Қазір кез келгенімізде ұялы телефон бар. Заманауи смартфондарды тиімді пайдаланып жүрміз. Аз сөйлеспейміз. Кейде сағаттап ұзаққа кететініміз бар. Мұндайда қайтадан телефонды қуаттандыруға тура келеді. Көбінесе смартфонды ток көзіне қосамыз да, оны суырып тастауды ұмытып кетіп жатамыз. Ал оның қандай зияны бар? Бұл майда-шүйде нәрсе емес. Негізі телефонды қуаттау (зарядтау) барысында нені қаперге алуымыз керек? Нені ескеруіміз керек?
1.Телефонның қуаттандыру құрылғысын ток көзінде қалдырмаған дұрыс
Біз көбінесе телефон қуаттандырылып болған соң оны ток көзінен (розетка) ажыратпаған күйе қалдырып кететініміз бар. Негізі бұл өте қауіпті. Өйткені ток көзінде тұрғанда қуат алатын құрылғы сымда процесс жүріп жатады. Біз оған мән бермейміз. Ал шамалы уақыттан соң энергия көзі шамадан тыс артық кетіп, сым тұйықталып немесе бір - біріне тиіп балқып өрт шығып кетуі мүмкін. Сондықтан телефонды қуаттандыратын құрылғыны ток көзінде ешқашан қалдыруға болмайды.
2.Телефонды 100 пайыз қуаттандыруға болмайды
Біз көбінесе, телефонды 100 пайыз қуаттандыруға тырысамыз және осы көрсетілген деңгейге жеткенше құрылғыны тоқ көзінен айырмаймыз. Бұл дұрыс емес. Шектен тыс уақыт телефонның батареясын тым ерте істен шығарады, сөйтіп жарамсыздана бастайды, артынан оның қуаты тез бітіп қалатын болады. Мұны үнемі есте сақтағанымыз абзал.
3.Телефонды түнде қуаттандырудың қажеті жоқ
Бәрімізге ортақ бір нәрсе бар. Түнде жатар алдында смартфонды бір қараймыз және қуаты таусылып қалмас үшін ток көзіне тығамыз. Сөйтіп, ұйықтап кетеміз. Тек таңертең ғана оны токтан ажыратамыз. Біз таңға дейін батареяда бірнеше процесс жүретінін тағы аңғармаймыз. Батареяның қуаты төмендейді. Ол қайтадан қуаттандырылады және таңға дейін ажыратылмаған күйі тұрады. Соның салдарынан артық энергия кетеді, ток көзі келе берген соң батарея ісініп, уақыт өте келе жарамсыздана бастайды.
4.Телефон токқа қосылып тұрса, сөйлесуге болмайды
Смартфонның құрылғысы ток көзінде тұрғанда, бәрін ұмытып ұзақ сөйлесетініміз бар. Негізі бұлай жасауға болмайды. Мұндай жағдайда ұялы телефонның аккмуляторы өте баяу жұмыс істейді. Сондықтан одан еш пайда жоқ. Сөйлескен кезде телефонның қуат құрылғысын ажыратып тастаған дұрыс. Содан кейін ғана барып оны қайтадан қуаттандырған абзал.
5.Телефонның қаптамасын алып тастап, ток көзіне қосқан жөн
Жалпы қажетті талапқа сүйенсек, телефонның сыртқы қаптамасын алып тастап барып, оны ток көзіне қосып, қуаттандырған дұрыс. Өйткені сыртқы қаптама қызып кетуі әбден мүмкін. Бұл өте қауіпті. Өрт шығып, әртүрлі жағдайлар орын алуы ықтимал.
6.Телефонды ноутбук арқылы қуаттандырудың қажеті жоқ
Есте ұстар жайт, біріншіден, бұл процесте телефон баяу қуат алады. Екіншіден, қуаттандыру құрылғысының «тез зарядтау» функциясы жұмыс істемей қалады. Сондықтан телефонды ноутбукке емес, ток беру нүктесіне тікелей қосқан абзал.
Жалпы сапалы телефонды ұзақ пайдаланып және батарея қалыпты жұмыс істеуі үшін біз ең алдымен осы нәрселерді есте сақтағанымыз абзал. Әрине, мұның барлығы да майда-шүйде емес. Бірақ «тек жүрсең, тоқ жүресің». Смартфоныңыз сапалы болып, батареяңыз ұзақ пайдалануға жарасын дейміз.
Еркін Қалдан,
«Адырна» ұлттық порталы