«Көне Шымкенттің» құпиясы қандай?

3016
Adyrna.kz Telegram

Қазіргі таңда археологтар, реставраторлар мен құрылысшылар – ұзын саны 100-ге жуық адам Шымқаладағы Ескі қалашықтағы аспан асты музейінің құрылысына атсалысып жатыр. ТМД елдерінің мәдени астанасы жылына орай көне шаһардың 2200 жылдығын мерекелеу қарсаңында бұл музей мегаполистегі көзге көрінерлік көрнекі жерге айналды.

                             Тарихи сарын

Заманауи мегаполистің атымен м мииаттас 4,5 гектар аумақты алып жатқан Ескі қалашық Шымшаһардың орталығында орын тепкен.  Өткен ғасырдың ортасынан бастап археологтар бұл жерде Көне қалашықтың пайда болуы мен дамуына қатысты сауалдарға жауап табу үшін қазба жұмыстарын жүргізіп келеді.

2002-2003 жылдары Ә.Марғұлан атындағы археология институты мен М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың бірлескен экспедициясының көмбе заттарды қазып шығару жұмыстарының нәтижесі Шымкенттің тарихи жасы 2200 жыл деген қорытынды жасауға себеп болды. Зерттеулер қаланың біздің заманымызға дейінгі екінші мыңжылдықтан бастау алатын тарихы тым тереңде екенін дәлелдеп берді. Ескі қалашықтағы мәдени қабаттардың тереңдігі орта есеппен 14 метрге дейін барады. Археологтар ең төменгі қабатынан б.з.д. ІІ ғасырдың басы мен ІІІ ғасырдың аяғы деп көрсетілген керамика бұйымдарының бөліктерін тапқан.

Аз сөзбен айтар болсақ, Шымкент – Қазақстандағы өзінің тарихи өзегін сақтап қала алған жалғыз қала. Ескі қалашықта аспан асты музейін салу арқылы еліміздің тарихи мақтаныштарының біріне айналдыру туралы шешім қабылданғаннан кейін бұл жерде жұмыс қыз-қыз қайнай түсті. Археологтардың бірлесе күш салуының арқасында келешек көрнекі жердің сегіз мың шаршы метр аумағында аршу жұмыстары жүргізілуі керек-тін.  Сол аралықта ХІХ ғасырдағы қалалық цитаделдің тарихи тұрпатын қалпына келтіру үшін реставраторлар да қосылды. Құжат қабырғалар мен мұнараны, қырғын кезіндегі және бақылау алаңшаларын, кіру есіктерін қайта қалпына келтіруге жол ашты. Ал 2019 жылдың күзінде тарихи жердегі қазба жұмыстарына құрылысшылар да кірісті.

Көне қорғанның құпиялары
Бір жылға жетер-жетпес уақыттың ішінде Ескі қалашықта адам сенгісіз өзгерістер орын алыпты. Бұрындары бір уақытта бірнеше жерде қазу жұмыстарына күш салып жатқан үш жасақ археолог бұл жердегі басты күш болса, енді тарихты зерттеушілерге реставраторлардың ойын жүзеге асыратын құрылысшылар да қосылды.
Ә.Марғұлан атындағы археология институтының директоры Бауыржан Байтанаев ескі қалашықтың жұмбағын шешумен студент кезінен айналысып келеді. Елімізге белгілі осы археолог ағамыз 2002-2003 жылдары қалашықта жүргізілген экспедицияны басқарғаны мәлім. Сол кезде Шымкенттің 2200 жылдық тарихы бар екені айғақталды. Соңынан экспедиция материалдары  ғалымның докторлық диссертациясында көрініс тауып, Шымкенттің тарихы туралы жазған кітаптарының да негізгі мазмұнына айналды. Қазір Б.Байтанаев қалашықтағы музей ісі жобасының ғылыми кеңесшісі.

–Шымкент қалашығында көптен күткен музей салу ісі басталғанына қуаныштымын, - деді өз ойымен бөліскен тарихшы. – Бұл – менің балам. Осы тақырыпты зерттеп, зерделеуге өмірімнің көптеген онжылдығын арнадым. ЮНЕСКО-ның шешімімен қаланың 2200 жылдық тарихи жасының мойындалуы – мен үшін де, мегаполис үшін де өте маңызды қуантарлық оқиға.
Үш гектардай аумақтың аяқталмаған қазба жұмыстарын жалғастыру тек археологтарға ғана рұқсат етілмек.  Мерейтойға келетін көптеген туристер мен қала қонақтары қалашықты аралай жүріп, шығыс бөлігінде жалғасып жатқан қазба жұмыстарын көзімен көре алады. Археологтардың тарихқа қызығушыларға дайындаған тосын сыйлары көп.

Цитадельдің ең биік нүктесінен жаңа мегаполис алақандағыдай көрінеді. Бұл жерде  XVIII ғасырда бой көтерген қорғанның айналасындағы тіреуіш қабырғалардың құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Осы күнге дейін жақсы сақталған цитадельдің жалпы келбеті бір кездері қорғаныс қабырғалары мен бекініс айналасындағы шұңқырлармен қоршалған екен.
–Қорғанды аршу жұмыстары кезінде археологтарды тосын сый күтіп тұрды, - дейді Бауыржан Байтанаев. –Тарихи орынның анағұрлым ертеректе пайда болғаны мен төбе түріндегі археологиялық ескерткіштер қатарына жатқызылатынына меңзейтін қабат табылды. Бұл қабат осыдан 2000 жыл бұрын осы жерде елдімекен болғанын айғақтайды. Қазба жұмыстары кезінде осы елдімекеннің ең төменгі қабаттарынан жуан қабырғалы діни орталықтың үлкен залы анықталды.  Ал оның ар жағында сүйекхана орын тепкен. Одан 30-ға жуық сүйегі бар хум (құмыра) табылған. ІІ ғасырда бұл өңірде ауытқымалы қалыпсыз құбылыстар орын алады да, адамдар  сүйектердің басым бөлігін алып қаладан кетуге мәжбүр болады. Кетпес бұрын тұрғындар барлық есіктерді өңделмеген шикі кірпіштермен бекітіп кетеді. Бұл қараханидтердің дәуірінде-ақ орын алған оқиға еді. Одан кейін бұл жерге тимуридтер келеді де, өздерінің құрылыстарын бастайды. Ал XIX ғасырда қоқандықтар бекіністі алғаннан кейін төбе аумағы цитадельге айналдырылады. 1864 жылы патша генералы Черняевтің әскері цитадельді басып алған соң қыраттың айналасына қорған тұрғызыла бастады.
Қазір қорғанның айналасында тіреуіш қабырғалардың құрылысы жүріп жатыр. Оған тек оңтүстік-батыс және оңтүстік-шығыс қос мұнаралы кіреберіс биік қақпа арқылы кіруге болады. Келушілер жоғарыға жаяу жүргіншілердің пандусымен көтеріле алады. Заманауи құрылыс өзінің  тарихи қақпаның жақын маңынан бой көтереді. Археологтар бұл ғимараттың сүйегі жұмыр тас пен шіріген бөренелерден тұратынын қазба жұмыстары кезінде анықтаған.

Тарихшылар мен реставраторлардың ойынша, көне көтергіш арнайы шатырмен жабылатын болады. Бұл, біріншіден, жайсыз ауа-райынан қорғайды, екіншіден, қалашықтың сәніне сән қосады. Әрі бірнеше ғасыр бұрын кешеннің бұл бөлігі қандай болғанын елестетуге мүмкіндік бермек.

Бекіністің өзінде алғашқы көрме павильоны дап-дайын тұр. Бұл жерге келген туристер қару-жарақ, тиын, киім мен тұрмыстық заттар экспозициясымен таныса алады. Экспонаттардың қатарында қалашықтағы қазба жұмыстары кезінде табылған артефактар: әр түрлі кезеңдік ақшалар, қару-жарақтар, ағылшын және француздық оқ-дәрілер, әшекей бұйымдары, сарбаздар мен офицерлердің әскери киімдерінің түймелері, қыш-керамика бұйымдары бар.
Сондай-ақ цитадельден табылған зеңбіректер мен пулемет оқтары да келушілердің назарына ұсынылмақшы. Бұдан бөлек, бұл жәдігерлерді тек экспозиция залынан ғана емес, қорғаныс қабырғалары мен мұнаралардан да тамашалауға болады.

Ежелгі шахристан
          Бекіністі бойлай төмен түскенде пандустың оң жақ қапталында қалашықтың шығыс бөлігі менмұндалайды. Бұрын бұл жерде шахристан тұрғынүйлері болған.  Оның, сондай-ақ барлық өлшемге сай қорғаныс қабырғалары болған. Олардың қалдықтарын археологтар қазба жұмыстары кезінде тауыпты.  Шахристанның тұрғынүйлері арнайы жабынмен жабылып үлгерген. Бұл шатыр құрылысты жайсыз ауа-райынан қорғайды және жылдың кез келген маусымында археологиялық жұмыс жүргізуге жағдай жасайды.

