Әскерге жарамсыздар неге көбейді?

3216
Adyrna.kz Telegram

2020 жылы 300 мың әскерге шақырылушының 40 мыңының ғана денсаулығы әскери борышын өтеуге жарамды екені анықталған. Деректерге жүгінсек, әскерге шақырылушылардың 25,4 пайызы әскери қызметке психологиялық және моральдық тұрғыда дайын емес көрінеді. Ел қауіпсіздігін қамтамасыз ететін азаматтардың денсаулығы дабыл қағарлық күйде болуының негізгі себебіне үңілдік.

 

Бұрын ата-аналардың қолында балаға беретін смартфондар болған жоқ. Сондықтан да олар не қолдан жасалған ойыншықтармен ойнады, не дайын дүниелерді ойын құралы ретінде пайдаланды. Мектепте берген кезінде де шамасына қарап қара жұмысқа салатын. Міне, сол себепті ертеректе денсаулығы қалыпты, көзі жақсы көретін (тура мағынасында – авт.) азаматтар көп болды. Әскерге шақырылғандардың әскери борышын өтеуге жарамауының бірінші себебі осында жатса керек.

Екінші себебі – дұрыс тамақтанбау. Мектеп оқушылары мен кәсіптік және ЖОО орындары студенттерінің (әсіресе төменгі сынып оқушылары – авт.) фаст-фуд пен газды сусындармен тамақтануының салдары адамның қалыпты өсіп-дамуына кедергі келтіреді. Оларда адам ағзасына зиянды қаныққан май қышқылдары мен түрлі дәмдеуіштер бар. Бұл тағмдарды үнемі тұтынатын кісілер гастрит, гипертония, семіздік, холесцистит, инфаркт секілді аурулармен қатар, қатерлі ісікке шалдығуы әбден мүмкін. Кока-кола сияқты газдалған сусындар асқазан-ішек ауруларын дамытып, семіздікке, қант диабетіне әкеледі.

 

Денешынықтыру сабағының аздығы да бала денсаулығына айтарлықтай әсер етеді. Мысалы, мектептің жоғарғы сынып оқушылары аталған пәнді аптасына 2-3 реттен өтсе, ЖОО-ның студентері алғашқы екі курста  аптасына бір мәрте ғана дене шынықтырады.

Осылайша, дене тәрбиесімен дұрыс айналыспаған азаматтар түрлі тәсілмен әскер қатарынан бір-ақ шығады. Ал жаттығуға икемсіз, спорттық тұрғыдан мақұрым сарбаздар әлімжеттікке ұшырап, жазым болып, өз-өзіне қол жұмсау секілді түрлі жағдайлардың болуына түрткі болады. Әскери борышты өтеуге деген жеккөрініштілікті күшейтеді.

 

Әскерде әлімжеттік бар деген сылтаумен одан талай азаматтың қашып жүргені белгілі. Сол себепті 2013 жылдан бастап денсаулығы мен өзге де жайларға байланысты 24 жастан асқан азаматтарға әскерге бармаудың заңды тетігі іске қосылды. Олар бюджетке 263 мың теңге төлеу арқылы бір айлық курстан өтіп, әскери билетін қалтаға басады. Ал бір айлық курста қару ұстау мен жаттығу жасау – ойын-сауықпен тең екені белгілі.

Қазіргі кезде көптеген ЖОО-да Әскери кафедралар құрылған. Мысалы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың екінші-үшінші курс студенттері сынақ арқылы кафедраға қабылданады. Аптасына бір мәрте өтететін сабақтары 2 жылға созылып, запастағы лейтенант шені беріледі.

 

Біздің ойымызша, әскерге шақырушылардың денсаулығының дұрыс болмауы мен әскерден жалтару оқиғаларына жоғарыда аталған жайттар  тікелей әсер етіп отыр. Бұл қатарға халықтың әлеуметтік жағдайын да қосуға болады.  Сол себепті әскер қатарына қосылуға ниетті жастарға "әскери-патриоттық тәрбие беру керек" деп даурыға бермей, бірінші кезекте денсаулықтарының дұрыс қалыптасуына мән берген жөн. Ол үшін денешынықтыру сабағын көбейтіп, мектептер мен  жоғарғы оқу орындарының спорт залдарын қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету керек.

 

P.S. Қазақстан Қарулы Күштері әлемдік «Әскери қуат рейтингінде» 63 орында тұр. Запастағы әскер саны мен жалпы әскері, әуе мен теңіз күштерінің қуаттылығы, зымырандары, құрлық әскерінің әлеуеті, бюджеті сияқты 50 параметрден тұратын есепте екі жыл бұрын 55 сатыда тұрған едік. Әскеріміздің 70 пайызы келісім-шартпен (контрактник – авт.) қызмет атқаратын сарбаздардан тұрады. Яғни, олар борышын өтеуге келгендер емес, жалақыға жұмыс істейтін  мерзімін өтеген сарбаздар мен арнай оқу орнын бітірген мамандар.

Жасұлан Наурызәлі,

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер