Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов коммуналдық қызметтердің жұмысын қатаң сынға алып, тиісті басшылардан бұл салада тәртіп орнатуды талап етті.
Шымкент аумағына қоқыс контейнерлерін орнату бойынша өткен жиында қала басшысы тұрғындар тарапынан қоқысты жинау жұмыстарына деген наразылығы көп екенін айтты.
«Қаланы аралау барысында коммуналдық қызметтер жұмысының өте нашар жүргізілетінін көріп жүрмін. Көптеген қоқыс алаңшаларына санитарлық тазалау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілмейді. Ал аялдамалар мен көше бойындағы қоқыс жәшіктері үнемі толып тұрады. Бұл аудан әкімдігі тарапынан бақылаудың жоқ екенін аңғартады»,-деді қала әкімі.
Мұрат Әйтенов аудан әкімдері мен энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Н.Жаманкөзге қоқыс жәшіктерін орнату жұмыстары кешеуілдеп жатқандығы туралы ескерту беріп, бос сөзден нақты іске көшуді тапсырды. Сонымен қатар, ол жеке сектор аумағында арнайы қоқыс алаңшасын орнату туралы тапсырмасының тиісті деңгейде орындалмағанын да атап өтті.
Жиынды қорытындылаған қала басшысы алдағы уақытта айтылған сыннан қандай қорытынды шығарылатынын тікелей өзі бақылайтынын ескертті.
Айта кетейік, жалпы Шымкент қаласында 488 қоқыс алаңшасында 2039 қоқыс контейнері бар. Оның 633 данасы жарамсыз болса, көп қабатты тұрғын үйлердің аумағына 762 контейнерді қосымша орнату керек. Ағымдағы жылы сатылып алынатын 1474 эко контейнерді жарамсыздарын алмастыру және жетіспейтін жерлерге қосымша орнату қажеттігі жоспарланды.
Шымкент