Қарттарым аман-сау жүрші...

3364
Adyrna.kz Telegram

1-қазан күні Алматыда бір топ қызметкерлер мен қоғам белсенділері Қарттар күні мерекесін пайдалана отырып, әлеуметтік көмекке мұқтаж қариялардың отбасына қайырымдылық көмек көрсетті. Алматы қаласы Қылмыстық атқару жүйесі Түркісіб аудандық бөлімі, жергілікті полиция бөлімшесі және «Мәңгілік Қазақстан» қоғамдық қорының қызметкерлері бірінші ардагер Идрис Рамзаевтың шаңырағына бас сұқты. Ол төсек тартып жатқанына қарамастан, қонақтарды жылы қарсы алды. «Ер жігітің басына не келіп, не кетпейді» демекші, бір кездері істі болып, тағдырдың тәлкегіне ұшырап, түрмеде ұзақ жыл жазасын өтеген Рамзаев бүгінде Түркісіб аудандық пробация қызметінің есебінде тұр. Оған жылда қалалық қылмыстық атқару жүйесі департаменті тарапынан түрлі құқықтық-соттық көмектер көрсетіліп келеді.

Амандық-саулық сұрасып, аз-кем әңгіме-дүкен құрғаннан соң, Рамзаевқа азық-түлік қоржыны табыс етілді. «Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы биыл бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп шыққан азаматтармен жұмыс істеуді бізге тапсырған еді. Сол жоба аясында түрмеден шыққан адамдарға психологиялық-әлеуметтік жәрдем көрсету жүктелді. Осы көмектің бір айғағы ретінде біз бүгін сізге азын-аулақ материалдық тұрмыстық қолдау көрсеткіміз келеді», деді «Мәңгілік Қазақстан» қоғамдық қорының жоба жетекшісі Б.Нәлібаев. Өз кезегінде Рамзаев қол ұшын созған делегацияға алғысын жаудырды. «Бізді ұмытпай, елеп-ескеріп, көңілімді сұрай келгендеріңізге мың да бір рахмет. Көмектің үлкен-кішісі болмайды. Сіздердің титтей жәрдемдеріңіз біздің тұрмысымызды ұзақ уақытқа жеңілдетеді. Маған жасаған қайырымдылық көмектеріңіз өздеріңізге еселеніп қайтсын. Істеріңізге тек қана сәттілік тілеймін», деп ағынан жарылды Идрис ақсақал.

Түркісіб ауданында тұратын тағы бір қарт азамат – Сергей Моряковтың үйі Рамзаевтың үйінен алыс емес. Сондықтан ұйымдастырушылардың азық-түлік қоржындары тиелген көліктері көп ұзамай оның үйіне ат басын тіреді. Сергей анасымен бірге тұрады екен. Олар аудандық пробация қызметінің инспекторларын жақын адамдарындай қарсы алып, қалған қонақтармен де жеке-жеке танысты. Алғашқы болып сөз алған инспектор Тұрсынай Аутова қарттарды құрметтеу тек 1-қазан күнімен шектелмейтінін айрықша атап өтті. «Қарттар – біздің қазынамыз. Сіздерге қанша көмек көрсетсек те, сіздердің қоғамға сіңірген еңбектеріңіздің өтемін қайтара алмаймыз. Үкіметтік емес ұйымдармен тізе қоса отырып жасаған осы көмегімізді қабыл алыңыздар» деп ол азық-түлік қоржынын үй иелеріне ұсынды.

Алпыс жасты алқымдаған Сергей Моряков жасы келсе де, қаладағы зауыттардың бірінде жұмыс істейді. Оның үкіметке алғысы шексіз. «Мемлекет бізді естен шығармай, сіздердей азаматтарды жиі-жиі жіберіп, қолдарынан келгенше көмектерін көрсетіп тұрады», деп Сергей ризашылығын жасырмады.

Айта кету керек, қайырымдылық іс-шарасына жоғарыда аталған қызметкерлермен қатар Түркісіб аудандық пробация қызметінің басшысы М.Ақсақалов, Түркісіб аудандық жергілікті полиция қызметкері, аға лейтенант Е.Бауыржанұлы, пробация қызметінің инспекторы Г.Мұстафаева қатысты.

Н.Наурызәлиев

 

Пікірлер