Мехнат Теміртасқызы. Көксау әлем

6048
Adyrna.kz Telegram

 

Мехнат Теміртасқызы

Туған жылы; 1994

Туған жері ; Түркістан облысы, Созақ ауылы

Отбасылы. "Сəлем хат" өлеңдер жинағының авторы.

 

 

СƏЛЕМ ХАТ !!!

 

Қалайсыз апа...

Сіз жақта бəрі жақсы ма..

Қыс жетіп аппақ, ақ ұлпалары басты ма.

Періште сынды мейірбан ең ғой тірлікте,

Қуанып Жұмақ.. Қақпасын сізге ашты ма..

 

Қалайсыз апа..

Мінезге бай ең сымбатты..

Ажалдың оғы жараламады ма, тым қатты.

Жұмада жерге жамбасың тиген еді ғой,

Сұраусыз кіріп.. Араладың ба, Үр бақты.

 

Туысқа туған елжіреуші едің, езіліп..

Көзіңнен шуақ, сөзіңнен қуат сезіліп.

Мəңгілік мекен марқайтқан шығар..анашым,

Ата-ана, қызың, жарыңа сүйген кезігіп.

 

Пейішке кіріп.. Жайлылық жанға енді ме,

Гүл теріп əкем, күлімдеп таяу келді ме.

Анаңыз өрген, жотаңда жатқан бұрымға,

Жұмақтың гүлін ақырын тағып берді ме.

 

Білем ғой апа..

Алаңдап жүрсің қарайлап,

Өзіңмен бірге алыстап кеткен талай бақ.

Жаулығың желмен желбіреп өзің жүрмесең,

Сұрықсыз суық көрінеді екен..сарай жақ.

 

Сағыныш деген..

Қажытты апа, тек мені..

Бақшаңа биыл ешкімде жеміс екпеді.

Сақырлап қайнап тұрса да сары самаурын,

Қолыңнан ішкен күрең шəйіңе жетпеді.

 

Өзіңсіз мынау..

Шарпығандайма ғаламды от,

Жүрердей көргем, Қасымда дəйім, аман боп.

Шөңгеге емес, шеңгелге құлап жатсам да,

"Құлыншағым" деп, ұмтылып келер адам жоқ.

 

Солай ғой апа..

Үйіңнің кетті күйі шын,

Өзіңді іздеп, шарқ ұрам кейде үй ішін.

Орамалыңды құшақтап жатып ұйықтаймын,

Жұмақтан жетіп жатқандай ғажап иісің.

 

Сағыныш, аңсау..

Санамда сансыз арбасты,

Күндерге- күндер, айларым- жылға жалғасты.

Ізіңді іздеп, бақшаны кезіп жүруші ем,

Əттең-ай, əттең.. Оныда мынау, қар басты.

 

Есімің есте..

Сағыныш қанша жырда жүр,

Қарайлап тұрсаң... Қамкөңілімді тыңда бір.

Омырауыңа басымды тығып соңғы рет,

Шерімді айтып.. Жылағым келіп тұр қазір.

 

Осылай апа..

Өткізген сізсіз жəйтіміз,

Қалпыма түсем.. Қайрылмай маған қайтыңыз.

Жұмақта жүрсең, жердегі менде мəзбін ғой,

Айтпақшы, апа.. Əкеме сəлем айтыңыз.!

Əкеме сəлем айтыңыз.!

 

КӨКТЕМ ƏУЕНІ

 

Ауыл үстін, ауыр бұлт алқымдады,

Күннің көзі көрінбей.. шапағы, бай.

Шарт сынардай қара аспан жарқылдады,

Көктем-қыздың ісінің шатағын-ай.

 

Жан қалдырмай көше де, бүркіп, екпін..

Қылығына, қызықтап қара, дей ма.?!

"Полонезді" ойнады күркіреп күн,

Су бетін де секірді.. "балерина".

 

Өзінше бір тіршілік, Таңданардай.

Жел уілдеп, Құр қалмай керегінен.

Қатпар-қатпар əжімді бал қарағай,

Өскіндерді қорғап тұр, желегімен.

 

Анау, таулар.. Аталар.. Бəрі мығым,

Төр алдына жайғасқан қатарынан.

Мейірлене сімірсе Тəңір- нұрын,

Сарқыт саулап ағады, сақалынан.

 

Шіркін, жауын демеді.. бір тоқтайын,

Ұлы тойға шашылған теңгелердей.

Шоғырлана қалыпты бір топ қайың,

Сыпсың-сыпсың сөйлескен жеңгелердей.

 

Жарқ еткізіп аспанның омырауын,

Күн көрінді, бір мезет сəулеленіп.

Сыңғыр-сыңғыр қаққызып қоңырауын,

Бетпақ жаққа бұлт көшті əуреленіп.

 

Жуып-шайып, кір-қоңнан.. бойын керген,

Көктеменің жасырған ойы екен ғой.

Тоқтамастан, "отыз күн-ойын" берген,

Сəуір қыздың.. "Ұзату тойы" екен ғой..

 

Полонез жоқ.. Биші жоқ.. Жұртта қалып,

Мұң шағамын Көк-жердің көсеміне.

Құрысыншы.. Шабыттан ұрттап алып,

Қара өлеңнің құлайын, төсегіне..

 

 

ЕСТЕЛІК

 

Осы екеуміз бақыт үшін не істедік.

Күреспедік.. Кешірмедік.. Кешпедік.

Ел айтардай хикаяда жоқ бізде,

Қалды есте.. еміс- еміс естелік.

 

Хоштасуда сонша қиын өткен жоқ,

Ерін ұшы.. Емеурінін еткен боп.

Қособада сенде қаза болмадың,

Ақ жайыққа мен де батып кеткем жоқ.

 

Бақыт үшін, жасамадық бір адым,

Құрық ұстап, қудық артын кінəнің.

Алып-ұшып арамызды жалғаған,

Хаттар қалды.. Белгісіндей Шұғаның.

 

Жыламадық.. Жанарларға қайғы алып,

Біздер үшін, Жұлдыз- мұңлы, ай-ғəріп.

Селт етпедік, Мерт етсекте сезімді.

Кеткенбіз бе, Қара тасқа айналып..

 

КӨКСАУ ƏЛЕМ

 

Мынау, ғалам бір шипа таба ма ақыр.

Шыр айналған жер -дімкəс, ауа да - кір.

Табанынан таусылған табақтай күн,

Тауға ілініп, талықсып бара жатыр.

 

Аждаһадай от ойнап ауызында,

Дертті - лажсыз, адамның сауы- қызба

Əлсіреген əлемді алапат күш,

Бір тарының сыйғызды қауызына.

 

Дір-дір еткен тағдырлар шыдамастан,

Кілт үзілді.. жан бар ма, құлақ асқан.

Жапан дүзде қылқиған қорымдардың,

Жаназасын оқиды жылап аспан.

 

Есіл жанды уақыт емдеген боп,

Кежегесі келіспес кер денеде от.

Екі өкпесі у толып, əлсін- əлсін

Күрк-күрк жөтелді, жер менен көк.

 

Көктегі атаң көріп тұр, Датың бар ма..

Өмір үшін алжастық ақылдан да.

"Көк кептердің сорпасы ем" дегелі,

Көп кептерлер қонбай жүр, шатырларға.

 

Көксау əлем.. Құрт түскен жұмырынан,

Не маңызды.. Адамның ғұмырынан.

Құрбан шалып індетті тоқтатпаққа,

Боз биені айырдық құлынынан.

 

Иісі жоқ, дəмі жоқ күлгін елес,

Мың күн азап тартармыз, бір күн емес.

Қауашағың жасаған зұлым ойын

Құрбан етпей тоқтауы, мүмкін емес.

 

Сызданбаған шығар-ау, бұлай дала.

Шыбын жанды қоримыз шыр айнала.

Жанұшырған жердегі пенделерге,

Сынай қарап тұр жалғыз, Құдай ғана..

 

АҚ ЖАУЫН

 

Білмедім мен.. Қайсы ісім дұрыс, бұрыс..

Ұқтыруға соңғы рет тырыстыңыз.

Сылбыр хəлден сергітіп, жетім тамшы..

Тереземді қағып тұр, Тырс..тырс..

 

Біз тасалап сырласқан анау, шынар

Сүмектеп тұр.. Су емес, жылау шығар.

Бұлт көзінен үзілген тамшылардың..

Жазмышы- аспаннан құлау шығар.

 

Найзағайдың шарпиды оты шашқан,

Сезім өлді.! Оңбаған хошы, бастан..

Жан азабын жауынмен жуып-шайып,

Жаназасын күркіреп оқыды, аспан.

 

Еңсем түсіп барады, аласарып..

Есімді алар ескі күн жобасы, анық.

Алақандай ауылды айналдырып,

Ашылмады-ау.. Аспанның сорасы ағып..

 

Содан ба екен.. Əлемім күлгін- күлгін,

Жауын шайған келер ме, күлкім..бір күн.

Сосын.. Анау, шынардың саясында

Сен жайлы жыр жазармын.. Мүмкін.. Мүмкін..

 

Білмедім мен.. Қайсы ісім дұрыс, бұрыс..

Ұқтыруға соңғы рет, тырыстыңыз.

Сылбыр хəлден сергітіп, Жетім тамшы..

Тереземді қағып тұр, Тырс..тырс..

 

БАҚЫТТЫМЫН ДЕЙСІЗ-АУ...

"Бақыттымын " дейсіз-ау..сөз беренім.!

Сенімсіздеу.. Сəтті күн мол дегенің.

Титтей үзіп беріңіз ен бақыттан,

Мен де түрін көрейін...сол неменің.!

 

"Бақыттымын " дедіңіз күліп тұрып,

Бұл не деген..мықтылық, тұнықтылық.!

Менен бақыт айналып қашып жүр ғой,

Дəмін татқым келгенін...біліп тұрып.!

 

Бала болдық... Күлкіге тоймаған дөп,

Ол шақтың да өтерін ойлағам жоқ.

Маған, бақыт пішіндес көрінетін,

Анам жаққан ошақта ойнаған от.!

 

Қайнаған шақ.. Аралас..қаймана сəт.!

Арманшыл ем, ашатын айға құшақ.

Теңдесі жоқ бақыт боп көрінетін,

Əкем, қойын өріске айдаған шақ.!

 

Содан кейін.. адастым, көрмегенмін,

Сүйрелеумен келеді өрге өлеңім.

Күлме достым.. Тең бөліп алайықта..

Дəмесі бар, бақыттан... Өлмегеннің..

 

"Бақыттымын " дейсіз-ау..сөз беренім.!

Сенімсіздеу.. Сəтті күн мол дегенің.

Титтей үзіп беріңіз..ен бақыттан,

Мен де түрін көрейін..сол неменің.?!

 

АУЫЛҒА КЕЛ, АУЫЛҒА

 

Айырбассыз сүгіреті сауынға..

Ыстық өлке.. Туысқа да, бауырға.

"Ауыл жаққа барамын" деп əндетпей,

Көп кешікпей.. Ауылға кел, ауылға.

 

Кешкі ауыл.. Апақ-сапақ.. Тымырсық.

Əне-міне, қайтатындай күн- ыстық.

Қырсық қыздай қылығымен өртеген,

Қыңыр күн де, батар емес қылымсып.

 

Жон арқасы қыраттардың борпылдақ,

Қызған құмда, бала ойнайды томпылдап.

Түп жусаннан көлеңке іздеп сабылар,

Ешкіемердің екі өкпесі солқылдап.

 

Аңқа кепкен, ауыл, сусыз аралдай,

Сары даланы шарпып жатқан самалды-ай.

Ұшқан құс пен жүгірген аң пана іздер,

Шыбын жанын қоярға жер таба алмай..

 

Сосын, анау, шымшық үні үзілмей,

Еске салды, көңілдердің күзін, кей..

Ақ сағымдар көз ұшынан жоғалды,

Күн еңкейе.. Күнікейдің жүзіндей.

 

Қараңызшы.. Нағыз сурет келіскен..

басталады, Мал қайтқанда өрістен.

Азан-қазан, төрт түліктің тірлігі..

Ағайындай, көп жылдан соң көріскен.

 

Жамырасқан қозы-лағы.. Кəдімгі, ұқ,

Ал,жоғалтса.. Аналықтан бəрін күт.!

Жаратылыс таңдамайтын жалғанда,

Аналардың махаббаты- Тəңірлік.!

 

Шаңға шомып, мына жақ пен ана жақ,

Абыр-сабыр етті, сəттік арада-ақ.

Күн қақтаған тобылғы-жүз, шопан ұл

Кірді ауылға, шабан атын сабалап.

 

Айырбассыз, сүгіреті сауынға..

Ыстық өлке.. Туысқанға, бауырға.

"Ауыл жаққа барамын" деп əндетпей,

Осы қазір, Ауылға кел, ауылға..

 

ОЙЛАНБАУЫМ МҮМКІН БЕ?

 

"Неге дейді...неге сен- ақ мұңдысың",

Ойлысың деп.. Сұрақ қойды бір кісі..

Жүрегімді жарып шыққан жыр..түсін.

Ойсыз болу..хайуанға тəн нəрсе..

Оймен өмір сүрмегенге..

Түсіндіру қиын оның, түр- түсін.

Егер, мына дүниеге немқұрайлы қарасаң,

Онда досым... Шектен шыққан ақылдысың,

Не болмаса...жындысың.

 

Ми- жанар тау.. Жүйкелерге шындық жүк.

Қызық қуу.. Нəпсіге тəн бір күндік.

Азамат боп туылғаның шын болса,

Адал суға жуынғаның шын болса,

Шахановша шындықты айт, шыңғыртып.

Ойсыз келіп, ойсыз кету өмірден,

Санадағы ынжықтық.!

 

Адаммын ғой, ойламауым мүмкін бе..

Өмір- орман.. Онда жортар қабыланың да, түлкің де..

Құбырына түспесең де құлқынның,

Тұрмайды өмір, гүл- бақшадай, күлтілдеп.

 

Адасу да, алжасу да өзіңнен,

Ой- бағытшы.. Селт етпеуің - сезімнен..

Бір күніңнен асып түсер, бір күн тек.!

Ойсыз адам өлікпен тең.. тек ажал,

Алып кетер демесеңіз, біртіндеп.

 

ЖАУЫННАН СОҢ

 

Туу..алыстан тырналар сымпылдайды,

Сылдыр-сылдыр, су үні бір тынбайды.

Алқам-салқам, қара жер.. қарық болып,

Буыны жоқ, бишідей былқылдайды.

 

Тораңғысы түрленіп, тобылғысы..

Осы кез-ау, мезгілдің болымдысы..

Анда-мұнда, көк қуған төл артынан,

"Шəйт"дейді, мүлгіген момын кісі..

 

Ақ таратып, апалар "бұйырсын"деп,

Балақай мəз.. Сақасын үйірсін кеп.

Күміс бауыр, қарлығаш кіріп-шығып,

Ұя салып, əбігер..сүйіншілеп..

 

Жүргендеймін ішінде ертегінің,

Кемпірқосақ жаяды, көркемін мың.

Жер-ананың өзіне сыйласам ба..

Бүршік жарып аңқыған, бөрте гүлін..?!

 

Жауын жуып кеткендей, бəрін-бəрін..

Шым-шым тартып қояды, тамыр, нəрін.

Табиғаттың ғажайып нотасынан,

Əн ұрлағым келіп тұр, əн ұрлағым..

 

ӨЛЕҢ ЖАЗҒЫМ КЕЛЕДІ..

 

Хəлін кешіп, қауқарсыз жынды адамның,

Өз-өзіме сия алмай, бұлданамын.

Өлең жазғым келеді, өлең жазғым..

Сай-сүйегін сыздатып, тыңдағанның..

 

Аларым жоқ, біреуге берерім де,

Мақтанамын, марқайып нелеріме.?!

Бар сенерім өлеңім, Алла өзі..

Теліп берген, өмірге келерімде..

 

Кезім бар ма, сұрыңа үңілмеген,

Құлатпан деп, келемін жүгіңді, өлең.

"Бұл ақындар тозақта жанады" деп,

Түнеугүні, бір молда күбірлеген..

 

Шүйке жүндей ұршықта шыр айналған,

Ширатылады екен-ау, бұлай да адам.

"Тозағыма соңын да тастаймын" деп,

Ұлы өнерді беріппе ед.. Құдай маған..

 

Шеше - өлеңнің балқытып шіркін, демі..

Уызына тойғанда үрпіндегі.

Таңдайыма татыған тағдырымдай,

Тамырымның ішін де, бүлкілдеді..

 

Кімді айналып өткендей, есіл-өлім,

Неменеме жетісіп, есіремін.

Өлең жазғым келеді, жазбай қалсам..

Қара басып, Бəрінен кешігемін..

 

Өлең жазып тастасам, есілдіріп,

Күнім тоқтап.. Қалдырып, кешімді-ұмыт.

Миымды мың найзағай шарпығандай,

Мең-зең.. Селқос.. Содан соң.. Есім кіріп..

 

КҮРЕС-ӨМІР

 

Сағыныш па.. Сағыныпта көргенбіз.

Сары бидайдың сабағындай дірілдеп.

Жүрек жылап.. Қалар деп ек, ол да емсіз.

Əй, қайдағы.. Ес жидық қой, біріндеп.

 

Махаббат па.. Махаббат та есуас,

Жүрек таңдап сүймейтіні - Əңгіме.

Кездесудің бақыт сыйлар кеші..рас,

Қиын..бірақ, жоғалтқаның мəңгіге.

 

Сыйластық па.. Сыйладық та, сый көрдік.

Алтын сөзден мүк иісін жұтынып.

Үліңгірге үйіруді үйрендік,

Ілкі ақылдан қалмайық деп, ұтылып.

 

Тірлігіңде тіреспейсін кімдермен,

Шығасылы-кіресілі жүр, естер.

Шыбын жаны шыж-быж болған..

Бұл пендең, Шынашақтай бақыт үшін -күрескер.!

 

"Адырна" ұлттық порталы

"Адырна" ұлттық порталы
Пікірлер