Ермұхамед Ертісбаев: Министр Аймағамбетов кешірім сұрай салуы керек еді

7947
Adyrna.kz Telegram

Ұзақ жыл Елбасының саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі болған Ермұхамед Ертісбаев «НеКурылтай» ютуб арнасына  берген сұхбатында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке оңайға соқпай отырғанын айтты.

 

–Өйткені сапасыз  білім арқылы диплом сатумен айналысып отырған жекеменшік университеттер тарапынан оған қатты қарсылық бары байқалады. Менің ойымша, әлі қырыққа жетпеген мұндай мықты, білімді министрі орнында қалдыру керек.

 

Бірақ диссертациясына қатысты айтылған пікірге келер болсақ. әрине, бір нұсқа бар: Ол – сотқа беру. Ал екінші нұсқа,  қазіргідей пандемия жайлаған ауыр кезеңде жұмыс істеу бәрінен де маңызды дейтін болсақ, оның орнында қалу, қалмауын тек қана Презиент шешеді. Әрине адалдық, шынайылық қуатты қару болып есептеледі. Ал Аймағамбетовтың белсенді жұмыс істеп жатқаны маған ұнайды. Сондықтан оның жұмысын одан ары жалғастырғанын қалар едім.

Ал диссертацияға келер болсақ, министр «мен кейбір қателерді түзегенім рас, сол үшін кешірім сұраймын» деп айтуы керек еді. Мұндай жағдайда конфликт те бірден, дер кезінде шешіледі. Этикалық тұрғыдан мұндай мәдениетті де енгізу керек деп ойлаймын, – деді Тұңғыш президенттің бұрынғы кеңесшісі.

Сәтпаевтағы оқиғаға қатысты  да өз пікірін білдірген Ертісбаев  құқық қорғау органдарының әрекетін оң бағалады.

–Мұндай оқиға орын алған кезде барлық картинаны жергілікті билік ашып көрсетуі тиіс. Ал педофил бұрын есепте тұрған. Ашуланған халық қылмыскер тұрған үйге баса көктеп кірді. Ал ол кезде кішкентай қыз диванның астында байлаулы жатты. Ал полиция сәбиді артынан тауып алды. Қылмыскерді халыққа білдірмей алып кетті. Бұл жерде полиция кәсібиліктің жоғары деңгейін көрсетті, өз міндетін адал атқарды деп ойлаймын. Көз алдыңызға елестетіп көріңізші, ХХI ғасырда 2020 жылы ашуланған топ қылмыскерді көптің көзінше аямай теуіп, білгенін істеп жатса... Бұл жағдай қанды қылмысқа ұласар еді.  Полиция қылмыскерді сақтап қалды және құқықтық тұрғыдан дұрыс істеді. Енді педофил жазасын алады. Сондықтан мен бұл жерде  Сәтпаев қаласы құқық қорғау  органдарының әрекетіне  5 деген баға қояр едім.

Ал педофилге өлім жазасын тағайындау бұл мәнсіз, мағынасыз нәрсе, Біз заңды ізгілендіру туралы халықаралық келісімдерге қол қойдық. Өлім жазасы қазір тек қана Беларуссияда бар. Бұл – Лукашенконың таңдауы... Ал өлім жазасын тағайындау немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру бұл ең ауыр жаза деп есептеймін, – дейді Ертісбаев.

Экс-кеңесші Ертісбаев сондай-ақ қоғамда көп сөз болған үкіметтің отставкаға кету мәселесіне қатысты да өз көзқарасын айта кетті. Ол «парламенттік сайлаудан кейін ғана үкімет ауысуы керек» деген ойда.

–Қазір маңыздысы, Үкіметті ауыстыру емес, бүгінгідей қиын уақытта процедура қалай өтеді, қалай жүзеге асырылады, сол маңызды. Сондықтан Маминнің орнына базбіреулер айтып жүргендей, Ұлттық банктің төрағасы Досаев келіп немесе тағы бір-екі министрді ауыстырып, косметикалық өзгеріс жасаудың қажеті шамалы. Оны жасап та керегі жоқ. Жаңа үкімет бәрібір ескі үкімет болып шығады. Сын онсыз да көбейеді. Халықтың наразылығын туғызады.  Ең дұрысы – алдағы парламенттік сайлауды күту, – дейді Ермұхамед Ертісбаев.

Ертісбаев сонымен қатар, «сенаторларды 6 жылға емес, бір немесе екі жылға ғана сайлау керектігін» айтады.

–15 жылдан бері парламентте отырған сенаторды білемін. Түк те істеген жоқ. Ал бір-екі жылға ғана сайланса, халықтың алдында өзі үшін белсенді жұмыс істер еді, –дейді  экс-кеңесші Ермұхамед Ертісбаев.

Еркін Қалдан,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер