Салмақты ой, сараланған пікір

4563
Adyrna.kz Telegram

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ана тілі» апталығына берген сұхбатын мұқият оқып шықтым. Оның ана тілін дамыту жолында осы басылымның қызметкерлеріне берген жоғары бағасымен келісемін. Шынында, бұл газет өмірге келген алғашқы күнінен бастап тіл мәселесін көтеріп, оның мұңын халыққа да, билікке де жеткізумен келеді. Сондықтан Президенттің газет қызметкерлерінің еңбегіне жылы лебіз білдіргені орынды деп санаймын.

Президент өз сөзінде ана тілінің Мемлекеттік мәртебесі туралы өзінің ойын ашық айтты. Шынында бұл мәселеде басқаларды елемей, сыңаржақ кетуге болмайды. Бізде қазір қазақ халқының үлесі көп болғанымен тіліміздің ықпалы төмен екенін мойындауымыз керек. Ал аттандап, орыс тілінің қазіргі мәртебесін төмендетіп, қазақ тілін ғана жоғары көтермек болсақ, ол теріс тиімділік береді. Өйткені, белсенді аренада жүрген қазақтардың көбі ана тілін жетік меңгермеген. Оның үстіне бұл біздегі сепаративтік пиғылдың өрістеуіне мұрындық болады. Сондықтан, көп нәрсені дабырайтпай, жүйелі түрде істеген дұрыс.

Шынында бізде қызуқындылық пен ұрандатушылық басым. Ал ондайлармен табысты нәтижелерге қол жеткізу қиын. Біз ақылды алыстан іздемей өзімізбен тағдыры да, талқысы да көп халықтардан алуымыз керек. Соның ішінде әсіресе, президент айтқандай, өзбектен үйренеміз көп. Олардың ептілігі мен икемділігі қазіргі заманның сұраныстарына толық жауап береді. Кезінде оларда да билік орындарынан орысша сөйлеу талап етілді, олардың да барлық элитасы балаларын орысша оқытты. Алайда өз тілдерін ешкімі ұмытқан жоқ, тіпті берік ынтымақтарының арқасында өзгелерді өздеріне икемдеп алды.
Ал біз өзімізді өзіміз кем тұтып, басқалардың соңынан далақтап кеттік. Соның салқынынан әлі күнге арыла алмай келеміз. Адам барлық кемістікті алдымен өз бойынан тауып, алдымен өзінің, жақынының бойындағы сондайларды жеңсе – бәрін де еңсеруге болады. Мен тіл жанашырымыз, мемлекеттік тілді қолдау керек, қорғау керек деп айғайлап жүретін талай құрбымның балалары немесе немерелері тек қана орысша сөйлейтінін көріп таң қалып жүремін. Кейбіреулеріне жұртқа дәріс айтпас бұрын өзіңнің отбасыңды түзесеңші деп айтып та қаламын. Бірақ өздеріне келгенде ондайлар көңіл аудармайды да, өзгелердің жат тілде сөйлегеніне ыза болып жүретін қылықтарына таң қаласың.

Мен Президенттің сұхбатындағы мына пікірлерге де қатты риза болдым. Мысалы, ол қазақ тілінің қоғамдағы қажеттілін арттыру қажет деді. Ол үшін мемлекеттік қызметке кәсібилігімен қоса «қазақ тілін жақсы білетін азаматтарға басымдық беру керек», деді. Нағыз бүгінгі күннің талабы осы. Сонымен бірге ол «қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдауымыз керек. Оларды Парламентке, өкілетті органдарға сайлап, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі жоғары лауазымдарға тағайындап, мемлекеттік наградалармен марапаттап отырғанымыз дұрыс», деді. Бұл да өте орынды. Қазір өзге ұлттың жастары арасында қазақ тілінде таза сөйлейтіндерін көргенде қатты риза боламын. Міне, соларды барынша қолдау керек.
Жалпы, Президент Қ.Тоқаевтың сұхбаты - халыққа ой салатын, салмақты, терең ойлы, жан-жақты пікірлер. Ол саналы адамдарды бей-жай қалдырмасы анық.

Сәуле МӘЛІКОВА,
Солтүстік Қазақстан мемлекеттік
архивінің директоры

Пікірлер