Ербол Мандибек, ұсынысы мәндірек...
Эмоцияға көп беріле бермейтіндіктен, ойбай қолдаймыз немесе қолдамаймыз деп быт-шыт болып, қолға найза алып лагерьге бөлініп кететіндер қатарында жоқпын. Тек фактілерді сараласақ, көп нәрсені былай-ақ болжауға болады. Қазір ертегі сияқты естілер, бірақ алдағы 5-7 жылда мемлекеттік БАҚқа қатысты Ербол қойып отырған мәселелер жоғарғы билік тарапынан тапсырма ретінде түсіп, тарихта "ақпараттық сала реформасы" ретінде қалады. Бұл жолда Ербол жалғыз емес. Александр Аксютиц жетекшілік ететін медиа топ та қазір Салалық менеджерлер бағдарламасы аясында реформалар ұсынып, Премьер-Министрдің батасын алып үлгерді.
Телевизия - біздің бағымыз бен сорымыз. Көрші Ресей телевизиядан мықты саяси құрал жасай алды. Путинді президент қылған телевизия және "замочим в сортире" сөзі. Ресей телевизияны Газпромның күшімен тек осы ықпалы үшін ұстап отыр. Қай күні Ресей жәшігі ықпалдан айрылады, сол күні ол бүкіл мемлекеттік қаржынан да айрылады.
Біз олай істей алмадық. Біздегі телевизия әу бастан ықпалсыз болды. Себебі бізде телевизияға ешқашан саяси заказдар берілмеген болатын. Телекиллерлер, Рахат Әлиевтің бір-екі жүрісін есептемесек телесоғыстар да болмады. Дәл сол кезде әлемдегі тренд интернетке кетті де, қазақ телевизиясы бәрінен айрылып, ручкасы жоқ ауыр шабадан болды да қалды.
Қазір телевизияға қарсы тұрған, жоямын деп қатер төндірген үлкен екі фактор бар:
А) Телевидение қымбат. Телеарнаны ұстап тұру, жұмысын жүргізу өте қымбат. 3 үлкен шығысы бар: эфирлік сигнал, операциялық шығын және қызметкерлердің еңбекақысы.
Б) Тиімділігін нақты есептеу мүмкін болмай отыр. Эфир - ол ауа, пиплметр - ол иллюзия. Дәл қазір, осы постты оқып отырған секундта Қазақстанда қанша адам телевизор қарап отыр? Кім айта алады? Ешкім айта алмайды. Себебі есептей алмайсың. "Құртылған теңге/алынған идеологиялық эффект" формуласы жұмыс істемейді.
2020 жылы біз дағдарыста отырмыз. Алғашқы жарты жылда жалпы ішкі өнім 1,8%-ға қысқарды. Экономика осы жылы 3-4 пайыз жоғалтуы мүмкін. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев іші пысқаннан Бәйтерек пен ҚазАгроны біріктіріп жатқан жоқ. Ел ковидпен күреске көп ақша жұмсады. Сондықтан тиімділігі көзге көрінбейтін, ал шығыны көп дүниелер қысқаратын болады. Және бұл процесс ертең бе, әлде оның арғы күні ме, бәрібір мемлекеттік телеарналарға да келеді.
Сондықтан қазақ телевизиясына тез арада өз тиімділігін дәлелдеу керек. Оның қазір менің басыма келген жолдары:
а) Бір өзі он адамның жұмысын істей алатын, қайраты мен миы бар мамандар тауып алу. Сонда 100 адамды қысқартып, тек он адам қалдыруға болады.
б) Лайв форматына көшу. Әр журналиске күн сайын кем дегенде 30 минут эфирлік уақыт бөлініп беріледі. Сол уақытта тілші өз телефонынан тікелей эфирге шығып, халық назарын ұстап отыратын оқиға орнынан авторлық репортаждарын беру керек. Бұл дайын формат, еш қиындығы жоқ. Азаттық радиосы көп жылдан бері қолданып келеді.
в) Сетецентрикалық мобильді телевизия. Үлкен телекешендерден кету. Кеңсе шығындарын қысқарту. Журналистерге офиске келіп қажеті жоқ. Самокат пен роутер алып беріп, үйіне жіберу керек. Сонда студияның да, офистің де, қаптаған машиналардың да керегі жоқ. Шығын дәл осы кезде 60 пайызға бірден қысқарады.
г) Әдемі картинадан кету. Қазір әдемі қойылған свет, үлкен студиямен ешкімді таң қалдырмайсыз. Одан көрі экшннің ықпалы мықты. Телефонмен түсірілген видеоның тиімділігі артып отыр.
д) Телесчетчик бойынша тез арада бірдеңе ойлап табу. Бәрімізге жаппай шағын пиплметрлер қоя ма, әлде күнде жалпыхалықтық сауалнама жүргізе ме, бірақ қанша адамның мемлекеттік телеарнаны кем дегенде күніне бір рет қарайтынын анықтап алу керек. Ақша да соған сай бөлінетін болады. Мысалы, "1 адам/200 теңге" формуласын қолдана аламыз. Бір Қазақстан азаматына мемлекеттік саясатты жеткізу прайсы айына 200 теңге деп бекітіледі. Телевизияны өткен айда 5 млн адамның қарағаны дәлелденсе, онда келесі айдың басында мемлекет 1 миллиард теңге аударады. Қанша адам көрді, сонша төлейді. Бұл нағыз әділетті формула.
е) Z, A (зет, альфа) буындарымен жұмыс істеу. Қазақ телевизиясының ендігі тағдыры Z, A буындарының қолында. Ал олар теледидарды мүлде көрмейді. Олар ютубпен бірге туған. Альфа тіпті цифровой буын. Олардан ютуб пен фейсбуктың өзі қорқады.
Біздің, миллениалдар (У) буынының ең жасы отызға келіп қалды. Біз енді бар-жоғы 10-15 жыл бойы негізгі аудитория статусын ұстай аламыз, бірақ одан кейін аренадан кетеміз.
Телевизияның болашағы айқын емес. Оны өлтіру мен өсіру өз қолымызда.
А) Өсіру. Реформалар жолымен өзін-өзі ақтайтын, тиімді телевизия жасау.
Б) Өлтіру. Ештеңені өзгертпеу. Жаңа трендтерді қабылдамау. Мұнай біткенше ақшаны шаша беру.
Сіз қай жолды таңдайсыз? Комментарий жазыңыз, лайк басыңыз!
Айбар Олжаевтың жазбасынан