Шахристанның тіреуіш қабырғасының арқасында қазір амфитеатрдың құрылысы жүріп жатыр. Ол табиғи шұңқырдың орнынан бой көтереді. Дәл осы жерде Шымкенттің 2200 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралардың салтанатты ашылуы болады деп күтілуде. Қалашыққа экскурсия жасап келе жатқанда Оңтүстік қақпаның алдына табан тірейсіз. Ескі қалашыққа қорғаныс қабырғаның бір бөлігі болып табылатын екі мұнара арқылы кіресіз. Мұндай мұнаралардың жалпы саны 10 болмақ. Қалашықтың келбеті мұрағатта сақталған суреттер арқылы қалпына келтірілуде. Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау жөніндегі конвенцияға сәйкес, тарихи орынды тұрғызу немесе қалпына келтіруде  міндетті түрде тарихи нақтылық сақталуға тиіс.  Сондықтан да археологтар мен реставраторлар Ресей әскери-тарихи архивінде сақталған цитадель сызбалары мен Вележев пен Верещагин сияқты суретшілердің мөрі басылып, 1967 жыл деп көрсетілген суреттері тәрізді тарихи құжаттарға қарап әрекет етуде.

Жоба авторларының ойынша, қалашықтағы жеті метрлік қорғаныс қабырғалары эстетикалық мақсаттан бөлек, серуен алаңқайы бар айналма галереяның қызметін де атқаратын тәжірибелік мақсатқа қызмет етпек. Цитадельге Әйтеке би көшесі жағынан және құрылысы аяқталған Оңтүстік қақпадан, сондай-ақ Ескі шаһар жақтан да кіруге болады. 120 құрылысшы қазан айынан бері осында еңбек етуде, бірақ, әлі де атқарылар жұмыс шаш етектен.

Дәуірлер тоғысы

Археологтарда да бұрынғысынша жұмыс жетіп артылады. «Археологиялық сараптама» ЖШС-нің өкілі, тарихшы Владимир Бычков шығыс қорғаныс қамалы аумағында бір жарым жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазба жұмыстарының бас кезінде оның жұмыс тобы цитадельде тер төкті. Іздеу жұмыстары барысында шымды қатпарды ашқан уақытта археологтар казармалық бөлімшенің іздерін тапқан. Қазындылар ақырындап бірігіп, бүгінгі күні шахристанның шығыс бөлігі мен цитадель толығымен аршылды. Тарихи жердің басты құндылығы оның көпқабаттылығында.

–Бұл жерде біз бірнеше мәдени  қабатты көреміз, - деді Владимир Бычков.  – Жоғарғы қабырға – бұл XVIII ғасыр аяғы – XIX ғасыр басы. Ал сәл төменіректе XVI ғасыр. Мегаполис үшін – бұл қайталанбайтын дара құбылыс, өйткені, келуші туристер архитектуралық нысандар арқылы дәуірлер айырмашылығын көре алады. Біз әр түрлі құрылыс көкжиегін зерттеудеміз. Қазір олардың саны екеу, бәлкім, одан да көп болуы мүмкін. Бұл жерге келген адам тек тарихты ғана түгендемейді, сәулет пен құрылыстың түр-түрімен танысады. Әр мәдени қабаттың құрылысы әр алуан. Бір-біріне ұқсамайды. Егер мына бір жері кірпіштен қаланса, басқа жерінде сұйық саз кәсегімен құйылған. Мұндай түрлі-түрлі кезеңді қамтитын мәдени қатпар ескерткіштің өзінде айрықша қызығушылық туғызары сөзсіз. Бірнеше мәдени қатпардың болғаны табылған артефактар арқылы да расталып отыр.

          – Бізде әр алуан кезеңді қамтитын ақшалар көп, - деді сырымен бөліскен археолог. – Әр түрлі уақытта қоқан және бұхар кезеңінің, Қазақ хандығының тиындары табылды.  Қатпарларды аршу кезінде, тіпті, Алтын Орда империясы уақытындағы тиындар қолға түсті. Бұл жерде әр түрлі кезеңді қамтитын барлығы екі жүзден астам бақыр табылды. Сондай-ақ ағылшын және француз оқтары, мергендердің ұштығы, түрлі керамикалар да шығып жатты.

Бычковтың жұмыс тобы түрлі құрылыс қабатттарын зерттеу жұмыстарын әлі де жалғастыруда. Арнайы жасалған бастырманың арқасында ол жұмыс қыстыгүні де тоқтаған емес. Әлбетте, ол кезде археологтар үштен немесе алтыдан бөлініп, қазындыларды өте мұқият аршыған-ды. Ежелгі құрылыстарға зиян келтірмес үшін зерттеушілерге бар болғаны екі-үш сантиметр топырақты қыстырғышпен өте сақтықпен абайлап қана қазуға тура келді.

          –Мұндай көпқабатты ескерткіш – музей саласында қайталанбас орын, - деп есептейді Владимир Бычков.– Оның жақын және алыс шетелдерден келген туристерге қызықты болатынына сенімдімін. Қазақстанда мұндай тарихи жерлер көп емес, біздің жағдайымызда Шымкенттегі Ескі қалашық мегаполистің көрнекті жерлерінің бірегейі болмақ.

 

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер