Онлайн оқу саудаға да кері әсерін тигізуде

2518
Adyrna.kz Telegram

Еліміздегі шектеу шаралары кәсіпкерлерді табысынан айырып, саудасына кері әсерін тигізуде.

Жылда 1 қыркүйек алғашқы қоңырау күні гүл сатушылардың саудасы қыза түсетін. Биылғы жылы қоңырау соғылмай гүл сатылымыәдеттегідей табыс әкелмеді. Оқу жылының алғашқы күндері гүл бағасының шарықтап кететіндігі бәрімізге мәлім. Бірақ, гүл сатушылары осы жылы еліміздегі шектеулерге байланысты гүлдің бағасын аса қымбаттатпағанымен, гүл іздеп келген ата-ана мен оқушылардың төбесі көрінбеді.

Жаңа оқу жылы басталарда базарлар мен сауда-орталықтарында ине шаншыр жер болмайтын. Сабақтар онлайн режимінде өтілетіндіктен оқушылар талапқа сай мектеп формасын іздеп бастарын ауыртпады. Жаңа оқу жылының мектеп формасын талап етпейтіндігі, саудагерлердің саудасын тоқтатты.

Кеңсе тауарларына да сұраныс бұрынғыдай емес. Мұғалім дәптерді қолына ұстап тексермегендіктен кей ата-аналар балаларына жаңа дәптер алып бермей, ескі дәптерлеріне жазғызып, ақша үнемдеудің жолын тауып отыр екен. Ескі қаламымызбен дәптердің алды-артын айналдырып жаза береміз деген оқушылар мен студенттер жаңа оқу жылында жаңа дәптер мен кеңсе тауарларына аса мұқтаж еместігін айтты.

Тосын сыйға толы болып басталған жаңа оқу жылы кәсіпкерлер табысынан қағылып, саудалары тоқтап жапа шегіп жатыр. Сабақ уақыты біткенде оқушылар тәтті алу үшін дүкенге бас сұғып, дүкеннің де саудасын қыздырта түсетін. Ал қазір еліміздегі шектеу шаралары сауданың сиқын кетіріп тұр. Сатушылар мен кәсіпкерлер бәрі оңалып, саудалары қайта жүретін кезді асыға күтуде.

 

Лаура Тұрсынжан,

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер