Аудан әкімінің айлығы – 680 мың теңге

3128
Adyrna.kz Telegram

Шымкент қаласындағы мемлекеттік орган басшылары мегаполис тұрғындарын айлық жалақыларымен таныстыруда. Аталған акция «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің бастамасымен қолға алынып, «Жемқорлық бізге жат» деп аталды. Бұл туралы Шымкент қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаменттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап  no-comment.kz хабарлады.

Аталған шараның негізгі мақсаты - мемлекеттік органдардың басшыларын парасаттылық және ашықтық қағидаттарын ұстануға шақыру болып табылады.

«Акцияны мемлекеттік орган басшыларымен қатар, спорт, денсаулық сақтау, білім саласының жетекшілері қолдап, жалақыларымен қатар жемқорлықтың алдын алу мақсатында атқарылған жұмыстардан да хабардар етуде. Акция қорытындысымен мемлекеттік органдар басшыларының ашықтығына баға берілетін болады» - дейді «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Жани Қамбар.

«Жемқорлық бізге жат» акциясы аясында алғаш болып жалақыларынан хабардар еткен Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов 680 мың теңге алатынын хабарласа, Әл-Фараби ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов 550 мың теңгені құрайтынын жеткізді.

Ал,қалалық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрболат Дербісов 546 мың, Еңбек,әлеуметтік қорғау және көші-қон департаменті басшысының м.а. Төрехан Дауытов 246 мың, Әл-Фараби ауданының мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Бағдаулет Ашенов 153 мың, Көркем гимнастикадан ҚР Ұлттық құрамасының бас бапкері Әлия Жүсіпова 250 мың, Диагностикалық орталығының директоры Шолпан Мырзахметова 330 мың, №1 қалалық клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Талғат Шауенов 200 мың, «Дарын» орталығының директоры 210 мың теңге алатынын жариялады.

«Алдағы уақытта басқа да мемлекеттік мекемелердің басшыларының айлық жалақыларымен қатар, жемқорлықтың алдын алу мақсатында атқарған жұмыстарымен таныстыратын боламыз» - дейді Ж.Қамбар.

Фото ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер