Арынан айырылған қыз барынан айырылмасын!

7263
Adyrna.kz Telegram

Ұлы сөзде ұят жоқ! Айтуға болмайды, ұят болады деумен жастардың білуі абзал дүниелерді жасырып келдік. Қаншалықты жасырғанмен, тартып жатқан залалымыз соншалықты  көп. Халық арасында «қызды қыздай алу керек, әйтпесе балаң өзіңе ұқсамайды. Ол жігітке ұят» деген қалыптасқан миф бар. Пәктігінен айырылып қалған қыздың қазіргі қоғамда рөлі қандай? Өзінің ұштақайлығынан тауып отырған қыздардан бөлек жігіттерге алданып, еңіреп қалған қыздар да бар. Тарқатып айтайық. Қыздығынан айырылып, от басқан қыздардың болашақта тұрмысқа шығып, отбасын құрғанда күйеуінің, туған туыстарының көзқарасы қандай болмақ?

Қыздың сондай жағдайын біле тұра оған көз жұмып, үйленіп жатқан жігіттер бар. Бірақ кейін ұрысып қалған жағдайда өткенді еске түсіріп, қыздың бетіне басатын кездердің болатыны да жасырын емес. Немесе алғашқы неке түнінде алған жарының таза емес екенін біліп, үйінен қуып шығатын жағдайлар елдің оңтүстігінде көптеп тіркелген. Қазақы салт-дәстүрді берік ұстанатын аймақ болғандықтан ер адамның тәрбиесі де соған негізделеді.

Мұндай көзқарас қайдан шықты? Қазіргі қоғамда әкенің я шешенің тікелей «Балам, ешкім тимеген қыз әкел. Таза қыз әкелмесең ұят» дегенін жиі естімейміз. Бұл көбінесе жігіттердің өз ортасында болатын әңгімеден туындайтын мәселе.  Көзі ашық, рационалды ойлай алатын азаматтар дұрыс қабылдай алады. Бірақ қоғамда әлі консервативті көзқарасты ұстанатындар бар. Мәселен, бір ортада жүрген жігіт қызбен кездесетін болса, достары «Ол қызбен қалай кездесіп жүрсің? Болары болып қойған қыз ғой» деген негатив тарата бастайды. Жігіттің сезімі болып үйленгісі келсе де, көңіліне күдік ұялайды. Не жігіт қызға үйленбейді, не үйленген күннің өзінде бетіне  салық қылып отырады. Себебі достардың арасында гу-гу әңгіме толастамайды. Жеке индивид ретінде бұған қарсы шығып, қалыптасқан жағдайды өзгертуге тырысқан адамның өзі сыртқы қоғамның қысымынан сынып қалады. Ашығын айтқанда, пәк емес қызды алған жігіт айналасындағы адамдардың қысымына төтеп бере алмайды. Осыдан келіп отбасының шырқы бұзылып, түбі ажырасуға әкеледі. Тастанды бала, көкек ана, әкесіз өскен жетімек осылай пайда болады.

Алданып, зорлыққа ұшыраған қыздар тұрмыс құра алмайды. Күйеуге шықса да, уақыт өте келе ажырасып кететіні біршама. Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық статистикаға көнбейді, өйткені оның құрбандары құқық қорғау органдарына және дағдарыс орталықтарына, өте қауіпті жағдайларда болмаса, сирек жүгінеді. Ресми деректер бойынша, елімізде жылына 400 әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан көз жұматынын ескерсек, «пәктік» мәселесі де сол ұрыстың бір себебі.

Ғылымда телегония деген термин бар. Ол адамның алғашқы серігінің генге әсері жайында. Бұл қызға да, жігітке де қатысты дүние. Гуглдатсаңыз телегония жайлы толық ақпаратты біле аласыз. Бірақ оның рас не өтірік дүние екендігі дәлелденбеген. Ғылымда бұл жайлы әлі де даулы мәселелер бар, сондықтан оған толықтай ғылыми негіз жоқ екендігін ғалымдардың өздері де мойындайды. Мойындай тұра халық арасындағы зорланған қызға деген көзқарас өзгермеген.

Иә, бұл теорияға сүйенетін болсақ, қыз «қыздай» бару керек. Бірақ тағдыр жолы әрқилы. «Адасқан өзінің тұқымын құртады». Рас. Алайда «қызды адастырған адам қыздың тағдырын құртады!» Зорланып, арынан айырылған қыз барынан айырылмау керек. Түптің түбінде сол қызды қорлаған басқа емес, өзіміздің қазақ жігіті. Жастығында жасарын жасап, ойнап-күлген жігіттің кейін пәк қыз аламын деуі ақымақтық. Тең теңімен, тезек қабымен. Жарыңның адал болып келгенін қаласаң, өзің де ешқандай қызға қол тигізбей, соған сай бол дегіміз келеді. Қоғамдағы осындай кері әсер ететін, тиынның екінші бетін ескермейтін қасаң көзқарастағы нарративтер отбасы институтын әлсіретіп, ұлт болашағына әсер етуде. Саналы шешім қабылдап, ұрпағымыздың зардап шекпеуіне қазірден қам жасайық!

 

 

Аяулым Әбілда,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер