Бөдене – бизнес

4463
Adyrna.kz Telegram

Қазірде елімізде шағын және орта бизнеске айрықша көңіл бөлінуде. Шағын несиелеудің көкжиегі кеңейді. «Бизнестің жол картасы – 2020», «Bastau Бизнес», Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы сияқты бағдарламалар баршылық. Бұлардан бөлек, кәсіпкерлікті үйренем деушілерді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы 1-3 айлық курстарға оқытуда. Әсіресе, аз қамтылған, кәсіп бастағысы келетін көпбалалы аналарды мемлекет қаржылай қолдап жатыр. Ең бастысы, ниет болса болғаны.  «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан»  505 мың теңге грант беріледі. Былтыр Шымшаһар бойынша 4500 грант бөлінген болатын. Сол бір айлық оқу курсынан өтіп, 505 мың теңгелік грантты ұтып алғандардың бірі көпбалалы ана Айман Кулишова.

Қайтпас-1 шағынауданының тұрғыны үй жағдайында бөдене шаруашығымен айналысады. Айман Кулишованың бөдене құсын, оның жұмыртқасын кәсіп қылғанына он жылдан асыпты. Басында базардан сары ала жұмыртқасын көріп жәй қызығушылықпен бастаған. Федя деген орыс кісіден он шақты жұмыртқа әкеліп, бастырып шығарады. Ол тұқымдар майда боп шығады да, құсты да, жұмыртқасын да ірілендіру мақсатында Алматыдан іздестіреді. Әсілі, бөдененің пошымы – шап-шағын. Ақын Мұхтар Шахановтың «бөдене таланттар мен Қажымұқандар» дейтіні содан. Көлемі әр алуан болады. Ең аз салмағы 10 грамм болса, біреулері 15-20 грамға дейін барады.

«Алғашқы кезде біз шығарған құстың еркегінің тірі салмағының өзі көп болса 100 грамдай-ақ еді. Мекиені 80 грамм. Қазіргілерінің салмағы  200 грамның жобасында. Сорпалап ішуге болады», - деп Айман апай кәсіп бастаған алғашқы жылдарын еске алды.

Айман Сейілбекқызы алты баланы дүниеге әкелген көпбалалы ана. Сол бала-шағаның күтімі мен бабын жасай отырып, үйінің алдындағы сарайға тор, инкубатор сатып алып, қырғауыл тұқымдас шағын құсты өсіреді. Балалары қолғабыс етеді. Жолдасы Мұқан Нұрмаханов ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар беріп отырады.

Қазір А.Кулишованың үйінде 500-дей құс бар. Бірақ, бұл көрсеткіш қомақты табыс алып келеді деп айтуға ертелеу. Ол бизнесін қалай жылжытарын білмей жүргенде былтыр қыркүйек айында көк жәшіктегі жаңалықтан «Атамекен» кәсіпкерлер палатасындағы кәсіпкерлікке оқыту курсы жайлы хабарды құлағы шалады. Артынша құжат тапсырып, қабылданыпты.

  • 25 күн оқып, сертификат алып, бөдене шаруашылығы туралы бизнес-

жобамды қорғап шықтым. 505 мың теңгелік грантты ұттым. Енді сол ақшаға құстың басын көбейтпекпін. Ол үшін басқа жақтан жаңа құстар әкелу керек, - дейді ол.

Бөдене шаруашылығы нәрестеге қарағандай үлкен төзімділік пен ыждаһаттылықты қажет етеді. Бұл құс жылуды жақсы көреді. Қыста жылы ұстап, жазда желдеткіш қойып, бөлмеде 20-25 градус бірқалыпты температура болуы шарт. Айман апайлар бөдененің «бөлмесін» қыстыгүні 18-20 градустан төмен түсірмеуге, жаздыгүні қатты ысытып жібермеуге тырысады екен.

–Таңғы 6-7-де жарықты қосамыз. Жаз уақытында жарық қоспаса да

болады, терезеден күн сәулесі түседі. Түскі тамағы сағат 14.00-де, кешкі қорегі – 20.00-21.00-де. Түнде сағат 12-де қайтадан жарықты өшіреміз. Жарық тәртібінің уақыты 16-17 сағатқа тең болуы керек. Егер сәл кем боп қалса, жұмыртқалауы азайып кетеді, - деді А.Кулишова.

Сондықтан, өзі шағын болса да, бөдене құсын өсіру, оның жағдайын жасау оңай емес. Астын күніне бір мәрте тазалайды. Торының астында қиға арналған қалыбы болады. Оған ағаш жоңқаларын себеді. Ол әрі иісті басады, әрі зарарсыздандырады. Ал жемді Өскемендегі «Корма Востока» деген зауыттан  алдыратын көрінеді.

