Өңір басшысы Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен аппараттық жиында жылыту маусымына дайындыққа, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты сұрақтар қаралды.
Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары және Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдері бейнебайланыс арқылы қатысты.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов өңірдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты екенін жеткізді.
«Коронавирус індетінің жаңа жағдайлары анықталған жоқ. Науқастардың 98,3%-ы ауруханадан шықты. Төсек орын жүктемесі 78%-дан 14,6%-ға дейін азайды. 315 инфекциялық кереует дайындалды. Резервте әлі 3588 кереует бар. Алты зертханада 155 544 ПЦР тесті, 21 653 экспресс-тест алынды»,- деген Нұржауған Қалауов Қазақстан шекарасындағы өткізу бекеттерінде коронавирус инфекциясының алдын алу шаралары аясында 6 қазаннан бастап 440 кереуеті бар карантиндік стационарлардың жұмыс жасай бастайтындарын айтты.
72 сағат ішінде COVID-19-ға ПЦР арқылы тест тапсырғандығы туралы анықтамасы жоқ шет елден келген азаматтар екі тәулікке А.Досжанова атындағы жатақханаға, Мәртөк ауданы Жайсаң ауылындағы колледжге, Қарғалы ауданы Әлімбет ауылындағы интернатқа жатқызылатын болады.
Бұған қоса өңірде жағдайдың болжамды нашарлауына дайындық күшейтілді.
Стационарлардағы кереуеттер саны қажет болған жағдайда 315-тен 3603-ке дейін, соның ішінде реанимациялық бөлмелердегі кереуеттіер саны 401-ге артады.
Медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын күшейту, жабдықтау шаралары қабылданды.
1547 төсек орынның 93%-ы оттегімен, үш стационар орталықтандырылған оттегімен қамтылған. Медицина мекемелерінде дәрі-дәрмектер мен жеке қорғаныс заттарының екі айлық қоры жасақталды.
37 бақылау тобы мыңнан аса заң бұзушылықты анықтап, 633 адам жауапқа тартылды, 79 млн теңге айыппұл салынды.
Облыс әкімі шет елдерден келген өңір тұрғындарына сақтану шараларын сақтау, бақылау топтарының жұмыстары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Сондай-ақ, жылыту маусымына қатысты сұрақ та қаралды.
Нұржауған Қалауов барлық автономды қазандықтардың, инженерлік жүйелердің, әлеуметтік нысандардың жылыту маусымына толықтай дайын екендерін баяндады.
Аудандарда 397 білім беру нысаны, 204 денсаулық сақтау, 75 әлеуметтік нысан, 271 тұрғын үй жылумен жабдықталған. Ақтөбеде мектептер 87,5%, балабақшалар 86,7%, мектепке дейінгі мекемелер 64,7%, медициналық нысандар 62,9% жылумен қамтылды. 427 көппәтерлі үй орталықтандырылған жылуға қосылды. Бюджеттік ұйымдар қатты отынмен толық қамтылды.
Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдерін осы сұрақты үнемі бақылауда ұстауды, жылыту маусымы кезінде коммуналдық желілердегі технологиялық заңбұзушылықтарды жою бойынша жедел шаралар қаблдауды тапсырды.
Ақтөбе облысы