Мұхтар Шерім. Халық соқыр емес

2181
Adyrna.kz Telegram

Жастар тілімен айтсам, «жынды» жаңалық аштым. Алғашында ұялып, бетімді бастым. Жаңалығым мынау: «Көз фонар–2020» деп аталады. Қазақ жаңалық аша алмайды, Жапония мен Америкадан аса алмайды дегендер дамбалдарын бастарына киіп алсын!
Менің көзімнің көру сапасы күн сайын нашарлап бара жатқан соң, соқыр болып қалам–ау, деген уайым жеп, ойлана келе қуаттағыш аппарат ойлап таптым! Орысша айтқанда, көздерді «зарядтайды». Аппараттың шағын клемасын, (Қазақша не дейтін еді, құдай–ау?) кірпіктеріме қыстырып, аппаратты ток күшіне қосып, 24 сағат төсеткте қуатталып жаттым. Ертеңіне тұрсам, көздерім жарқ етіп жана кетті. Кәдімгі қол фонарик сияқты. Кешке қарай қызық болды, қараңғы көшенің шетімен келе жатсам, қарсы келе жатқан көліктердің шамы өшіп жанады. Маған: «Дальныйыңды өшір!» деген белгісі ғой. Көздерімнен жарқыраған, жарық әсерінен қыздардың өзі көздерін көлегейлеп, бастарын ала қашатын болды. Сондықтан, көздерімді түнде жүрсем, сығырайтып алатын болдым. Бір күні көшеде көзімді жұмып келе жатсам, екі бұзақы қуа жөнелді. Қараңғы бұрышта ұстап алды. Қолында пышақ. Сасқанымнан көздерімді бақырайта ашып қалып едім, қорыққан байғұстар тұра қашты.
Ендігі қызықты айтайын. Осы көз аппаратымды патенттеп алу үшін үкіметке шықтым. Құптады, таң қалды, бірақ патент беруден қашты. Айтатын сылтаулары, энергияның шығыны көп екен. Кейін білдім, егер менің аппаратымды халық пайдаланар болса, көздері ашық болып, үкіметтің небір қитұрқыларын біліп қояды екен. Сайқал саясаттың суын ішеді екен. Оу, ағайын, халықтың көзі онсыз да ашық емес пе? Көңіл көздеріңізді айтамын? Менің ойлап тапқан жаңалығым қалай, а?

Мұхтар Шерімнің қышқыл сатирасы,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер