Ескерткіш алынып тасталды!

2321
Adyrna.kz Telegram
Кеше, 4 тамызда фейсбуктағы парақшамда және «Адырна» ұлттық порталында (https://adyrna.kz/index.php/post/43155), сондай-ақ "Қазақ үні" ұлттық порталында (https://qazaquni.kz/2020/08/04/149984.html) «Керекуде Кеңес әскерлері дәріптелуде» атты сын мақалам жарияланған еді. Онда Қазақстанның күнтізбесінде жоқ КСРО әуе десанты әскерлерінің атаулы күні 2 тамызда Кеңес одағы жауынгерлерін ұлықтауға арналған кешенді ескерткіштің ашылғанын жазғанбыз. Дәл сол күні Керекудегі Кеңес десантшыларының ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың эпидемияға байланысты жариялаған карантин талаптарын аяқасты ете отырып, орталық көшелерде заңсыз шеруге шыққанын да айтқанбыз. Мақалада көрсетілген мәселелер жөнінде «Ұлт тағдыры» қозғалысының облыстық ұйымы және отаншыл азаматтар Павлодар облысының әкімі, облыс прокуроры, ҰҚК облыстық департаменті мен облыс полиция департаментінің басшыларының атына хат тапсырды.
Жұртшылықтың наразылығын тудырған ескерткіш бүгін алынып тасталды! Естуімізше, бұл кешенді ескерткіш тиісті мекемелердің рұқсатынсыз, мамандардың келісімінсіз демеушілердің қаржысына орнатылған.
Енді заңсыз шараларды ұйымдастырған «Павлодар қаласы және Павлодар облысы бойынша десанттық бауырластық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Василий Масловтың үстінен қылмыстық іс қозғалса және рұқсат етілмеген шеруге шыққан қатардағы көк телпектілер 15 тәулікке қамалып, көше тазалау тәрізді қоғамдық жұмыстарға жұмылдырылса құба-құп дер едік. Бәлкім, сонда ғана олар Қазақстан Республикасының Заңын құрметтеуді үйренеді.
Қоғам белсенділерінің өтініш-тілектеріне сергек қараған жергілікті мемлекеттік органдарға ризашылық сезімімізді білдіреміз.
Арман ҚАНИ,
Павлодар қаласы.
Пікірлер