Маусым айында жедел жәрдем шақыру 10 пайызға өсті

2477
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанда осы жылдың 5 айында жедел жәрдем бригадалары 3 миллионнан аса шақыртуға қызмет көрсеткен. Бес өңірде шақырту айтарлықтай көбейген. Бұл туралы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Бауыржан Жүсіпов айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Бауыржан Жүсіповтің айтуынша, қазір ел бойынша 1967 санитариялық автокөлік бар.

"ҚР бойынша жедел медициналық көмек қызметі 18 дербес жедел медициналық көмек станциясынан, 87 қалалық кіші станциясынан және 288 аудандық жедел көмек бөлімшесінен тұрады. Республика бойынша күн сайын жедел көмек шақыртуларына 1 400-ге жуық жедел медициналық көмек бригадалары қызмет көрсетеді. Оның 23 пайызы - мамандандырылған дәрігерлік бригада, 77 пайызы - фельдшерлік бригада... Қазіргі таңда 1967 санитариялық автокөлік бар. Осы жылы 807 бірлік жедел жәрдем көлігін сатып алу жоспарланған", - деді ол ОКҚ онлайн-брифингінде.

Маманның айтуынша, жыл басынан бері жедел жәрдем шақыратын тұрғындардың саны артқан. Ал маусым айында бес өңірде шақырту айтарлықтай көбейген. Олар: Ақтөбе, Қызылорда облыстары, Шымкент, Алматы және Нұр-Сұлтан қалалары. Сол себепті жедел жәрдем бригадасы бұрынғы уақытынан 12-13 минутқа кешігіп келеді.

"Осы жылдың 5 айында жедел көмек бригадалары 3 миллионнан аса шақыртуға қызмет көрсетті. Жалпы республика бойынша жедел медициналық көмек бригадалары күніне 18 мың шақыртуға қызмет көрсетіп жатыр. Бірақ маусым айында шақырту 10 пайызға өсті. Соның ішінде айтарлықтай өсім 15-22 маусым аралығында болды, тәулігіне 22 мыңнан астам шақыртуға қызмет көрсетті. Өңірлер бойынша Ақтөбе, Қызылорда облыстарында, Шымкент, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында шақырту көбейген. Осыған байланысты жедел көмек бригадасының шақырту орнына дейінгі орташа келу уақыты 12-13 минутқа артқаны байқалады", - деді ол.

Маман жедел жәрдем бригадасының келу уақыты науқастың жағдайына байланысты болатынын атап өтті.

"Бұл ретте айта кету керек, бекітілген ережеге сәйкес, шақыртулардың келу уақыты жеделділік сағатына байланысты. Яғни науқастың өміріне немесе денсаулығына қауіп төнген жағдайда жедел медициналық көмек бригадасының келу уақыты 10-15 уақыттан аспауы тиіс, ал пациенттің өміріне не денсаулығына айқын қауіп болмаған жағдайда келу уақыты 60 минутқа дейін өзгереді", - деді Жүсіпов.

Еске салайық, еліміздің бірнеше өңірінде жедел жәрдем бригадасы уақытылы келмей шу шықты. Сондай-ақ Ақтөбе облысында ауруханалар жедел жәрдем бригадасымен келген науқасты қабылдаудан бас тартқандардың видеосы тарады.

 

Пікірлер