Жеке өмірде жолы болмаған Ататүрік

6218
Adyrna.kz Telegram

Көрнекті саясаткер, реформатор, революционер. Бұның бәрі Мұстафа Кемал Ататүріктің саяси атақтары. Ал оның қатыгез диктатор, ішкіш, етектіні құр жібермеген көңілдес деген сияқты тарих таңған басқа да атақтары бар...

42 жасында үйленіп, отбасылық өмірі үш-ақ жылға созылған, өз кіндігінен бала көрмеген адам. Бірақ қыз-қырқынның назарынан кенде болмаған. Қызық, иә? Бағы жанбау дей ме бұны? Әлде...?

Ататүрік алғашқы махаббатын әскери училищеде жүргенде жолықтырады. Бірақ бай көпес қызын қарасирақ жігітке беруден бас тартып, басқаға ұзатады.

Өзі дәстүрлі тәрбие алып өссе де, еуропалық өмір салты мен батыс менталитетін құп көрген. Дәстүрлі типаждағы шығыс әйелін емес, көзі ашық, білімді, жаңашыл аруларды ұнатқан. Көп уақытын әйелдер орамал мен ұзын етек кимейтін, кештерде ерлермен бірге отыратын еуропалық кварталдарда өткізген.

Сауық кештердің бірінде Болгария әскери министрінің Мити есімді қызымен танысады. Өзі армандаған еуропалық қалыңдық. Екеуі бірін-бірі сүйген. Бірақ Мити христиан дінінде болғандықтан, әкесі қызын мұсылманға беруден үзілді-кесілді бас тартады. Бірнеше жылғы махаббат хикаясы баянсыз аяқталып, Мити кейін өз дініндегі елшіге тұрмысқа шығады.

Осыдан кейін Ататүрік Фикриемен көңіл жарастырады. Деректерге сүйенсек, Фикрие Ататүріктің өгей әкесінің ағасының қызы. Фикрие Мұстафа қалаған идеал еуропалық қалыңдық болмаса да, көңіліне жаққан келіншек. Ататүрікке дейін есік көрген. Екеуі бірнеше жыл кездесіп, біраз уақыт бірге тұрады. Бірақ Фикриеге үйленуіне анасы мен қарындасы қарсы болған. Оның үстіне есік көріп келгені және бар. Бірнеше жылға созылған бұл махаббат та аяқсыз қалады. Фикрие кейін Мұстафаның үйленгенін естіп, трагедиялы жағдайда қаза табады.

Бұл уақытта Ататүріктің жасы қырыққа келіп қалған. Ел президенті болған кезі. Измирге барған сапарында оған болашақ жары Латифа Ушаклыгиль келіп, қала сыртындағы сарайына қонаққа шақырады. Латифа ертеден сауда-саттықпен айналысқан бай әулеттің қызы. Лондонда, Парижде білім алған. Француз тілін жетік меңгерген. Өзі жас, өзі сұлу, өзі білімді, өзі текті. Елдің бірінші ханымының рөліне қай жағынан болсын лайық. Осы кездесуден кейін Ататүрік көпке созбай, Латифаға сөз салады. Оның бұл таңдауын хәл үстінде жатқан шешесі де құптап, болашақ келінімен танысады. Анасы қайтқаннан кейін, 15 күннен соң екеуінің үйлену тойы өтеді. Бұл кезде Ататүрік 42-де, Латифа 24-те.

Ататүріктің үйленгенін газеттен оқыған Фикрие Германияда емделіп жатқан жерінен Түркия келіп, онымен кездеспек болады. Бірақ кіре алмай, резиденцияның есігінен қайтады. Бірнеше күннен кейін қонақүйде тапаншадан өз-өзіне оқ атып, ауруханада тоғыз күн жатып қайтыс болады. Бұл жағдай жаңа үйленген Ататүрікке оңай тимеген. Мықты дәрігерлерді жұмылдырып, Фикриені аман алып қалуға бар күшін салады. Үміттенеді. Фикрие бақилық болған соң өзін-өзі кінәлау сезімі келіншегімен қарым-қатынасына сызат түсіреді.

Латифа күйеуінің барлық іссапарында бірге жүреді. Атқа да мініп, шалбар да киіп, қайда барса да бір елі ажырамаған. Латифаның образы жаңа түрік әйелінің идеалы ретінде насихатталады. Бірақ тәуелсіз, еркін, билікқұмар келіншек Ататүріктің қызғаншақтығы мен қызуқанды мінезін көтере алмапты. Оның көп ішетінін, достарымен құратын ойын-сауығын, өмір салтын қабылдай алмаған. Оған қоса Ататүріктің резиденциясындағы жасау-жабдықты ғана емес, көмекшілер мен штаттағы қызметкерлеріне дейін ауыстыруға көшеді. Ал бұл өз дегенімен жүріп үйренген Ататүрікке ұнамайды. Не керек, екеуі үш жылға жетпей ажырасады. Бұдан кейін екеуі де шаңырақ көтермеген. Латифа Ататүріктен ажырасқан соң 50 жыл өмір сүреді. Ататүрікпен де, мазасын алған журналистермен де кездесуге құлықты болмаған. Қалған елу жыл ғұмырын ел көзінен тасада өткізеді.

Ататүрік жайлы қызық деректер:

Балаларды қатты жақсы көрсе де өз кіндігінен бала көрмеген. Сегіз қыз бен екі ұл асырап алып, бәріне жақсы білім берген.

Қарапайым отбасында туған. Ұлты кім екені белгісіз. Әкесі албан дейді. Қызғаншақтығы соншалық, әкесі қайтқан соң шешесі екінші рет тұрмыс құрғанда өгей әкесін атып өлтірмек болған. Өгей әкесі өз ажалынан өлгеннен кейін ғана шешесімен татуласады.

Кітап оқығанды, атқа мінгенді, шахмат ойнағанды, жүзуді жақсы көрген.

Түріктердің ұлттық биі «Зейбекті» жақсы билеген.

Француз, неміс тілдерін жетік меңгерген.

Бала күнінен мінезі ұшқалақ, тұрақсыз, қызуқанды болған. Әлсіздерге әрдайым көмектесетін әділдігімен ерекшеленген. Бірақ бірбеткей мінезі өмір жолында кесірін де тигізіп баққан.

Таңды таңға ұрып, әңгіме айта алатын шешен. Аузына қараған елді сөзіне иландыру қабілеті зор болған.

Бала күнінде тышқаннан қатты қорыққан.

Жан-жануарларды, әсіресе сәйгүлік пен иттерді ерекше жақсы көрген. Көп жерге Сакарья деген атымен барса, шетелге шыққанда Фокс атты итін ала жүрген.

Ақбота Әбілтай

Пікірлер