Көне жәдігерлердің шырақшысы: ДАИШ (ИГИЛ) содырлары басын алған сириялық археолог

5148
Adyrna.kz Telegram

Халед әл-Асад – 11 баланың әкесі, 82 жасында ДАИШ содырлары бір ай бойы азаптап, басын алған археолог. Ол бүкіл өмірін Пальмира антикалық кешенін қорғау мен күзетуге арнаған.

Оның табанды еңбегі, тірнектеп жинаған деректері мен жан-жақты зерттеулерінің арқасында Сирияның шөлді оазисіндегі көне жәдігерлер ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік тізіміне енді.

ДАИШ лаңкестері Пальмираны басып алып, оның күл-талқанын шығарып, жойып жібермек болған. Ол өзі бүкіл ғұмырын арнаған музей мен қаланы ешкімге жаншытпауға тырысып, басын қатерге тігіп, баға жетпес көне жәдігерлерді сақтап қалуды мұрат етеді.

Оны бір ай бойы аяусыз азаптап, басын алып, ұзақ уақыт бойы музей алдындағы бағанға іліп қояды. Содырлар әл-Асадты “пұттарды сақтағаны” үшін осылай қорлап, “жазасын бермек” болған.

Ол тарихи байлықтың орналасқан жерін айтпай, аман алып қалу үшін өз жанын қиған. Бұл жанкешті азамат – жергілікті және халықаралық деңгейдегі Пальмира қазба жұмыстарының тұрақты миссиясының жетекшісі, бірнеше халықаралық ұйымдармен Сирия тарапынан бірлескен бас ғалым. Өз ұлтының көне жәдігерлерін қызғыштай қоримын деп, әбден езгі көрген азаматқа бірқатар Еуропа мемлекеттері пана болмақ ниетпен азаматтық та ұсынған. Бас сауғасы емес, туған жұртының тарихын бәрінен биік қойған адал перзенті бұл ұсыныстан бас тартқан.

Осындай жанкештілігі мен көне жәдігерлерді қорғауға барын салғанының арқасында Халед әл-Асадты дүние жүзіндегі ең айтулы археологтардың есімдерімен қатар атайды.

Көне мұраны көзінің қарашығындай сақтаған ол бес тілде еркін сөйлеп,  мүлдем жойылып кеткен байырғы алты тілді де меңгерген.

Бүгінде Халед әл-Асадтың көптеген зерттеулері мен кітаптары ежелгі Месопотамияның тарихы мен  өмірін зерттеуді негіз еткен тарихи салалардың іргетасына айналды.

Оның тарихи жәдігерлерді сақтаудағы орасан зор әрекеттері өзге мемлекеттер тарапынан бағаланып, көптеген халықаралық марапаттарға ие болды. Олардың ішіндегі ең маңыздылары:

- Француз Республикасының Президенті алдында сіңірген еңбегі үшін орденінің кавалері;

- Болонья Республикасының Президенті алдында сіңірген еңбегі үшін орденінің кавалері;

- Тунис Республикасының Президентіне сіңірген еңбегі үшін Медаль;

- Бірінші дәрежелі қызметі үшін Сирия медалі.

Ол өмірден өткенде Еуропаның бірнеше мемлекеті желбіреп турған туын түсіріп, көңіл білдірген. Оның тарихқа деген құрметін бағалаған жұрт көптеген халықаралық музейлерге есімін беріп, оған арнап бірнеше тарихи ескерткіштер салды.

әл-Асадтың жаны үзілер алдында ДАИШ содырларына айтқан сөзі де жан тебірентерлік: «Пальмира пальмалары – Тадора ешқашан бүгілмейді». Расында, туған жұртының тарихы үшін жанын берер әл-Асадтай перзенті бар елдің басын ешкім де бүге алмас.

Фото ашық дереккөзден алынды

Наталия СЛУТА

Аударған Айжан ПЕРДЕБЕКҚЫЗЫ

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер