«Станиславский жүйесі» емес, «Қазақ ұлттық театр өнері жүйесі» қажет

4792
Adyrna.kz Telegram

«Театр – сымбатты өнердің ішіндегі ең зор өнердің бірі», – дейді Мұхтар Әуезов. Театр – көркемдік-идеялық бағыты бір, ойы сабақтас бірнеше өнердің басын бір жерде тоқайластыратын синтездік өнер. Ал, осы өнердің бастауында қашанда режиссер тұрады.

Режиссердың міндеті – әр актердың амплуасын дәл анықтап, қойылымның архитектоникасын биік деңгейде жасай алу. Сондай-ақ, Бақыт Нұрпейіс «Режиссер жекелеген спектакльдерді қоюмен ғана айналыспайды, сонымен қатар идеялық-эстетикалық мақсат-мүдделері бір арнада тоғысатын адамдардың басын біріктіріп, тұтас театр ұжымының қалыптасуына ұйытқы болады және ол – репертуар бағдарламасын түзіп, жеке шығармашылық әдістемелерді ойластыратын дара тұлға», – дейді.

«Станиславский жүйесінің» қазақ театр өнерінің қалыптасуы мен дамуына ықпалы зор болғаны белгілі. Өткен ғасырдың 20-жылдарынан бастау алған қазақ театр өнері әлемдік аренаға да шыға бастады. Бұл – үлкен жетістік. Дегенмен де, қазіргі қазақ театрына көркемдік-эстетикалық ізденістер мен идеялық төңкерістерден бастап техникалық жаңалыққа, көрерменмен байланысқа түсудің жаңа түрлері қажет екені байқалады.

Заманауи әлемдік театр процессіндегі бүтіндей театр өнеріндегі өзгерістерге ілесу үшін, ең алдымен, еліміздегі сахналық шығармашылықтың теориясы мен методологиясын модернизациялау керек деген ойдамын.

Халықтың дәстүрлі ой санасымен терең байланыс негізінде ұлттық театр өнерінің көкжиегін кеңейту, жаңа серпіліс іздеу жолында Жұмат Шанин, Шәкен Айманов, Асқар Тоқпанов, Нұрмұқан Жантөрин, Әзірбайжан Мәмбетов, Райымбек Сейітметов, Есмұқан Обаевтардан бастап, Нұрқанат Жақыпбай, Жанат Қажиев, Әубәкір Рақымов, сондай-ақ, соңғы онжылдықта қазақ театр өнерін биікке көтеріп жүрген Асхат Маемиров сияқты режиссерларды және актерларды зерттеген жөн. Тұтас зерттеулер негізінде «Қазақ ұлттық театр өнері жүйесі» деген ұғымды да қалыптастыруға мүмкіндік болады.

Театр – тәрбие ордасы. Ойды оятып, қиялды қанаттандыратын қойылымдар көп болғай!

Қуаныш Жұмабекұлы
PhD докторы,
«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы

Пікірлер