ырымға жүгінетіні белгілі. Қызымыздың атын жолдасым екеуіміз ақылдасып отырып, өзіміз қойдық. Абай атамызға жар болуға лайық тұлғаның есімін ерекше бағалайтынмын. Бір ұлымның аты – Тарлан. Ержүрек, жігерлі, таңдаулы деген мағыналарды білдіреді. Кенжеміз – Самир. Ол есім де тілмәш, бітімгер деген мағынада қолданылады.

- Ата-ана үшін бала тәрбиесі жауапты міндет деп өттіңіз. Үйдегі ұсақ-түйек шаруаларды жасап, балға-шеге ұстап дегендей, әкелік өнегеңізді көрсететін шығарсыз?

- Жоғарыда айтып өткенімдей, ауылда өскен балаға ұсақ-түйек жұмыс қиындық туғызбайды ғой. Жөндеу жұмыстарын жасаймын деп өтірік айтпай-ақ қояйын. Есіктің тұтқасы, су ағатын кранды қалпына келтіру сияқты шаруаларды өзім жасай беремін. Балға-шеге ұстауға әбден жаттыққанбыз. Ал, енді жұмыс күрделі болып жатса, сол саладағы өз ісінің шеберлеріне жүгінетініміз рас. Мен жұмыста әкім шығармын, ал үйде әкемін, сондықтан басты міндетім – әкелік парызымды орындау.

- Уақыт тауып, шынайы сұхбат бергеніңізге рақмет. Мақсат-мұраттарыңыз орындала берсін.

- Мазмұнды да мағыналы сұхбатқа шақырғаныңыз үшін Сізге де рақмет.

 

Әңгімелескен - Жұмабек Сманов.
Пікірлер