Әр құстың балапан басу мерзімі әр түрлі. Мысалы, тауықтар 20-21 күнде,  күркетауық 28 күнде, түйеқұс 40-45 күнде, бөдене 16-17 күнде балапан басып  шығады.  Аңғарғанымыздай, осылардың ішінде ең тез көбейетіні – бөдене. Қолдың бөденесі жабайы бөдене сияқты өз бетінше балапан баспайды. Бұлар кезінде қолға үйретіліп, селекция арқылы шығарылған ғой. Соның өзінде жартылай жабайы. Сондықтан, инкубаторсыз балапан шықпайды.

  • Жұмыртқасы инкубаторда 16 күн тұрады. Адамдар «ойбай,

инкубатордан шыққан» деп шошиды. Олай емес. Бұл тек өмірге келу тәсілі ғана. 37,7-38°С қажетті температура, ылғалдылық сақталса, жұмыртқалай береді. Мекиені де балапан басқанда сондай жағдай жасайды, - деді.

Айман апай бөдене өнімінің 80 % жұмыртқа түрінде, 20 % ет түрінде сатады. Шымкентте тірі құсты алушылар көп болмағаннан кейін етке өткізеді.

  • Бір бөдененің бағасы 500-1000 теңгенің арасында. Екі айға дейінгі

бөдене 1000 теңгенің айналасында. Тәуліктік бөденелер 100 теңгеден басталады. Етінің бір килосы – 2500 теңге. Қазір көбіне той, жиындарға тапсырыс береді. Дастарханға таңсық ас ретінде жұмыртқасы мен етін безендіріп қою сәнге айналды. Етінің дәмі тауықтың етіне ұқсамайды, - деді ол.

«Еті мен жұмыртқасынан бөлек бөдене шаруашылығының сан түрлі қырын дамытып, пайда табуға болады. Етін тұздап, жұмыртқасын маринадтаса, жеңсік ас ретінде желінеді. Кептірілген қиын ұнтақтап, қаптап ұсынсаңыз, тыңайтқыш ретінде өтімді болады. Жүнін жастықтың мамығына пайдаланса тіпті, керемет! Ол үшін құстың басын көбейтіп, ерінбей айналысу керек». Айман Кулишова жапондар мұны біліп қана қоймай, ұлт денсаулығын жақсартуға қолданатынын айтады. Тіпті, мектеп жасындағы балаларға күніне екі бөдене жұмыртқасы тегін таратылады екен. Қытайда 70 млн, Ресейде 350 мың бөдене басы бар екенін де деректер айғақтайды.

Ал бізде бұл сала ақырындап дамып келеді. Үшінші мегаполистің Сайрам ауданында бөдене өсіретін шаруашылықтар баршылық деп естиміз. «Малышева» атты жеке шаруашылық бұл құстың өнімдерін супермаркеттерге тарататынынан хабарымыз бар. Бірақ, бөдене құсы әлі заңды түрде тіркелмеген көрінеді. Яғни, заңдастырылмаған, реестрге енгізілмеген. Тауыққа бар. Бөденеге жоқ. Бөдене асырасаңыз, тіркей алмайсыз. Бұл біздегі Ауыл шаруашылығы министрлігі ескерер өзекті мәселе деп ойлаймыз.

Түсінгеніміз, біздің елімізде «ханның асы» саналатын бөдененің еті мен жұмыртқасынан басқасын пайдалану әлі жолға қойылмай келеді. Ал бұл тек асырайтын адамға ғана байланысты емес. Тұтынатын қарапайым халыққа да қатысты. Өткенде базарда бір жігіт бөдененің жұмыртқасын сатып жатса, бір көкеміз «Енді жыланның да жұмыртқасын сатып жатсыңдар ма?» деп дүрсе қойғанын естіп едік. Демек, былайғы жұрт әлі де бөдененің пайдасы туралы көп біле бермейді. Ал Айман Сейілбекқызы оның пайдалы тұстарын әлдеқашан біліп, кәсібіне айналдырған. Одан жақсы болмаса, жаман болып отырған жоқ.

Бөдене жұмыртқасын қолдану әдісі

Адамның жасы Жұмыртқа саны
1-ден – 3 жасқа дейін 1-2 дана
3-тен – 6 жасқа дейін 2-3 дана
8-ден – 12 жасқа дейін 3-4 дана
12-ден – 18 жасқа дейін 4 дана
18 бен 50 жас аралығы 5-6 дана
50-ден жоғары 4-5 дана

 

 

 

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер