Төтенше жағдай кезеңіндегі қазақ-түрік ынтымақтастығы: Гуманитарлық дипломатия

4476
Adyrna.kz Telegram

  «... Мемлекеттер басшылары аталған саладағы тығыз ынтымақтастықты жалғастыра беруге ниетті екенін нақтылады».

Akorda.kz сайтының хабарламасынан үзінді. 25.05.20 ж.

 

Қазақстан мен Түркия «өзара тауар айналымын 10 млрд. долларға жеткізу» межесін бағындыруда 2020 жылға дейін біршама оң нәтижелерге қол жеткізген-ді. Айтап айтсақ, 2019 жылдың қорытындысы бойынша өзара тауар айналымы 2018 жылға қарағанда 67 пайызға (1,5 млрд. доллар) артып, Түркия Қазақстанға тікелей инвестиция құйып отырған алғашқы он елдің қатарына енген болатын.

Алай да 2020 жылдан бастап түбегейлі өзгерген бүгінгі жаһандық күнтәртібі серіктестіктен мына мәселелердің шұғыл шешімін талап етуде: «Дағдарыстан (экономикалық, постпандемиялық) минималды шығынмен шығуды қамтамасыз ету! Ортақ синергияны одан әрі дамыта отырып, «әлсіз» тұстарды жаңа мүмкіндікке айналдыру».

Мақаламызда осы мәселелерді басты назарға ала отырып COVID-19 індетіне қатысты Қазақстанда ендірілген Төтенше жағдай кезеңіндегі өзара ынтымақтастық пен гуминатарлық дипломатияның мазмұнына шолу жасап, әріптестіктің перспективасын альтернативті тұрғыдан сараптауды қош көрдік.

Пандемияға дейін...

Қазақтан мен Түркияның өзара стратегиялық әріптес, бауырлас елдер екені баршаға аян. Екеуі де БҰҰ, ШЫҰ, ЭЫҰ, ИЫҰ секілді бірқатар ірі халықаралық ұйымдардың мүшелері болумен қатар, өзара серіктестер (Мысалы: ЕҚЫҰ-дағы қазақ-түрік әріптестігі т.б.). және де геосаяси тұрғыдан өз аймақтарының маңызды акторлары, сондай-ақ, Түркі кеңесі, ТүрікСОЙ, Түркі Академиясы, ТүрікПА ұйымдары шеңберінде түркі әлемімен интеграциялық процестерді жүзеге асырып отырған мемлекеттер.

ҚР СІМ-нің мәліметі бойынша Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы 2019 жылдың қаңтар-қараша айларында 2,8 млрд. АҚШ долларын құрап, 2018 жылдың осы кезеңіне қарағанда 67 пайызға (1,5 млрд. доллар) артқан болатын.

 

ТР Вице-Президенті Фуат Октайдың келтірген дерегі бойынша 2019 жылдың алғашқы тоғыз айында түрік экспорты, 2018 жылмен салыстырғанда, 13.4 пайызға артып 606 млн. долларға жеткен. Қазақстаннан келетін импорт 47 пайызға артып, 2.3 млрд. долларды құраған. Ал Түркияның Қазақстанға жасаған инвестициясы 3.2 млрд. долларға жеткен (потенциалы 6+ млрд. доллар).

2019-жылдың қараша айында Ыстанбұлда өткен ортақ сауда-экономикалық келіссөздер (форум) қорытындысы бойынша жалпы құны 1.4 млрд. АҚШ долларын құрайтын 19 құжат (потенциялы 3+ млрд. АҚШ доллары) қабылданған.

Бірақ, 2020 жылдың наурыз айына дейін жаһанды шарпыған пандемия дағдарысы екі ел арасындағы қатынастар мен интеграциялық үдерістерді тежеп, жоспарланған бірқатар шараларды кейінге шегеріп тастады.

ТЖ кезіндегі өзара ынтымақтастық:

ДДСҰ 11.03.2020 ж. пандемия жағдайын жариялағаннан соң, Қазақстан да, Түркия да қауіпсіздік протоколы бойынша, сыртқы қатынастарын (әуе, су, тас жолы, темір жолы қатынасы т.б.) шектеп, оқшаулану (Қазақстанда ТЖ ендірілді) режиміне өтуге мәжбүр болды.

Альтернативті тұрғыдан бағалар болсақ, ТЖ кезіндегі өзара ынтымақтастық: гуманитарлық көмектер, қайрымдылық шаралары мен қарекеттер - мұқтаж жандарға демеу, науқас жандарға шипа болумен қатар, екі ел арасындағы әріптестіктің тереңдігі мен мазмұнын, сапасы мен басымдықтарын айқындай отырып, оның нығая түсуін де қамтамасыз етті деп айта аламыз.

