ШЫМКЕНТ: АУРУХАНАЛАР МЕДИЦИНАЛЫҚ ТЕХНИКАЛАРМЕН ТОЛЫҚТЫ
Шымкент қаласының медициналық мекемелері жаңа жедел жәрдем көліктерін пайдалануға алды. Бұған дейін қалаға өкпені жасанды желдету аппараттары, пульсоксиметрлер және оттегі концентраторлары бар гуманитарлық жүк келген болатын.
Атап айтқанда, қалаға 10 оттегі концентраторы, 50 пульсоксиметр және бір өкпені жасанды желдету аппараты (ӨЖЖ) жеткізілді. Сондай-ақ, Shevrolet Damas маркалы 3 жедел жәрдем көлігі келді.
Бұл көмек «Самұрық-Қазына» АҚ мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандум аясында көрсетілді. «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы қайырымдылығының бірыңғай операторы – «Samruk-Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қоры қажетті жабдықтарды сатып алып, оларды өңірлерге жіберді.
«Пандемияға байланысты дәрігерлер халыққа медициналық көмек көрсету үшін күндіз-түні жұмыс істеуде. Кез келген көмек науқасты дер кезінде емдеуге үлкен әсерін тигізіп отыр. Осындай қиын-қыстау уақытта қол ұшын созып жатқан жандарға алғысымыз шексіз», - дейді Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Ережепов Бақтығали.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі