Күз айларында келетін тұмаудың алдын алу үшін елімізде екпе жасау жұмысы басталды. Екпе жасатуды өзі бірінші болып бастаған Денсаулық министрі Цой туралы ақпараттың тарағанына санаулы сағат та өтпеді. Алайда әлеуметтік желіде министрдің екпе алғанына да, екпенің өзіне де жұрт күмән білдіріп, комментраийді қарша боратуда.
Facebook әлеуметтік желісіндегі «Айтарым бар!» тобында Цойдың екпе алғаны туралы ақпаратты жариялағанымыз сол еді, айналасы жарты сағатта топ мүшелерінің наразылық пен ызаға толы пікірлері әлі толастар емес. Мақсатымыз әлеуметтік желідегі әр пікірге баға беру емес, осы жазбалардың астарына аздап болса да үңілу.
Ә дегеннен Цойдың саусағына назар бұрған Майра ЯРҚЫЗЫ атты оқырман: «Вакцинаны саусақтан сала ма? Сосын. Ақшаны далаға шашпай, ауырып қалған адамдарды емдесін де. Ерікпей. Сосын ауаны бүлдірмесін»,- деп жазды.
Ал Досжан АПЫШЕВТІҢ ойынша министр СПИД-ке қарсы анализ тапсырған көрінеді. Жазылған пікірлерді бір сүзіп шығып, түйгеніміз көпшіліктің Цойға да, екпеге де еш сенімі жоқ екен. Бірі «витамин салдырып, жарнама жасауда» десе, енді бірі «Бұған Еуропадан алдырған импортный қымбатынан салады, бізге Индиядан әкелген арзан-құрзан бірдеңе салады. Бөлінген ақшаны жеу керек қой» дейді.
Қалай десек те, пандемия Қазақстан халқы мен билігінің арасын бұрынғысынан да аша түскені шындық. Білдей бір мекеменің министрі халықтың алдына шығып тұмауға қарсы екпені өзі де алып жатқанын суретімен шығарса да, оған сенетін адам жоқ сияқты. Екпенің құрамына да, министрдің расымен вакцина жасатқанына да бұдан былай халықты сендіру оңай болмайды ау. Бұл сенімсіздік кеше бүгін қалыптаспады. Сенімсіздік ширек ғасырдан асқан соңғы жылдары қалыптасты. Өкінішті, әрине.
Меруерт ХУСАИНОВА,
«Адырна» ұлттық порталы.
Фото Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайтынан алынды.