Нақтылап айтар болсақ, Қазақстанның пандемиямен күресіндегі «күш-жігеріне қолдау көрсету» мақсатында Түркия президенті Р.Т.Ердоғанның тапсырмасымен медициналық жабдықтардың (150 000 дана медициналық бетперде, 50 дана бет экраны, 100 арнайы көзәйнек, 300 арнайы комбинизон мен залалсыздандыру заттары) жіберілуі – Анкара мен Нұр-Сұлтанның арасындағы әріптестіктің негізгі мазмұны мен арнасын айшықтай түседі.

Сондай-ақ, Түркияның Қазақстандағы елшілігі, басконсулдықтары мен Діни басқарма қорының да ТЖ кезінде осы мазмұнда бірнеше қалаларда гуманитарлық шаралар өткізгенін айтып өтуіміз керек.

Осы орайда төтенше жағдай кезінде қазақ-түрік бауырластығының нығая түсуіне өз үлестерін қосқан қос елдің компанияларына, қоғамдық ұйымдары мен жеке тұлғаларына жеке-жеке алғысымызды білдіре отырып, атқарған қайырымдылық шараларына тоқатала өтейік:

- 29.03.2020 ж. Түркияның «YDA Group»  компаниясы гуманитарлық көмек ретінде Қазақстанға 500 келі салмағында медициналық (1000 дана медициналық заттар мен 100 дана қызу өлшейтін термометр) заттар жеткізді.

- 03.04.2020 ж. Қазақстанның Түркиядағы елшілгінің ұйымдастыруы және «YDA Holding» пен «Doğanlar Holding» компанияларының демеушлігімен Түркияның 35 қаласынан 400-ге жуық қазақ студенті аранайы әуе рейсімен Қазақстанға эвакуацияланды.

- 06.04.2020-17.05.2020 ж. аралығында «BYT-Benim Yarim Türk» әлеуметтік желі платформасы 2600 отбасына азық-түлік үлестіріп, 2000 отбасына арналаған гуманитарлық көмекті Алматы қаласының әкімдігіне тапсырды.

- 06.04.2020 ж. Қазақстандық кәсіпкер Зиятдин Кассанов Түркия Президенті Р.Т. Ердоғанның бастамасымен ұйымдастырылған «Ұлттық бірлік акциясы» аясында түрік тарапына 100 000 түрік лирасы мөлшерінде қаржылай қайырымдылық жасады.

- 18.04.2020 ж.  «Nobel» фармацевтикалық компаниясы Түркиядан Қазақстанға 500 келі дәрі-дәрмек жіберді.

- 22.04.2020 ж. Қазақстанда қызмет атқаратын ТУКИБ ұйымы (Түрік-қазақ кәсіпкерлер одағы) 1500 отбасына азық-түлік үлестірді.

- 02.05.2020 ж. ТР-ның Дін істері бойынша басқармасының өкілдігі «Зекет» қорының ұйымдасытруымен өткізген «Нығметке толы 30 күн» акциясы аясында 80 отбасы мен 20 зағип жанға азық-түлік көмегін көрсетті.

- 09.05.2020 ж. «Coca-Cola İçecek» компаниясы медициналық мекемелерге 5000 литр сусын үлестіріп, 1000 отбасына азық-түлік көмегін көрсетті.

- 09.05.2020 ж. «The Coca-Cola Foundation» Қайрымдылы қоры «Қызыл Крест» пен «Қызыл жарты ай»  халықаралық қозғалысы арқылы короновирусқа қарсы дәрі-дәрмек алу және жағдайы төмен 4000 отбасына азық-түлік көмегін көрсету үшін 130 млн. теңге бөлген.

- 11.05.2020 ж. «Abdi İbrahim» компаниясы короновирусты емдеуге арналған 250 келі (100 000 хлорохин дәрісі, 7000 Ацетилцистеин препараты) салмағында дәрі-дәрмек партиясын жіберді.

- 15.05.2020ж. «ТИКА» агенттігі мен Түркияның Қазақстандағы елшілігі Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында 500 отбасына азық-түлік және антисептика заттарын үлестірді.

- 15.05.2020 ж. Шетел тілдері және карьера университетінің ректоры Сабри Хизметли өз есебінен 300 отбасына азық-түлік көмегін көрсетті.

Өз кезегінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанмен сұхбатында жоғарыда айтып өткен қолдауына өз ризашылығын білдірсе, ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді гуманитарлық көмек көрсеткен барлық ұйымдарға, кәсіпкерлерге, компания ұжымдарына, Түркиядағы құрметті консулдары мен өзге де азаматтарға алғысын жариялады.

ТЖ кезіндегі дипломаттардың мисиясы:

Төтенше жағдайда қызметтік жүктемелері мен жауапкершіліктері (бүкіл СІМ жүйесіндегідей) бірнеше рет есе арта түскен қазақ және түрік дипломаттары өз азаматтарына кешенді қолдау көрсетуде шешуші миссия атқарды. Әсіресе әуе рейстерінің тоқтауына байланысты транзиттік аймақта мүшкіл жағдайда қалып қойған яки де қаржылық жағдайына не болмаса денсаулығына байланысты елге қайту мүмкіндігінен қол үзіп қалған азаматтарды шұғыл түрде эвакуациялауда, екі ел арасында жасалған гуманитарлық көмектерді үйлестіруде, азаматтарға қарапайым моралдық қолдау мен білікті кеңес беруде зор қамқорлық танытқанын зор мақтаныш һәм құрметпен атап өтуіміз керек.

ТЖ кезінде бауырлас екі ел дипломаттарының азаматтарға жедел қолдау көрсетуде, эвакуациялауда, гуманитарлық көмектердің жеткізілуінде т.с.с  бірдей жанашырлық пен жоғарғы біліктілік танытқандары үшін олардың миссияларының маңызын бөліп жармай, тұтастай қарастырып, ұтымды тұстарын алға шығаруды құп көрдік:

  1. Дипломатиялық өкілдіктер бірінші кезекте өз азаматтарына тәулік бойы, демалыссыз және деркезінде сенімді ақпараттық қолдау (пандемиямен күреске қатысты ресми деректер, қауіпсіздік шаралары, шұғыл хабарлама, кері байланыс, ресми статистика т.б.) көрсетті.
  2. Жедел байланыс желілерін ұйымдастырып, «Кезекші дипломат қызметі» ұйымдастырылды.
  3. БАҚ, әлеуметтік желі мен байланыс құралдары мен платформалары барынша ұтымды қолданылды. Үздіксіз кері байланыс қадағаланды.
  4. Халықаралық және қалааралық әуе рейстерінің тоқтауына байланысты  транзиттік аймақта қалып қойған, елге қайту мүмкіндігінен қол үзіп қалған немесе дипломатиялық қамқорлыққа зәру азаматтар үшін арнайы әуе рейстері ұйымдастырылып, Түркиядан Қазақстанға 1800 азамат, ал Қазақстаннан Түркияға 500-ге жуық азамат эвакуацияланды.
  5. Азаматттарға қолдау көрсетуде жергілікті құрметті консулдар, кәсіпкерлер, комапниялар мен жеке тұлғалар жұмылдырылды.
  6. ТЖ кезінде экономикалық дипломатия тоқтаған жоқ. Инвесторлар мен кәсіпкерлерге құқықтық, ақпараттық қолдау көрсетілді.
  7. Екі елдің сыртқы істер министрліктері өз азаматтарымен қатар, көрші бауырлас елдердің азаматтарын да Қытайдағы вирус ошақтарынан шұғыл түрде эвакуациялануын қамтамасыз етті. Мысалы, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Қытайдан өз азаматарымен қоса қырғыз азаматтарын, ал Түркияның Сыртқы істер министрлігі Әзірбайжан азаматтарын эвакуациялады.
  8. Індетке қарсы күресте екі елдің арасында жасалған гуманитарлық көмектерді жеткізуде үйлестіруші/ұйымдастырушы қызмет атқарды.

Ал, екі елдің дипломатиялық миссияларының тікелей және жанама араласуымен ұйымдастырылған гуманитарлық көмектер серіктестік пен бауырластықтың риясыз нышанына айналды.

 

Қазақстанның гуманитарлық дипломатиясы:

Бұған дейін де Қазақстан Республикасы 2011 жылы  Ван апатына байланысты бауырлас ел Түркияға 5.065 тонна ет консервілерін, 12 тонна қарақұмық, 20 дана он адамдық қыстық шатыр, 20 дана қыстық пеш, 200 дана көрпе, 1 тонна шәй, 15 тонна макарон өнімдерінен тұратын гуманитралық көмек көрсеткен болатын.

Бұдан бөлек, Қазақстан көршілес елдерге гуманитарлық көмек көрсетуді негізі басымдық ретінде бағалайды. Мысалы, індетке қарсы күрес аясында Қырғызстан мен Тәжіктсанға  гуманитралық көмек ретінде 10000 тонна ұн (6 млн. доллар) жіберсе, Қытайға 13.6 тон медициналық заттар жөнелткен.

Сондай-ақ, падемияға қарсы күрес аясында Қазақстан Ауғанстанға да гуманитарлық көмек көрсетті.

Ал өткен жылдарда Антигуа мен Барбуда, Ауғанстан, Бангладеш, Қырғызстан, Молдава, Моңғолия, Мяньма, Пәкістан, Ресей, Сербия, Сирия, Жапония елдеріне көмектескен-ді.

Пандемия кезінде Қазақстан Түркиядан бөлек БАӘ-нен, Қытайдан, Үндістанан, Ресейден және Катардан гуманитарлық көмек қабылдалы.

Түркияның гуманитарлық дипломатиясы:  

Гуманитарлық дипломатия - Түркияның сыртқы саясатында ұстанатын  негізгі бағыты әрі концепциясы. Сондықтан да гуманитарлық көмек көрсетуде тек өз аймағында емес, сондай-ақ әлем елдері арасында да ерекше орын алады. Мысалы, 2018 жылы әлемнің көптеген елдеріне жалпы құны 8.399 млрд. доллар көлемінде гуманитарлық көмек көрсетуіне байланысты «Жаһандық гуманитарлық көмек көрсету есебі» (Global Humanitarian Assistance Report) бойынша «Ең жомарт мемлекет» ретінде мойындалған.

Ал 2020 жылдың мамыр айына дейін COVID-19 қатеріне байланысты гуманитарлық көмек үшін сұраныс білдірген 116 елдің 60-на көмек көрсеткен.

Аталған гуманитарлық көмек қайтарымсыз негізде аурухана салып беру, медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, тәжірибе бөлісу, медициналық аппарттар мен жабдықтар, дәрі-дәрмек, азық-түлік т.б. түрінде көрсетілген. Осылайша қазіргі кезде пандемияға қарсы күрес шеңберінде «ең көп гуманитралық көмек көрсеткен елдердің» алғашқы үштігіне енген.

Қорытынды:

Жалпы «гуманитарлық дипломатия» ұғымына «серіктес елдерге қолдау көрсетудің жалпы қабылданған тәжірибесі», «сыртқы саясаттың негізгі бағыттардың бірі» деген анықтама беріледі.

Десек те, біз бұл анықтаманың қазақ-түрік қатынастарының мазмұнын дәл ашпайтындығына, дұрысында гуманитарлық дипломатияның «бағыттан» бұрын «басымдық» немесе «сыртқы саясатта маңызды басымдық берілетін бағыттардың бірі» екендігіне және де «серіктестен» гөрі «бауырластық» ұғымына дәл келетіне назар аудармақпыз.

Өйткені, гуманитарлық дипломатия - Қазақстанның «2020-2030 жылдарға арналған Сыртқы саясат тұжырымдамасында» «маңызды басымдық» («денсаулық сақтау, оның ішінде эпидемиялар мен пандемияларға қарсы іс-қимыл мақсатында халықаралық ынтымақтастыққа атсалысу») деп сипатталған. Ал Түркияның сыртқы саясатта ұстанатын «Іскерлік және гуманитралық сыртқы саясат» (Girşimci ve İnsani Dış Politika) тұжырымы стратегиялық тереңдігі жағынан дербес доктриналық сипатқа ие.

Басқаша айтсақ, қазақ-түрік қатынастарында экономикалық не болмаса саяси мүддеге қарағанда бауырластық құндылықтар әрдайым басты назарда тұрған. Оның үстіне геосаяси және геоэкономикалық факторларды ескерсек өзара қатынастардың басқаша сценариде өрбуі мүмкін де емес-тін.

Пандемия дағдарысының алғашқы айында Италия-Германия-ЕО арасында тұтанған жанжал гуманитарлық дипломатия мен қазақ-түрік бауырластығының перспективасын ұғынуда нағыз «көрнекті құрал» бола алады. Бүгінде аталған жанжал біршама шешілгендей болып көрінгенімен, жанжалдың салдарынан тараптар арасында теріс пікір қалыптасып үлгергенін және бұл жанжалдан үшінші елдердің өз ұпайларын түгендеп шыққанын қаперімізден шығармау керек.

Қорыта айтқанда, серіктестіктің тек соңғы үш айдағы көрсеткіштері екі ел арасындағы бауырластың бірқатар елдер мен одақтарға үлгі боларлықтай деңгейде оң динамикамен дамып келе жатқанын айғақтайды.

Болжамымыз бойынша, бұл тенденция постпандемиялық кезеңде де «әлсіз» тұстарды жаңа мүмкіндіктерге айналдыру мен ортақ межені бағындыруда негізгі құндылық ретінде, ал интеграциялық процестерде негізгі котализатор ретінде өз миссиясын жалғастыра беретін болады.

Ал гуманитарлық дипломатияның екі елдің сыртқы саясатындағы стратегиялық басымдығы мен негізгі бағыттарының бірі ретінде тереңдей түсері анық.

 

Нұрғали Жүсіпбай

Пікірлер