Қолдобы спорты қарқын алуда

3040
Adyrna.kz Telegram
"Адырна" фотосы
"Адырна" фотосы

Кеше Алматы облысы Денешынықтыру және Спорт басқармасының бастығы, олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев іссапармен Іле ауданына қарасты Алматы маңындағы Өтеген кентінде орналасқан гандболдан мамандандырылған Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне келіп, айтулы спорт мектебінің ұжымымен кездесті. Кездесу барысында қолдобы спортының аймақтарда дамуына қатысты өзекті мәселелерді тілге тиек етіп, мамандардың пікірін тыңдады. Сонымен қатар, облыс спортының басшысы алдағы уақытта қолдобы спортының ауыл-аймақтарда ашылуына үлкен жағдай жасалатындығынан хабардар етті.

Сондай-ақ, Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың спортқа жан-жақты жасап жатқан үлкен көмегін айта келген даңқты балуан Нұрбақыт Теңізбаев, Жетісу жастарын қолдобы спортына баулып, болашақта ел намысын әлемдік,олимпиадалық жарыстарда абыроймен қорғайтын талантты ұл-қыздарды тәрбиелеп шығару мәселесінің маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, осы бағытта спорттық инфроқұрылымдарды жақсарту бағытында алдағы уақытта айтарлықтай ауқымды жұмыстар жасалатынын да сөз ете кетті. Өз кезегінде сөз алған, Іле ауданы  Өтеген кентіндегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Дархан Аширов, қолдобынан ұлдар мен қыздар  құрамаларына  бүгінгі күні тәжірбиесі толыққан  бапкерлерді тарта отырып, дарынды жастардың қатарын көбейту жұмыстары өз жемісін беріп жатқанынын сөз етіп, алдағы өтетін ел біріншілігіне тас-түйін дайын екендіктерін жеткізді.

Расымен де  Дархан Ашировтың белсенді жұмысының нәтижесінде айтулы мектептің ұл-қыздары ел біріншілігі мен қоса халықаралық турнирлерде бақтарын сынап, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізуде. Білікті басшы, танымал спортшы Дархан өзге саладан емес, спорттың қазанында қайнап, тәжірибесі толыққан жас маман. Гандбол спорт түріне бар ынтасымен берілгендігі соншалақты команданы әрбір жарысқа өзі бастап апарып, қыздарының ойынға жан-жақты дайындықпен шыңдалуын қадағалап, зор үлесін қосып жүр. Кезінде бокстан әлем чемпионатында  ел қоржынына олжа салған дарынды былғары қолғап шебері, өз жиған тәжірбиесін Жетісу өңіріндегі қол добының дамуына салған екен. Ия, спорт десе ішкен асын жерге қоятын жанның өз ісіне адалдығы, шеберлігі, жасап жатқан жұмыстарынан көрінгендей.

Осы ретте спорт мектебінде көп жылдардан бері табанды еңбегінің жемісін көптен көріп келе жатқан екі бапкерді  бөле жара айтып өткенді жөн санадық. Олардың бірі Жанат Байарыстанова болса, екіншісі – Евгений Шишкиндер. Айталық, Жанат апай даярлаған қыздар құрамасы Қазақстан чемпионаттарындағы жеңіп  алған жүлделерді былай қойғанда, Өзбекстанның Наманган қаласында гандболдан  «Тәуелсіздік кубогі» үшін өткен халықаралық сында жеңімпаз атанып, Қазақстанның абыройын бір көтеріп тастаған екен. Ал, Евгений Шишкин ұлдар командасын жаттықтыра жүріп, биыл ел чемпионатында күміс жүлдені жеңіп алуына зор үлесін қосқан бапкер. Сонымен бірге, ҚР спорт шебері, гандбол спортының жілік майын шағатын тісқаққан мамандары: Александр Красильников, Байғабылова Зарина мен халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Ирина Александрова, Нұржаубаева Анастасьия және Қазақстанға еңбегі сіңген спорт шебері Кефер Наталья сияқты өз ісіне ұқыпты, білгір мамандардың ұжымға келіп қосылуы өз нәтижесін бере бастапты. Өйткені, әрбір салада білікті өз маманы болмай белгілі бір нәтиже жету мүмкін емес екені жақсы білеміз. Сондықтан да, осындай иглікті қадамдар көпке үлгі болса жарар еді.

Алматы облысы Денешынықтыру және спорт басқарамасының қолдауымен гандбол федерациясы 2017 жылы құрылған болатын. Содан бергі бұл спорт түрінен гандболдан ,,Іле’’ жастар мен жасөспірімдер командаларының шыққан  белестері  көңіл қуантады. Мысалы, 2018 ж Іле ауданы Өтеген кентінде 2003 жылғы қыздар арасында өткен респбулика біріншілігінде топжарып бірінші орынды жеңіп алса, 2019 жылы  Қостанай қаласында, 2002 жылы  қыздар арасында өткен Қазақстан чемпионатында жүлделі 2 орынды иеленеген екен. Сонымен бірге, ұлдар да қыздардың тамаша жетістігінен артта  қалуда намыс көріп, Риддер қаласында  өткен ел біріншілігінде қола  жүлдені жеңіп алады. "Іле" гандбол командасы жоғары да айтып өткендей халықаралық деңгейде де жеңістің бас тұғырынан көріне білген.

Бұл күндері Алматы облысының Алакөл, Панфилов, Райымбек, Қарасай, Еңбекші қазақ, Талғар және Қарасай аудандарында гандболдан бөлімшелер ашылған. Гандбол филиалдары жалпы білім беретін мектептердің базасында жұмыс істеп келеді. Қазіргі кезде  Алматы облысының  ерлер мен қыздар құрамаларының талантты ойыншылары тамаша ойын өрнектерімен ел чемпионатында үздік  орындарға талас туғызуда. Негізі, қандай спорт түрі болмасын, шын беріліп, жағдай жасалғанда ғана нәтиже болатыныны белгілі. Қазіргі таңда, Өтеген кентіндегі орын тепкен гандболдан мамандандырылған  балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде талантты арулардың қатары толыға түскен екен. Тәжірбиесі жоғары мамандарды жан-жақтан командаға тарту бас қатыратын шару екені анық. Бапкерге бар жағдай жасалғанда ғана жұмысына тыңғылықты  кірісетіні белгілі. Айлығы шайлығына жетпей жүрген бапкерден үлкен жетістіктер күту мүмкін емес. Өйткені, жәй-күйі келмеген жанның өз жұмысына құлықсыз қарайтыны бесенеден белгілі. Осындай  күрмеулі  мәселелерді білікті басшылық  түйінін тарқатып шешімін тауып берген екен. Бүгінгі күні жасөпірімдердің гандбол спортына келуі, қызығушылығы арта түсуде. Өйткені, қолдобы спорты нағыз тер төгіп, шеберлікті паш ететін олимпиадалық спорт ойыны. Алматы облысының гандбол командасы қазірге кезде  ұлттық құрамаға өз таланттарын даярлап беріп отырған берекелі ұстаханға айналуда. Айтулы спорт мектебінің 3 бірдей бұрымдылары Қазақстан Ұлттық құрама командасының сапында өнер көрсетеді. Алматы облысы Денешынқтыру және спорт басқармасының қолдауымен талантты қыздар жастар арасында Азия  чемпионатына қатысып, 4 орынға қол жеткізген екен. Мұның өзін үлкен жетістік деп бағалауға болады. Өйткені, өткен ғасырдың аяғынан бастап бастау алған айтулы спорт түрі, біздің елде  тәуелсіздігімізді алғалы бері еңсесін тік көтеріп енді ғана қарқынды даму үстінде. Алдымен ауыл-аймақтағы осындай олимпадалық спорт түрін кеңінен насихаттау бүгінгі күні ерекше қолдау алуда. Ауыл – қазақтың күре тамыры, алтын бесігі-десек, ауыл таланттарын аршып шығарып, ұлы додағы даярлап қосу, ел спортының болашағы үшін маңызы зор.

Ия, гандбол спорты командалық тартысқа толы олимпиадалық теңдесіз спорт түрі. Сондықтан да бұл спортты ауыл-аймақтарда дамтыту мәселесін кеш қалдырмай қолға алып отырған облыс спортының басшылығының белсенді жұмыстары жемісті болса деп тілейміз. Енді  гандболдың еліміздегі дамуы мен жеткен жетістіктері туралы аз-кем тарих беттерін аудара кетсек.

Қазақстанға гандбол 1992 жылы келді десе болады. ҚР  Федерациясы құрылып, 2009-2011 жылдары тұғңышы рет жастар мен ересек қыздар арасында 3 кезеңдік аймақтық, континентальдық финалдық турнирі – халықаралық гандбол федерациясының «Ауыспалы трофей ХГФ» болып өтті. Қазақстан құрамасының гандболдан жеткен үлкен жетістігі – 2010 жылы Азия чемпионатында айтулы ауыспалы торофей жүлдесiнің күміс медалін жеңіп алған кез. Қазақстанда бұл спорт түрінің қарқынды дамуына гандбол федерациясының әр жылдардағы басшылары  Е.А. Әміржанов, Б.М.Сапарбаевтар мен гандболдан ҚР гандбол федерациясының құрметті президентті Тұрлыханова Гүлнәр Ысмағұлқызы өлшеусіз үлес қосты деуге болады. Гүлнәр Ысмағұлқызының жетекшілігімен өткізген соңғы он жыл ішінде Қазақстанның қыздар құрама командасы көптеген халықарылық және құрлықтық жарыстарда жеңімпаз атанып  жүлделі орындардан түскен емес. Сонымен бірге, үш рет әлем чемпионатына тікелей жолдаманы жеңіп алды. Ал, 2008 жылы Бейжің олимпидасына қатысқан әлемдегі 12 үздік команданың қатарынан көріне білді. Міне, қазақстанда гандболдың өсу, даму қарқыны осы жылдар ішінде  бір сәтте те баяулаған емес. Оның басты себебі, өңірлерде бұл спорт  түріне қызығушылық біртіндеп білікті мамандардың белсенді жұмыстарының арқасында сәтті жалғасын тауып келеді.

«Қазанға не салсаң - шөмішіңе сол ілінер» демекші, гандболдың дамуына бар жағдай туғызғанда ғана жемісін көретінің ләзім. Бүгінгі күіні "Іле" гандбол командасының алға қойған басты мақсаты, ел біріншілігінде топжарып, ұлттық құрамаға өз таланттарының қатарын көптеп қосу арқылы, ел чемпионатында қара үзіп алға шығу екені анық білінеді.  Ия, айтулы  гандбол спорт мектебінің қабырғасынан ұшып шығып, ұлттық құраманың жейдесін киген дарынды жастардың арманы –  Азия, Еуропа, және әлемдік жарыстарда табысты өнер көрсетіп, Қазақстанның намысын қорғау. Барлық жол Парижге апарады демекші, Олимпиада асуын бағындыратын күнді неге армандамасқа!? «Армансыз адам - қанатсыз құспен тең»  Ендеше, ұлттық құраманың деңгейі нығайса, еліміздің де абыройы асқақтай түсетіні мәлім. Сондықтан да Қазақстанның әр өңірінде жоғарыда айтқан Жетісу өңірінің қолдобы секілді жұмыла жұмыс жасалса игі еді. Ауыл-аймақтардағы өзге спорт түрлері мен қатар қолдобы спортын дамыту  жолында өңірлерге жиі сапарлатып, ел аралап шығып жүрген Алматы облысы спортының басшысы, спорт жанашыры, даңқты балуан  Нұрбақыт Теңізбаевтың да арманы орындалып, олимпиада  асуына бағындыратын  дарынды жастардың қатары  көрінсе екен деген тілеуді біз де айтар едік. Жаста болса бас болып өңір спортының дамуына, жаңа серпін әкеліп зор үлесін қосып жатқан Нұрбақыт Теңізбаев үшін  бұқаралық спортпен қоса гандбол секілді олимпиадалық спорт түрлерін елді мекендерде көтеру уақыт күттірмейтін жоталы мәселе болып отыр. «Бұлақ көрсең көзін аш» демекші, ел ішінде талантты жастар жетерлік. Тек сол көзінде оты бар,  сүйікті спортына деген сүйспеншілігі жоғары, талантты ұл-қыздарды тани білу бапкерге үлкен сын. Ол үшін, ауданаралық, облыстық жарыстарды жиі  өткізу арқылы үздіктерді анықтауға болады. Қазіргі кезде облыстағы әрбір спорт саласына бойында жалына бар, өз ісінің жас мамандарын тарту мәселесін қолға алған  Нұрбақыт Теңізбаевтың іргелі істері өз жемісін беріп келеді. Әсіресе жастардың спортқа деген құмарлықтары өсіп, талантты жастардың тасада қалмауына бар жағдай жасалынуда. Сондай-ақ, олимпиадалық спорт түріндегі алар орны ерекше қолдобы спорты да айырықша дамып, қарқын алып келеді. Бұл спорт  түріне облыс тарапынан үлкен қаржы бөлініп, білікті бапкерлер шақылуда. Ия, қолдау, көмек болған жерде табыс та жәйлап келе берітіні анық.

Ел ішіндегі таланттарға жол ашып, табысты ойын көрсетуге оқталған Алматы облысының қолдобы спортының аршынды қадамы, ел спортының болашағы үшін маңызы зор деп білеміз.

 

Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

Алматы облысы

Пікірлер