Фонограммамен ән айту заңмен реттеле ме?

5331
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында төраға Нұрлан Нығматулин фонограммамен ән айтатындарға қатысты пікір білдірді деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Baq.kz сайтына сілтеме жасап.

Онда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасы талқыға салынды. Заң жобасын таныстырған мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова әнші концертте фонограммамен ән айтқанда көрерменге ескертуі керек деген болатын. Осыған байланысты Мәжіліс төрағасы пікір білдірді.

Меніңше, нағыз өнер, ол – айтыс. Айтысқа фонограммамен шығып көріңізші. Онда ешқашан, ешқандай фонограмма болмайды. Сол үшін шығар, халқымыз осы айтысты жақсы көреді. "Қисық арба жол бұзады" деп халқымыз айтқандай, өнер әрқашан да таза болуы керек. Әнді жанды дауыста айтқан дұрыс. Ал фонограмма болса, онда оны алдын ала ескерту қажет және билеттің бағасы да соған сәйкес болуы тиіс. Одан кейін халық ол концертке баратын не бармайтынын өзі шешеді. Әрине, концерт жанды дауыста болса, әншіге халықтың бағасы да, құрметі де жоғары болады, - деді Нұрлан Нығматулин.

Министрдің айтуынша, әнші бұл талапты орындамаса, заң алдында жауап беруі мүмкін екенін айтты.

Маңызды норманың бірі - музыкалық туындыны фонограммамен орындаған кезде оны алдын ала хабарлау. Бұл ұйымдастырушы мен орындаушының арасында келісімшарт бойынша реттеледі. Егер келісімшартта ол норма бұзылса, онда әкімшілік жауапкершілік көзделеді. Өздеріңіз білесіздер, Қазақстанда әкімшілік құқық бұзушылық кодекс бар. Осы кодекстің нормасына сәйкес, әкімшілік құқық бұзушылық нормасы қарастырылады, - деді Ақтоты Райымқұлова.

Пікірлер