Жер қойнауын заңсыз пайдаланғандар жазаға тартылады

2576
Adyrna.kz Telegram

Бұл жөнінде Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов демалыс күні төтенше жағдайларды болдырмау және алдын алу мақсатында, Бадам өзен арнасын бұру және бұзылған жолды қайта қалпына келтіру бойынша атқарылатын жұмыстардың барысымен танысу кезінде айтты.

Әкім Абай ауданына қарасты Жаңаталап ауылы тұрғындарының заңсыз құм қазу кесірінен Бадам жағасын су шайып кету қаупі бар деген шағымдарын назарға алып, заңсыз жер қойнауын падаланушылардың мәселесін жеке бақылауына алды.

Мұрат Әйтенов жер қойнауын пайдалану саласындағы құжаттарды жан-жақты қайта қарап, тиянақты сараптауды тапсырды. Сонымен қатар, заңсыз жер қойнауын игеріп жатқан ұйымдарға қатысты бірқатар жаңа міндеттер жүктеді.

Көктем және күз айларында жауын шашын салдарынан және Түркістан облысының Түлкібас, Төлеби аудандарының таулары мен бұлақ көздерінен бастау алып, қала аумағынан өтетін және ағысы қатты Бадам өзенінің су деңгейі көтеріліп, жағалауына жақын орналасқан тұрғын үйлер мен егістік жерлерге қауіп туып отырғандығы байқалады.

Қазіргі кезде Абай ауданы аумағы бойынша жағалауларын бекіту және өзен арнасын бұруды қажет ететін 3300 метр жер анықталып, жалпы құны 427,5 млн.теңгені құрайтын сметалық есептемелер әзірленіп отыр.

Айта кетейік, Абай ауданы аумағы арқылы ағып өтетін Бадам өзені бойында Қызылжар, Игілік, Жаңаталап, Тәуелсіздікке 20 жыл, Көкбұлақ тұрғын алабтары орналасқан.

Шымкент 

Пікірлер