Төменде сөз болатын ғажап туындыда қамтылған көкейкесті мәселелер тек АҚШ бастаған Батыс әлеміне ғана тиесілі емес. Өйткені онда әлемдік қоғамдастықтық пен жаһандық нарық экономикасының белсенді мүшелерінің бірі әрі мәңгілік ел болуды көксейтін өз мемлекетіміздің – Қазақстанның тұрақты дамуы үшін де ауадай қажет инновациялық идеялар топтастырылған.
Коллажды жасаған Қонысбай Шежімбаев, EQ
Экономика саласы бойынша ХХІ ғасырдың ең бастапқы жылында Нобель сыйлығымен марапатталған америкалық ғұлама ғалым Джозеф Юджин Стиглицтің (Joseph Eugene Stiglitz) «Алапат сызат» («The Great Divide») атты ғылыми-сараптамалық туындысы 2015 жылы алдымен АҚШ-та одан соң, іле-шала халықаралық «Penguin» баспалар жүйесі арқылы Ұлыбритания, Канада, Ирландия, Аустралия, Жаңа Зеландия және Оңтүстік Африка мемлекеттерінде қатар жарық көріп, күллі әлемнің назарына бірден іліккен болатын. Себебі бұл ауқымды да тағылымы терең зерттеудің дәл сондай биік мәртебеге ие болатын құндылықтары жетіп артылады. Алайда бұл тақырыпты қозғамас бұрын, ғұлама Джозеф Стиглицтің жеке басына қатысты тұшымды мәліметті дәл осы тұста айта кетейік.
Біріншіден, Д.Стиглиц – АҚШ-тың айтулы Массачусетс технологиялық институтының түлегі әрі докторлық ғылыми атағына да сол институтта қол жеткізген. Екіншіден, ол – экономикалық теорияның негізін қалаған әлемге әйгілі британдық ғалым Джон Мейнард Кейнстің (John Maynard Keynes) ізбасары. Үшіншіден, ол – 1988 жылдан бастап, АҚШ-тың Ұлттық ғылым академиясының академигі, 1993 жылдан бері Британия академиясының корреспондент–мүшесі және 2003 жылдан бастап Ресей Ғылым Академиясының шетелдік мүшесі. Төртіншіден, атақты ғалым 1997-2000 жылдар аралығында Дүниежүзілік банктің бас экономисі лауазымын иеленген. Бесіншіден, 1995-1997 жылдар аралығында АҚШ президенті Билл Клинтонның экономикалық мәселелер жөніндегі кеңесшілер тобын басқарған. Алтыншыдан, Д.Стиглиц шексіз нарықты, монетаризмді, неоклассикалық экономикалық мектепті, сондай-ақ жаһандану үдерісіне қатысты неолибералдық көзқарасты, Халықаралық Валюта Қорының дамушы елдерде жүргізген жымысқы саясатын және Ресейдегі жекешелендіруге қатысты жүргізілген либералды реформаларды қатаң сынға алған тұлға ретінде де кеңінен танымал. Жетіншіден, ғалым-ұстаз Джозеф Стиглиц Кембридж, Иель, Дьюк, Стэнфорд және Оксфорд сынды әлемнің әйгілі университеттерінде дәріс оқиды және бүгінгі таңдағы жұмыс орны – АҚШ-тың Нобель сыйлығының 104 жүлдегерін түлетіп ұшырған Колумбия ғылыми-зерттеу университеті.
Осы деректерді ескере отырып, Д.Стиглицтің «Алапат сызат» атты ғылыми монографиясына қайта оралсақ, тілге тиек болып отырған бұл туындыны автордың 2012 жылы жарық көрген «Теңсіздіктің құны» («The Price of Inequality») атты ғажап туындысының жалғасы деуге болады. Өйткені екі туындының да зерттеу объектісі – АҚШ. Ал автордың өзі болса, жоғарыда атап өткендей, экономика саласының аса білікті кәсіби маманы ғана емес, АҚШ сынды алпауыт мемлекеттің саяси, экономикалық, әлеуметтік, бизнес, банк және қаржы жүйелеріндегі күллі жетістіктерімен қатар әлгі мемлекеттің етегінен тартатын кемшіліктерін де терең білетін саясаткер тұлға екеніне көз жеткіземіз. Сондықтан да болар, «ауруын жасырған өледі» демекші, ғұлама ғалым тек Батыс әлемінде ғана емес, шексіз экономикалық пәрмені мен әскери қуаты жағынан бүгінгі таңда жер бетіндегі ең қауқарлы мемлекет саналатын АҚШ-тың өзегін кемірген әлеуметтік теңсіздік пен әділетсіздіктің күннен-күнге өрши түсіп, бұрынғыдан бетер тереңдеп бара жатқанын бұлтартпайтын шынайы деректермен айшықтайды. Сондай-ақ әлгі әлеуметтік дерттің түпкі себептерін жан-жақты талдап, оның кеселді салдарының болашақта әлгі мемлекетті қандай сын-қатерлерге ұшыратуы мүмкін екендігін де таразылап береді. Бұл біріншіден.
Екіншіден, жоғарыда аталған қос туындының тереңде жатқан негізгі зерттеу объектілері – АҚШ халқының 1 пайызын құрайтын «алтын миллиард» деп аталатын ат төбеліндей бай-бақуаттылар тобы мен сол мемлекет халқының басым көпшілігін, яғни қалған 99 пайызын құрайтын екінші топтың арасын қақ жарып тұрған алапат сызаттың бүгінгі таңда үңірейе кеңейіп, тұңғиық құзға айнала бастағанын, сондай-ақ әлгі құздың, емі жоқ індет секілді, қоғам ағзасы мен санасын күн санап кеулеп бара жатқанын да сан тұрғыдан зерделеп, нағыз ащы шындықты ешбір бүкпесіз әрі ешбір жан жоққа шығара алмайтын дәйекті де дәлелді уәждермен түйіндейді.
Үшіншіден, Д.Стиглиц «Теңсіздіктің құны» атты монографиясында бастаған терең сараптамалық зерттеу жұмыстарының арнасын «Алапат сызатта» одан бетер кеңейте түседі. Сосын көзге оттай басылатын әрі көкейге қона қалатын автордың батыл да өткір тұжырымдары «Алапат сызатта» көтерілген көкейкесті мәселелердің тақырыптарынан ғана емес, олардың ішкі қатпарынан да өте айқын сезіледі. Әлгі еңбегінде Д.Стиглиц: «Әлеуметтік теңсіздік Батыс әлемін неге жайлап барады және мұндай жағдайда біздер не істей аламыз?» деген риторикалық сауалды көлденең тартады да, өзінің ашық та әділетті болмысына тән көрегендігімен әлеуметтік теңсіздіктердің түп тамырының саяси билік тізгінін ұстаған тұлғалардың «алтын миллиардтың» ығына жығылып, тек солардың мүдделерін ғана көздейтін әділетсіз салық заңдары мен сыңаржақ саяси шешімдерге жол беруінде және сол солақайлықтың салдарынан басымдықтар таңдауда билік тарапынан жіберіліп жататын өрескел қателіктерде жатқанын сан алуан сындарлы деректермен дәлелдейді және оларды болдырмаудың тиімді жолдарын да қоса ұсынады.
Осы пайымның дәлеліндей, «Алапат сызат» туындысындағы «Қылмысты өлімнің анатомиясы: Америка экономикасының қазаға тап болуына кім кінәлі?» деген тарауында автор сырт көзге шалына бермейтін және бір ащы шындықтың бетін ашады. Д. Стиглиц мұнда 2008 жылы АҚШ-тан басталып, күллі әлемді шарпыған алапат экономикалық дағдарыстың түпкі себептерін түбегейлі саралай келіп, әлгі риторикалық сұрақтың жауабы тым күрделі екендігіне назар аударады. Сөйтіп, сұңғыла ғалым әлгі алапат дағдарысқа ұшыратқан кінәлі топтың қатарына АҚШ-тың күллі қаржы институттарын, сондай-ақ 1981-2009-жылдар аралығында 30 жыл мемлекет билігін уысында ұстаған және сол жылдары АҚШ-тың жоғарыда аталған қаржы секторына ат төбеліндей «алтын миллиардтың», яғни «бір проценттің» ғана мүддесін қорғайтын сыңаржақ реформаларды енгізіп, оларды белсенді жүзеге асырған АҚШ президенттері Рональд Рейган, Джордж Г.У.Буш, Билл Клинтон және кіші Джордж У.Буш әкімшіліктерін де жатқызады.
Аталған еңбегінде жаһандық нарық экономикасы мен саясат әлемінде орын алып отырған өрескел теңсіздік дертіне сын көзбен қарай отырып, Д.Стиглиц айтпақшы, майлы жіліктің басын ұстаған жалғыз процентті құрайтын бай-бақуаттылар мен әл-ауқаты олардан әлде қайда төмен 99 пайызды құрайтын екінші топтың бастары қосыла бермейтіні шындықтан тіпті де алыс емес. Өйткені әлгі екі топтың мазасын қашыратын түйткілді мәселелері ғана емес, олардың мақсат-мұраттары да, күнделікті өмір сүру салты да, тіпті көретін түстері де бір-біріне ұқсамайтыны. Бір сөзбен айтқанда, бұл жерде «аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды» деген дана халқымыздың қанатты сөзінің қисыны дөп келіп тұрғаны анық байқалады.
Сосын Джозеф Стиглиц айтып отырғандай, қатардағы америкалықтарды, әдетте, колледждегі бала-шағаларының төлемақысын қалай өтейтіні немесе отбасындағы жақындарының бірі науқастана қалса, оны қайтіп емдейтіні, сондай-ақ зейнетке шыға қалса, ары қарай қалай күн көретіні секілді отбасы мен ошақ қасындағы әлеуметтік түйткілдер көбірек алаңдатады. Оның үстіне, автор айтпақшы, 1930-жылдары АҚШ-ты тұралатқан Ұлы депрессия кезінде ондаған миллион қатардағы қарапайым америкалықтардың баспаналарынан айырылып, көшеде қалғаны жадынан әлі шыға қоймағаны анық. Ал мұндай «ұсақ-түйектер» болса, әлгі бір проценттегілердің өңдері тұрмақ, түстеріне де кірмейді. Өйткені «малы көптің мұңы көп» демекші, олигархтардың жүйкесін тоздыратын түйткілдердің сипаты сіңірі шыққан «99 пайыздың» самайын ағартатын ұсақ-түйектерден мүлде бөлек. Өйткені шіріген байларды көбінесе дыбыстан жүйрік ұшақтардың қай түрін сатып алу, не болмаса өздеріне ешбір тер төкпей келген көл-көсір табыстарын салықтан қалай жасырып қалу секілді «мазасыздық» көбірек алаңдатады.
Джозеф Стиглицтің пікірінше, күллі әлемдегі тұрмысы шалқыған 1 пайыз өз тағдырларының, түптеп келгенде, қалған 99 пайызға тікелей тәуелді екенін сезе бермейді. Алайда «кемедегінің жаны бір» демекші, экономикалық әлеуеті мықты кейбір мемлекеттерде 1 пайыздың да, 99 пайыздың да мүмкіндіктері тең. Өкінішке қарай, автор айтпақшы, әлемнің ең алпауыт еліндегі бай-бақуаттылардың санасына әлгі шындық кіріп те шықпайды. Сондықтан да болар, Д.Стиглиц, «егер әлгіндей әділетсіздік дерті осылайша жалғаса беретін болса, ондай мемлекеттерде экономикалық тұрақтылық ұзаққа бара қоймайды» деген түйінді тұжырымға табан тірейді. Сосын ғұлама экономистің бұлай топшылауына негіз болатын деректер «Алапат сызатта» жыртылып айырылады. Ендеше, ендігі әңгіме желісін де солай қарай бұралық.
Біріншіден, автор өз еліндегі 1% бен 99%-тың арасындағы күннен-күнге ұлғайып бара жатқан әлеуметтік теңсіздік сызатының, ең алдымен, соңғылардың мүмкіндіктерінің шектелуіне себеп болып отырғанын да, сонымен қатар бұл дерттің мемлекеттің ең басты құндылығы болып табылатын халықтың басым көпшілігінің құқын бұзып қана қоймай, олардың өз әлеуеттерін толық пайдалану мүмкіндігінен де қоса айырып отырғанын бүкпесіз ашып береді.
Екіншіден, әлеуметтік теңсіздікке жол беріп отырған кеселдің енді бірі, автор айтпақшы, жең ұшынан жалғасқан олигархтарға шексіз монополиялық билік беріп, олардың салық жеңілдіктеріне қол жеткізу мүмкіндіктерін молайтып отырған әділетсіз заңдар екенін және бұл әділетсіздіктің, өз кезегінде, әлгі бұрмалаушылықты одан бетер күшейтіп, ұлттық экономиканың кері кетуіне тікелей ықпал етететіндігін негіздейді және АҚШ-та орын алып отырған әлгі дағдарыстардың басым бөлігі ел үкіметінің қаржы секторында жүргізіп отырған сыңаржақ саясатының нәтижесі екенін өте нанымды дәйектермен тиянақтайды. Әсіресе қаржыны жоғарыдан төменге немесе, керісінше, төменнен жоғарыға бағыттауға келгенде саяси биліктің салықтық, монополистік, құқықтық және лицензиялық жеңілдіктерді ең алдымен «алтын миллиард» тобына беріп, сол топтың күллі халықтың есебінен шексіз байлыққа кенелетінін үлкен батылдықпен сынға алады.
Үшіншіден, Джозеф Стиглиц өркендеу мен тұрақты дамуды көздейтін кез келген мемлекет, ең алдымен, әділетті ұжымдық ықпалдастыққа басымдық беру керектігін ескертеді. Өз кезегінде бұл ықпалдастықтың, мемлекетті бірінші кезекте инфрақұрылымды қалыптастыруға, ғылым-білім мен технологияға басымдық беруге және адами капиталдың сапасын арттыруға көбірек инвестиция тартуға міндеттейтінін де ескертеді. Ал бұл басымдықтар мен талаптар дұрыс жолға қойылмайтын болса, ондай мемлекетте экономиканың жаппай алға басу динамикасы мүлде шабандайтынын да ғұлама ғалым еске салады.
Төртіншіден, туынды авторының пікірінше, экономика мен саяси-әлеуметтік қарым-қатынастардағы теңсіздіктердің шынайы себептерін экономистердің өздері де дөп басып айта алмайды. Өйткені олардың басым көпшілігі нарық экономикасындағы барлық түйткілді мәселелерді тек қана «сұраныс пен ұсыныс реттейді» деген әбден сүр болып, догмаға айналып кеткен әлжуаз қағиданың ықпалынан шыға алмай жүр.
Бесіншіден, автордың пайымдауынша, бүгінгі заманауи технологиялардың жаппай қолданысқа енуі білікті мамандарға да, орта білімді мамандарға да сұранысты тым азайтып жіберді. Сондықтан да бүгінгі жаһандану үдерісі әлемдік нарыққа кең жол ашып, ел ішіндегі кәсіби жұмысшылардан гөрі шетелдік арзан жұмыс қолын өндіріске көбірек тартуға шексіз мүмкіндік беріп отыр.
Алтыншыдан, қоғамда орын алып отырған саяси-әлеуметтік өзгерістер, оның ішінде жұмысшылардың мүддесін қорғайтын бұрынғы кәсіподақ ұйымдарының тым қысқарып кетуі де экономиканың өрістеуіне айтарлықтай кері ықпалын тигізіп отырғанын туынды авторы өз назарынан тыс қалдырмайды.
Жетіншіден, нарық экономикасындағы саяси-әлеуметтік теңсіздіктің ең басты себебі – «алтын миллиард» тобындағылардың қоғамдық және әлеуметтік қатынастарда қалыптасып қалған өз үстемдіктерінің ешбір өзгеріссіз жалғаса беруін қалайтынында жатыр. Мұның айқын дәлелін Д.Стиглиц ел ішіндегі бүгінгі әділетсіз салық жүйесінен байқап отырғанын жасырмайды. Өйткені ірі капиталдарға салынатын салық мөлшерінің тым төмендігі көш басындағы бай-бақуаттыларға шаш-етектен пайда әкелетін табыс көзіне айналғанын және мұндай жеңілдіктерді өткен ғасырдың басында Джон Рокфеллер секілді банкирлер тобы пайдаланған болса, үстіміздегі ғасырда Билл Гейтс сияқты олигархтар да қоса пайдаланып отырғанын автор ашық айтады.
Сегізіншіден, бүгінгі әлеуметтік теңсіздіктің тағы бір себебін автор қаржы жүйесінде қалыптасып отырған «бармақ басты, көз қыстылықпен» байланыстырады. Атап айтқанда, көпшіліктің құқын аяқасты етіп, бай-бақуаттылардың көздеген мүдделерін қанағаттандыру үшін, қаржы жүйесінде қалыптасқан бұрынғы әділетті ережелер мен қағидаларды қаржы институттарының өздері бұзып, жасанды да жымысқы мүмкіндіктерді сатып алуға жол ашып отырғанын бүкпесіз жайып салады және мұның нақты дәлелін де келтіреді. Ол дәлел мынау: үкімет қаржы институттарына қарызға нөл пайыздың өсіммен жеңіл ақша береді де, ортадан қайсыбіреулер өз пайдасын қағып алады. Мұндайда заң бұзушылықты бақылайтын институттар көре тұрса да көздерін жұмып, үндемей қоя салады. Бір сөзбен айтқанда, байлық билікке бас шұлғып, көзін қысса, билік те жіби кетіп, байлыққа қол бұлғайды. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні осы ғана.
Түптеп келгенде, Нобель сыйлығының лауреаты Д.Стиглицтің «Алапат сызатпен» айтпақ болғаны әлемдегі ат төбеліндей бай-бақуатты топтың уысына жинақталған ұшан-теңіз байлықтың қоғамды қақ бөліп, әлеуметтік теңсіздіктің отын лаулатып, тек жекелеген миллиардерлердің ғана қалтасын томпайтпай, иманды мүдделерге бағытталып, қалың бұқараның мүддесін ескере отырып, әділетті бөлініп, мемлекет игілігіне тиімді жұмсалғанын көздейді. Ал олигархтар болса, автор айтпақшы, өзіне қажеттінің бәрін де сатып алуға мүмкіндігі жетіп артылатындықтан, үкіметке шекеден қарайды. Сондықтан да «бай байыған сайын қалтырауық болады» демекші, олардың басым көпшілігі ұлан- ғайыр байлықтарын астына басып, қызғыштай қорғайды немесе Кариб теңізіндегі «Алтын миллиардтың» жұмағына айналған Кайман аралдарына жасырады. Сондықтан да ғұлама ғалымның аталған туындысынан «байлық пен адам санасы қатар жүрмесе, әлеуметтік теңсіздіктер тізгінделмейді және билік пен қоғамның болмыс-бітімі де иманды арнаға түспейді» деген мөлдір де тұнық ниет бой көрсетеді.
«Алапат сызатта» Джозеф Стиглиц сонымен қатар жоғарыда аталған 1% бен 99%-дың арасында орын алып отырған күллі әлеуметтік теңсіздіктердің алдын алуға да, тіпті оларды мүлде болдырмауға да болатынына өте сенімді екенін жасырмайды және өз сенімінің негізсіз емес екендігін дәлелдеу үшін, зерделі ғалым АҚШ-тың бүгінгі таңдағы әлеуметтік болмысын өзге капиталистік мемлекеттердің әлеуметтік секторларымен салыстыра зерттеп, сол терең ізденістердің нәтижесінде өз елінің әлемдегі ең қуатты экономиканың иесі бола тұрып, жастарының жоғары білім алу мүмкіндігі жағынан да, халқының медициналық көмекпен қамтылуы жағынан да, әділ сот шешіміне қол жеткізу мүмкіндігі жағынан да, баспанамен қамтылу жағынан да, жоғары жалақымен қамтылу мүмкіндігі жағынан да, өмір сүру ұзақтығы жағынан да Батыс Еуропа мен Скандинавия елдері немесе Жапония, Сингапур, т.с.с. тұрақты дамып келе жатқан мемлекеттерге қарағанда едәуір төмен тұрғанын мынадай нақты статистикалық мәліметтермен түйіндейді:
АҚШ халқы әлем жұртының 5%-ы ғана болғанымен, олардың арасынан сотталып, жаппай түрмеге жабылғандардың саны әлемдік көрсеткіштің төрттен біріне жуықтады. Соның салдарынан «әділет» деген ұғым бұл күнде қолы ұзын санаулы топтың ғана қолжетімді тауарына айналып отыр;
Осыдан біраз жылдар бұрын Үнді мұхитында орналасқан кішкентай ғана Маврикийде бүгінгі таңда медицина да тегін, колледжде білім алу да тегін. Сонымен қатар тек қарттар ғана емес, жастарға да транспортпен тегін пайдалану құқы берілген. Ал АҚШ-та мұндай жеңілдіктер қарастырылмаған, өйткені бюджет ондай салмақты көтере алмайды-мыс. Есесіне, дағдарыс кезінде банктер аман қалса, экономика да аман қалады және бұндай қадамнан күллі халық та ұтады деп, мемлекет банк секторына 700 миллиард доллар қаражатты оп-оңай тауып бере салады. Алайда бұдан пайда тапқан халық емес, керісінше, тек байлар мен бақуаттылардың ғана мұрттары майланды;
1969 жылы Малайзиядан бөлініп шыққан Сингапур да өте кедей мемлекет болатын әрі ондағы жұмыссыздық деңгейі 25%-ға жеткен еді. Алайда абыз көшбасшы Ли Куан Юдің арқасында бұл күнде сингапурлықтардың жан басына шаққандағы табыстары 55000 долларды құрайды, әрі ол елде әлеуметтік теңсіздік атаулы түп тамырымен келмеске кеткен;
Мемлекеттің сындарлы саясатының арқасында сингапурлықтардың 90%-ы баспаналы болса, АҚШ-та бұл көрсеткіш 65%-ы тең;
БҰҰ қабылдаған жеке адамның даму индексі бойынша, атап айтқанда, азаматтардың табысы, білімі және денсаулық деңгейі тұрғысынан Швеция, Дания, Финляндия және Норвегия сынды мемлекеттер 3-орында тұрса, АҚШ 16-орында тұр. Сондай-ақ жас балалар арасындағы кедейлік көрсеткіші Швецияда – 7.3% болса, АҚШ-та бұл көрсеткіш 23.1%-ға тең;
Осыдан ширек ғасыр бұрын экономикасы шарықтап тұрған Жапония да үлкен дағдарысқа тап болып, сол қырсықтың құрсауына ұзақ уақыт шырмалған болатын. Тіпті кейінгі 25 жыл ішінде «жапон сырқаты» деген сөз тіркесі де халықаралық терминге айнала бастаған-ды. Алайда осы қиындықтарға қарамастан, Жапония мемлекеті жұмыссыздық деңгейін 5%-дан асырған жоқ. Ал бұл көрсеткіш АҚШ-та екі есе көп. Сонымен қатар Жапонияда әлеуметтік теңсіздік деңгейі де АҚШ-пен салыстырғанда едәуір төмен. Мұның басты себебі, 2012 жылдың соңында Жапония премьер-министрі болып тағайындалған Синдзо Абэнің абэномика атанып кеткен монетарлық және фискалдық реформаға негізделген заманауи саяси-экономикалық саясатымен тікелей байланысты.
Бұл орайда, Ли Куан Ю мен Синдзо Абэнің ұстанымдарын толық қолдай отырып, Джозеф Стиглицтің 2002 жылы жария еткен мына бір пікірінің мәні өте терең: «Мен әлеуметтік теңсіздік түйткілдерін нарық реттейді дегенге сене салатын соншалықты ақымақ емеспін. Өйткені әлеуметтік теңсіздік, жұмыссыздық, қоршаған ортаның ластануы мемлекеттің белсенді араласуынсыз орын алуы, тіпті де мүмкін емес».
Бұл ұрымтал пікірдің нағыз шындық екені ешбір күмән тудырмайды. Сосын Джозеф Стиглицтің жоғарыдағы қос туындысында синтезделген дерек көздері әлеуметтік теңсіздіктердің түп-тамыры тек экономикада ғана емес, мемлекет басқару жүйесіндегі саяси-экономикалық билік тізгінін ұстаған көшбасшылардың ұстанымдарының сапасында екеніне толық көз жеткізеді. Бұл пайымның негізсіз емес екенін дәлелдеу үшін Джозеф Стиглицтің әлгінде ғана келтірілген түйінді пікірінен бұрын сингапурлық «ғажап экономиканың» атасы атанған Ли Куан Юдің: «Менің алдымда екі мүмкіндік тұрды. Бірі – байлыққа кенелу, екіншісі – мемлекетке адал қызмет ету. Мен екінші жолды таңдадым» деуі немесе ғұлама абыздың: «Мемлекеттің ұлылығы тек жер көлемімен ғана өлшенбесе керек. Ұлылықты жұдырықтай жұмылған халықтың жігері мен бірлігі, табандылығы мен темірдей тәртібі және сол мемлекетті өз халқының құтты мекеніне айналдыруға ұмтылған ұлтжанды көшбасшылары мен көсемдерінің сапасы ғана сомдайды. Сондықтан да мені билік тізгінін өзіме сеніп тапсырған халқымның түптің түбінде маған қандай баға беретіні көбірек ойландырады» деуі өмірде ұзақ жасап, көпті көрген, артына өшпес із бен қайталанбас үлгі-өнеге қалдырған Ли Куан Юдің тек өз халқының ғана емес, күллі адамзат жадында да сөзі мен ісі үнемі бір жерден шыққан нағыз ұлы көсем әрі нағыз ұлы меритократ тұлға бейнесінде қала беретіні сөзсіз. Тек «ақылдыдан шыққан сөз талаптыға болсын кез» деп абыз Абай айтпақшы, Ли Куан Ю мен Джозеф Стиглиц секілді әлем ғұламаларының заманауи пайымдарын санаға сіңіріп, Скандинавия мемлекеттері мен Шығыс Азия мемлекеттерінің озық саяси-экономикалық және әлеуметтік құндылықтарын мемлекеттік саясатымыздың өзегіне өре алатын тұлғалар көбейсе, нұр үстіне нұр болар еді ғой деген үмітті тілекпен мақалаға нүкте қоямыз.
Әділ АХМЕТОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының академигі